Есте сақтауға арналған 7 тиімді тәсіл

0
1116

Оқу – жады мен есте сақтау процесімен байланысты ең маңызды адами дағдылардың бірі. Питер Браун, Генри Рёдигер және Марк Макдэниэл ақпаратты дұрыс есте сақтау тәсілдері жайлы «Барлығын есте сақтау» кітабын жазған.

Өз кезегімізде аталған кітапқа көз жүгіртіп, есте сақтауға арналған тиімді тәсілдер тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

1. Еске түсіру: жадымыздан іздейміз

Бұл әдісте есте сақтауға көмектесетін карточкалар тиімді. Олар карточкада бейнеленген суретпен байланысты ойлардың санаңызда қайта жаңғыруына ықпал етеді.

Еске түсіру белгілі ұғымдаға қатысты нейронды өткізгіш жолдарды нығайтатындықтан, аталған әдіс – өте ұтымды. Сонымен қатар ол тестілеу негізі болып саналады. Дәл осы себепті мектептегі емтихандар оқушылардың білімін бағалау әдісі ғана емес, оқыту құралу болуы тиіс.

2. Мән-маңызын түсіну: тың ойларды жиған білімімізбен байланыстырамыз
«Тың ақпаратты санаңызда бар біліммен байланыстыра білсеңіз, жаңа ақпаратты толық түсіне аласыз әрі еске түсіру де жеңіл түседі», — дейді кітап авторлары.
Мысалы, физика сабағында жылу берілісінің не екенін түсіну үшін, бұл ұғымды өмірлік тәжірибеңізбен байланыстырып көріңіз. Ыстық шай не кофе шынысын ұстағанда қолыңыздың жылынатынын еске алыңыз. Түсінуге жеңіл емес пе?

3. Кезектестіру: түрлі тапсырмаларды кезектестіреміз

Бір тақырыптан екіншісіне ауытқыған кезде, әлдебір затты зерттеу оңай түседі.
«Түрлі тапсырмаларды кезектестіре орындау араларындағы айырмашылығы мен ұқсастығын тануға мүмкіндік береді. Емтиханда не өмірде мәселенің дұрыс шешімін табу үшін түп-төркініне бойлау қажеттілігі туғанда, бұл әдістің көмегі зор болмақ», — деп түсіндіреді кітап авторлары.

4. Тың ой іздестіру: өздіңізден жауабын табу

Егер мәселенің шешімін, қандай да бір сұрақтың жауабын өзіңіз тапсаңыз, ол санаңызда сақталып қалады. Ал шешімін табу үшін әлдекімнің көмегіне жүгінсеңіз, нәтижесі мұншалық тиімді болмайды.
Егер сөз оқу жайлы болса, көкейіңізде туындаған сұрақтарға сабақ басталмас бұрын жауап беріп көріңіз. Ал жұмысыңызға қатысты болса, мәселенің шешімін басшыңызбен кездесер алдында ойластырып қойғаныңыз жөн.

5. Рефлексия: болған жайға баға береміз

Жиналыстың қалай өткендігін немесе жобаға байланысты жұмыс қалай жүріп жатқандығына баға беру үшін, бірнеше минут ой жүгіртіңіз. Өзіңізге «Барлығы жоспарға сай өтті ме?», «Нені жақсартуға болады?» тәрізді сұрақтар қойыңыз.
Гарвард бизнес мектебінің зерттеушілері жұмыс күнінің соңында байқағандарыңызды жазып қоюға бөлген 15 минут уақыт жұмыс өнімділігін 23%-ға арттыратынын аңғарған.

6. Мнемоникалық амалдар: еске түсіру үшін, амалдар қолданамыз

Қысқарту, ұйқастыру немесе суреттер арқылы әлденені есте сақтауға тырысқанымызда мнемоникалық амалдарды қолданамыз. Мнемотехникалар өздігінен оқу құралы бола алмайды. Бірақ олар оқығанымызды еске түсіруге жеңілдік беретін карталар мен кестелер құруға көмектеседі.

7. Сұрыптау: әлсіз тұстарымызды аңғарамыз

«Сұрыптау – жалған ойдан арылып, өзіндік пікіріңізді шындыққа жанастыру үшін нақты құралдарды қолдану», — дейді кітап авторлары.

Біз когнитивті иллюзияның құрбанына жиі айналатындықтан, бұл тармақ өте маңызды. Біз әлденені түсінгенімізге сенімді болғанымызбен, ақпаратты толық не мүлдем түсінбейміз. Өзіңіздің осал тұстарыңызды анықтау үшін, тест тапсырып көріңіз немесе сыныптасыңыздан пікір сұраңыз.

Басқа материалдар:

  1. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  2. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  3. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  4. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  5. SMM маманы деген кім?
  6. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  7. Есте сақтау қабілетін арттырудың 7 құпиясы
  8. Зейгарник эффектісі. Есте сақтауды қалай арттыруға болады?
  9. Математика формулаларын қалай тез есте сақтауға болады?
  10. Физика пәнінен формулаларды қалай есте сақтауға болады?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ