“Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)

0
3576
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— 6.4.2.2 Ұлы Жібек жолының халықаралық қатынастардың дамуындағы орнын анықтау;

Зерттеу сұрағы
Ұлы Жібек жолы халықаралық байланыстардың дамуына ықпал етті ме?

Оқулық
“Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны. 76–78 беттер.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 3-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Омарбеков Т. Ұлы Даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары. Алматы, 2015.

Тірек сөздер
— Жібек жолы
— Сауда
— Лазурит жолы
— Нефрит жолы

Көрнекілік
— Тарихи карта: “Қазақстан жерiндегi Ұлы жiбек жолы тармақтары”
— Тарихи суреттер: Ежелгi Тараз, Ұлы Жiбек жолы бойында табылған
археологиялық олжалар;
— Видеоматериал: “Ұлы Жiбек жолы” бейнефильмi.

Мақсатты айқындау
Оқушылардың “Ұлы Жiбек жолы” атауының мән-мағынасын түсiнiп алуларына мүмкiндiктер беру.

Мұнда бұл жолдар арнайы емес, ежелгi дәуiрден-ақ қазiргi Қазақстан аймағын мекендеген сақ, үйсiн, қаңлы тәрiздi тайпалардың өзара және басқа елдермен қарым-қатынастарында қалыптасқан байырғы соқпақтар негiзiнде жасалғанын, кейiнiректе Қытай тәрiздi алып империяның алыстағы алдыңғы Азия елдерiмен сауда-саттық және мәдени байланыстарының арта түсуiнiң осы жолды дамыта түсуге тiкелей ықпал жасағанын, бiртiндеп бұл жолдың көптеген елдер тағдырында шешушi рөл атқарғанын мұғалiм жан-жақты түсiндiредi.

Дамытушылық мақсаты — нақты археологиялық және жазбаша деректер  негiзiнде қазiргi Қазақстан жерiн мекендеген ежелгi халықтардың көптеген алыс-жақын елдермен байланыстарды нығайтуға о бастан-ақ ынталы болып, жаңа экономикалық деңгейге көтерiлуге ұмтылыстар жасап келгендерiн анықтап бередi.

Тәрбиелiк мақсаты — Ұлы Жiбек жолы бойындағы материалдық және рухани қазыналарымызбен таныстыру арқылы жас ұрпақты ата-бабаларымыздың
еңбекқорлық дәстүр салтында тәрбиелеуге көмектесу.

Сабақтың деректік материалдары
Сабақты түсiндiруде мұғалiмнiң Еуразия кеңiстiгiндегi орта ғасырлардағы әртүрлi елдер бейнеленген түрлi түстi оқу картасын пайдаланғаны жөн. Өткен сабақтардағы әртүрлi тайпалық бiрлестiктер мен қағанаттар туралы оқушылар бiлiмдерiн пайдалана отырып, оларға дейiн баратын сауда жолдарының тармақтарын анықтау қажет. Ұлы Жiбек жолының маңызы туралы деректіфильмнен үзiндiлер көрсетiп, оқушылардың тарихи санасын орта ғасырлар заманымен байланыстыру керек.

Олар сабақ материалдарын тыңдау барысында сауда жолдарының мұғалiм әңгiмелеп отырған замандарда жеке тайпаларды және халықтарды экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси және мәдени жағынан да байланыстырушы рөл атқарғанын айқын аңғарулары тиiс.

Осы сауда жолдары тармақтары ежелгi және орта ғасырлардағы Қазақстан аймақтарында отырықшылықтың және қала мәдениетiнiң жанжақты өркендеуiне жол ашқандығын оқушылар әртүрлi тарихи, түрлi түстi альбомдардан алынған археологиялық деректер негiзiнде айқын ұғынулары керек.

Сабақты пысықтау барысындағы аса маңызды мәселе — Қазақстан аймағындағы Ұлы Жiбек жолының басты тораптарының бағыттарын оқушылар естерiнде қалдыру екендiгiн ескере отырып, оқушыларды бiрнеше топқа бөлiнiп жұмыс жасауға жұмылдыруға тура келедi.

Бiрiншi топ. Ұлы Жiбек жолының ең басты және халықаралық екi тармақтарын жұмыс дәптерлерiне сызып көрсетедi. Олардың бiрiн тақтаға шақырып, жұмысты оқушылар алдында орындап шығуға мүмкiндiк беруге болады.

Екiншi топ. Сириядан Иран, Орта Азия, Оңтүстiк Қазақстан, Талас өзенi арқылы Шығыс Түркiстанға алып баратын жолды анықтаумен айналысады.

Үшiншi топ. Византиядан Дербентке дейiн барып, Каспий теңiзiн жағалай отырып, Маңғыстау арқылы Арал теңiзi жағалауындағы негiзгi жолға келiп қосылатын торапты жұмыс дәптерлерiнде көрсетедi. Төртiншi топ оқушылары Оңтүстiк Қазақстан мен Жетiсу арқылы өтетiн сауда жолы торабының Орталық және Шығыс Қазақстан аймақтарына апаратын бағыттарын анықтауға назар аударады.

Мұндайда әсiресе сауда жолының Отырар қаласынан шығып, Сарысу өзенiн бойлап Ұлытауға дейiн шығып кететiн “Сарысу жолын” және Тараз қаласынан Мойынқұм арқылы Бетпақдалаға, онан әрi Ертiс бойындағы қимақтарға аппаратын “Хан жолының” маңызы туралы айтуды ұмытпаған жөн. Сабақты пысықтау барысында оқушылар “Ұлы Жiбек жолының” бүкiл тарихын қамтитын жоспар жасап шығулары керек.

Әр топ өз тапсырмалары бойынша постер жасап, оны қорғау.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. Ұлы Жiбек жолы тораптарының пайда болу себептерi.
2. Б.з.д. II және б.з. ХIV ғасырлары аралығындағы әртүрлi тарихи
кезеңдердегi сауда және керуен жолдары атқарған маңызды мiндеттер.
3. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жiбек жолының негiзгi бағыттары.
4. Ұлы Жiбек жолының тарихи маңызы.

Кері байланыс
Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалімнің төмендегідей жоспарды тақтаға жазып қоюы оқушылардың
тапсырмаларды орындауын жеңілдетеді:

1. Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы;
2. Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы тарихи маңызы;
3. Ұлы Жібек жолының мәдениеттің өркендеуіне тигізген ықпалы;
4. Ұлы Жібек жолының шаруашылықтың дамуына тигізген әсері.

Қосымша тапсырма
1. Оқулық мәтiнiмен жұмыс. Берiлген сұрақтар мен тапсырмаларға жауап
беру;
2. Оқушылар жұмыс дәптерлерiне Ұлы Жiбек жолының бағыттарын толық
сызып, түсiрулерi керек.
3. Кестеге Ұлы Жiбек жолының хронологиялық негiзде өркендеуiн анықтап
көрсету керек.
4. “Мен — Ұлы Жiбек жолының бойындағы саудагермiн” (елшi, дiни
миссионер, ғалым және әншi-бишi, суретшi, т.б. шығармада елдi мекендер,
тауарлар, т.б. атаулары болуы керек) тарихи шығарма жазу.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ