Моғолстан мемлекетінің құрылуы, аумағы этникалық құрамы (сабақ жоспары)

0
2336
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— 6.3.1.6 — XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттерді білу, картаны қолдану арқылы саяси процестерді түсіндіру;

— 6.1.1.2 — XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттердің этноәлеуметтік құрылымын анықтау;

— 6.3.2.5 — тарихи оқиғалардың өзара байланысын анықтап, Қазақстан аумағында XIII-XV ғасырларда құрылған мемлекеттердің сыртқы саясатын түсіндіру.

Зерттеу сұрағы
Моғолстан мен Әбілқайыр мемлекеттеріндегі оқиғалар қандай өзгерістерге әкелді.

Оқулық
Моғолстан мемлекетінің құрылуы, аумағы, этникалық құрамы. 150–153 беттер.

Тірек сөздер

— Моғолстан
— моғолдар
— дулаттар
— Жетісу,
— Шығыс Түркістан,
— маңғылай-Сүбе
— ұлысбегі
— әмір Болатшы
— Тоғылық-Темір хан

Ресурстар
Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5 томдық. 2-том. Алматы. Атамұра. 2010. 77-170 бб.

Сабаққа дайындық 
Моғолстан мемлекетінің аумағы мен моғолдардың этникалық құрамын талдай отырып, оның Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу тарихындағы маңызын көрсету маңызды.

Ол үшін моғол атауның пайда болуын түсіндіре отырып, моғол деген жинақтаушы атаумен белгілі бұл этносаяси қауымдастықтың құрамына кірген ру-тайпаларды анықтап, олардың қазақ, қырғыз халықтарының қалыптасуындағы орны мен маңызын көрсетуге болады.

Сабаққа дайындық барысында Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегінен (2003 жылы И. Жеменейдің аудармасымен қазақ тілінде жарық көрген) Моғолстанның аумағы, халқы туралы үзінділер дайындауға болады.

Сабақтың деректі материалдары
Шағатай ұлысы, Моғолстан мемлекетінің аумағы көрсетілген карта, суреттер, кестелер, тарихи деректерден үзінділер берілген слайд.

Сабаққа әдістемелік нұсқау
Сабақтың түрін аралас сабақ түрінде өткізе отырып, интербелсенді сабақ (ойын түрлері; жеке және жұптық, топтық жұмыстар; сұрақтар қоюда ынталандыру) қолдану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Моғолстан, моғол атауларының пайда болуы “Алтын Орда” атауының пайда болуымен салыстырмалы түрде түсіндіруге болады.

Моғолстанның мемлекетінің құрылуы шағатай ұлысының ыдырауымен байланысты екендігін көрсете отырып, Моғолстанның өз ішінде ұсақ иеліктерге бөлінгендігін, олардың басым бөлігі көп жағдайда шағатайлық хандардың билігін мойындай бермегендігін көрсетіп өту маңызды.

Бұл, келесі сабақтарда Моғолстанның ішкі-сыртқы саясаты талдауда маңызды орын алады.

Сабақтың барысы
Моғолстан мемлекетінің құрылуының барысы мен себептерін Шағатай ұлысының ыдырауымен байланыстар отырып баяндайды. Осы арада, мұғалім оқушылардың өткен сабақтардан білімін тексеру үшін моңғол ұлыстары, шағатай ұлысына қатысты арнайы қысқаша лездеме сұрақтар қою арқылы сабақты белсенді бастауға мүмкіндік алады.

Одан әрі, Моғолстан, моғол атауының пайда болуы мен Моғолстан халқының этникалық құрамын талдай отырып, олардың ежелгі үйсін, қаңлы мемлекетерінен бері өмір сүріп келе жатқан жергілікті ру-тайпалар мен Шыңғыс хан шапқыншылығы
нәтижесінде қоныс аударған тұркі-моңғол тайпаларына құралғандығын атап
өтеді.

Осы арада дулат тайпасының ерекше статусына тоқталып, шын мәнінде Моғолстан дулат әмірлері билеген мемлекет ретінде құрылғандығын Едіге, Әмір Темір қызметімен салыстырмалы түрде талдап көрсетеді. Алғашқы моғол хандарының сыртқы саясаттағы басты бағыты бұрынғы Шағатай ұлысын біріктіру ұранымен жүргені, оның нәтижелеріне тоқталып өтеді.

Білімді бағалау мүмкіндіктері
Оқушылардың Моғолстан мемлекетінің құрылуын Шағатай ұлысының ыдырау себептерімен байланыстыра отырып түсіндіруі, моғолдардың этникалық құрамының қазақ халқының қалыптасуындағы орны мен маңызына баға бере алуы, Моғолстанның саяси және әкімшілік құрылымының ерекшеліктерін талдай білу мүмкіндіктеріне орай бағаланады.

Қосымша тапсырма
Моғолстан тарихындағы дулат әмірлерінің орны мен рөліне салыстырмалы талдау жаса.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

  1. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  2. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  3. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  4. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  5. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  6. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  7. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  8. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  9. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  10. Ертеортағасырлық сәулет ескерткіштері (сабақ жоспары)
  11. Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы (сабақ жоспары)
  12. Түркі-моңғолдардың Орталық Азия мен Қазақстан аумағына жорықтары. Отырар қорғанысы (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ