Неге Whatsapp беседалары ҰБТ-ға дайындыққа көмектеспейді?

0
712
Иллюстрация: Freepik.com

«Нөмір қалдырыңдаршы, бірге дайындалайық», «Ватсап беседа аштым, кім қосылады?» деген мазасыз пікірлер оқушылар жайлы «Жандарым-ай, қайтесіңдер баяны жоқ іспен айналысып?» деген ойға келтіреді екен.

Өзім де бір кезде ҰБТ тапсырған адам ретінде саны көп, сапасы жоқ беседалардың пайдасы жоқ екеніне анық көзім жеткен. Ендеше, ватсап-беседа неге көмектеспейді екен?

1. Жасанды сенімділік береді. «ҰБТ-ның бірінші күнгі сұрақтарын біліп аламын, келесі күні соларды жаттап барсам, қайтсем де жоғары балл аламын» деп ойлап, әрі, сен сияқты сондай беседаларда отыратын көп түлектерді көріп, жайланасың. «Еее, ешкім ҰБТ-ға дайындалмайды екен, осылай балл жинайды екен» деп тағы да өзіңнің дайындығыңды шектейсің. Осындай «барлығымен бірге болу» жасанды сенімділігін алып тастап, ҰБТ-ға шынымен шыңдап дайындалып, шынайы сенімділігіңді өсіргенің есті қадам емес пе?

2. Уақытыңды және жадыңды алады. Иә, жай ғана бір беседаға кіріп, 100 шақты хатты оқып шығу онсыз да ҰБТ-ға дайындыққа кетуі керек аз уақытыңды алады. Ал сен оны пайдасы жоқ іс-әрекетке құртып жатырсың немесе құртасың. Сонымен қоймай, сонда айтылған әңгімелер сенің уақытша есте сақтау жадыңа толып қалады да, жаңа ақпаратты құятын жер қалмайды. Саған осы керек пе?

3. Керек мәліметтерді басқа жерден де ала аласың. Мысалы, мұғалімдерің немесе сыныптастарың керек ақпараттармен онсыз да бөліседі. Ал беседаға шыққан нұсқалар басқа бір күні вк парақшаларында жүреді. Бірақ олардың құндылығы – аз. Мысалы мен өзім ҰБТ алдында қазақ әдебиетінен 129 сұрақ, Қазақстан тарихынан бір күн бұрын ҰБТ-да келген 300-дей сұрақ жаттадым. Келесі күні келді ме? Жоқ. Одан да демалып алуым керек едім деп ойладым да қойдым. Есесіне, оқулықтан оқып, жаттаған мәліметтерім мені ҰБТ-да алып шықты.

4. Күйгелектікке түсесің. Ондай беседаларда ҰБТ-ға дайындалмай, сосын аз уақыт қалғанда жанталасатындар отырады. Олардың уайымы, күйзелісі, жанталастығы саған да беріледі. Қобалжу пайда болады – бір ме? Екіншіден, ҰБТ-да әділетсіз балл алатындарды көріп, өзіңнің грантқа ілігітініңе сенімділік жоғала ма? Иә.

5. Енді бәрі бұрынғыдай болмайды. ҰБТ-ға телефон алып кіргісі келгендерді есіктен кіргізбей қайтару туралы ереже шыққан соң, телефонмен нұсқа түсіріп жіберетіндер де жоқтың қасы болуы тиіс(бұл енді менің болжамым). Ендеше, жай ғана қарапайым сен сияқты оқушы саған нұсқа жіберіп, қалай көместеседі? Сол нұсқаның өзі де көмектеспейді, шынына келгенде.

6. Ол жерде ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Курстар мен сыныптардың беседаларында барлығы бір-біріне көмектескісі келуі мүмкін, ал бұндай беседаларда тек өзіне керек ақпаратты алғысы келгендер отырады. Олар тіпті өздерінде бірдеңе болса, бөліспейді. Ойлашы, конкуренттеріңе дайын қаруды беріп қояр ма едің? Беруге емес, алуға бағытталған адамдардың беседасында әлдене ала аламын деп әлі де ойлайсың ба?

7. Оқулыққа ештеңе де жетпейді. Оқулықтарды ешқайда тастамай, таңертең оқып, кешке қайталап, ұйықтарда құшақтап ұйықтасаң ғана(шындық аралас қалжың) ҰБТ-да өте жоғары балға, түбінде, грантқа да жетесің. Ал осындай жасанды тәсілдермен жетістікке жетемін десең, жеңіліс табу ықтималдығың зор.

 Миыңды күт, оған керек емес ақпарат берме. Әсіресе, таңертең. Тәніңді күт. Телефонда көп отыра берме. Жаныңды күт. Күйгелек адамдардан аулақ бол. Өзіңді күт. Біз сенің ҰБТ-ны өз күшіңмен бағындыратыныңа сенеміз!

Басқа материалдар:
  1. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  2. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  3. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  4. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  5. SMM маманы деген кім?
  6. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  7. Есте сақтау қабілетін арттырудың 7 құпиясы
  8. Зейгарник эффектісі. Есте сақтауды қалай арттыруға болады?
  9. Математика формулаларын қалай тез есте сақтауға болады?
  10. Физика пәнінен формулаларды қалай есте сақтауға болады?
  11. ҰБТ-ға дайындалуға арналған тәсілдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ