Барлық істі артқа қалдыра беруді қалай қоюға болады?

0
258
Әлеуметтік желі

Көбіміздің прокрастинациямен айналысатынымыз айдан анық, тіпті арасында шұғыл жағдай туындаса да айналысуды жалғастырамыз. Бір оқулық оқуды қаншалықты ерте бастасақ та, кейде жанымыздағы адам бізден бұрын оқып біткен кездер де болады. Бізді ең көп прокрастинацияға ұшырататын – әлеуметтік желілер. Ендіше, басты қарсыласымыз – әлеуметтік желілерге байланысты бірнеше кеңестер ұсынбақшымын:

1. Хабарламалар келетін қоңыраушаны өшір!
Хабарламалар сенің уақытыңды сыйламайды. Сенің концентрацияңды ұрлайды. Дәл қазір телефонның жөндеу құрылғыларына кіріп, хабарламалар келетін әлеуметтік желілерді өшіріп тастағаның әлдеқайда жөн болмақ.

2. Телефонның басты бетінен әлеуметтік желіні алып таста!
Бір файл аш та, өзің қолдана бермейтін басқа қосымшалармен бірге әлеуметтік желілерді тығып қой. Кейін оны табатын кезде, табылуы өте қиын болуы керек. Немесе тек компьютермен ғана қолданып көр. Немесе оларға арнайы уақыт арна, мысалы, кино/нетфликс/ютуб көретін болсақ, уақыт керек болғандықтан, ойланып істейміз. Прокрастинацияңа да ютуб/кино сияқты арнайы уақыт арнап қой!

3. 1 айға челлендж жасап көр:
Телефоннан уақытыңды ең көп алатын әлеуметтік желіні өшір де, оны компьютерден бұғаттап таста. Диетадағы адамдар да, егер диетаға отырғысы келсе, барлық зиянды тамақ жеуді тоқтатады емес пе? Әлеуметтік желі сенің қымбат уақытыңды ұрлайтындай қылып емес, ол саған пайда әкелетіндей қылып жаса. ҰБТ дан жоғары балл алу саған көп пайда әкелері анық. Егер сен толық 30 күн әлеуметтік желі қолданбасаң, оның саған қатты маңызды емес екенін де түсінесің.

4. Ыңғайлы уақыт деген ұғымды жой!
Мысалы, сен керемет уақытыңды күтіп отырдың: міне, қазір сағат 19:00 болсын, сабақ оқимын деп ойлайсың да, сол уақытты күтіп отырып, кейін тағы сағатқа қарағанда сағаттың 19:24 болғанын көресің, сосын тағы 19:30 болғанда бірден кірісемін деп күтіп отырғаныңда, сол 6 минуттың 1-2 сағатқа қалай ұзап кеткенін байқамай қаласың. Осылай біраз уақытымыз босқа кетеді де, әрі қарай шаршап, ұйқымыз келеді. Не кеш болсын, не тым ерте болсын, не күннің ортасы болсын, қай уақыт болса да, оқуыңды тоқтатпа! Ыңғайлы уақыт пен ыңғайлы орын деген ұғымдардан арыл.

5. Іш пыстырарлық прокрастинациядан құтыл!
Іш пыстырарлық болу себебі, сен жай ғана әлеуметтік желіде бос уақыт өткізесің. Одан да, саған нағыз рахат әкелетін «көңілді» прокрастинациямен айналыс. Мысалы, паркке барып, достарыңмен қызықты уақыт өткізу, достарыңмен кино көру, қыдыру, боулинг ойнап,коньки тебу, т.б. тек әлеуметтік желіге қатысты болмаса болды. Оларды алдын-ала жоспарласаң, сен уақыт тығыз екенін сезінесің де, әдеттегіден тез әрі өнімді жұмыс істейсің.

6. Мини-прокрастинация жаса!
Бұл әдіс тура «Pomodoro» сияқты, алайда прокрастинацияға кеткен уақытты азайту керек. « 1 сағат сабақ оқысаң, прокрастинацияға 10 минут арнасаң да жеткілікті. Прокрастинация кестесін жасап, таймермен жұмыс істейтін болсақ, өнімділігіміз арта түседі. Сабақ оқу процесі алдында телефоныңды басқа жерге тастап кеткенің жөн.

Және де, интернетті бұғаттайтын сайттарды қолдансаң болады, ол үшін гугл қосымшасына «block site» деп терсең болды. Әрі қарай уақытыңды көп ұрлайтын әлеуметтік желіні өзің қалаған уақытқа бұғаттап таста.
Әлеуметтік желілер туралы кеңестер көмектеседі деген ойдамын. Енді, «прокрастинация» ұғымы туралы ғалымдардың тұжырымдарына, ашқан жаңалықтарына көшетін болсақ:

Прокрастинациялауды ойлап бара жатсаң, Чарльз Дахигг тәсілі бойынша байқап көр: егер сенің бойыңдағы әлеуметтік желілерге кіру деген ойың қатты мазалап бара жатса, ойыңды мүлде өзгерт: күнделік арнап, күнтізбедегі нақты қандай уақытта әлеуметтік желіге кіретініңді шамала. Прокрастинациялау туралы ағылшын профессорлары да студенттеріне тәжірибелер жасаған, олардың бірі – сенің прокрастинация жасаған сәттегі өзіңді кінәлі сезіну жақсы ма, әлде жаман ба? Ол тәжірибеге жүзден аса студент қатысып, соңында өзін кінәлі сезінбеген студенттер келесі жолы жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Бірақ, осылай екен деп, үнемі прокрастинациялай беру де жақсы емес. Прокрастинациялаумен айналысу жақсы да, жаман да емес, ең бастысы – оны өз пайдаңа шешу. Ғылыми түрдегі прокрастинациялауды жоятын «уақытша мотивацияға» көшетін болсақ:

Мотивация қаншалықты жоғары болса, сен соншалықты прокрастинация туралы ұмыта бастайсың. Астындағы суретті салуымыздың мәні жоқ емес, бұл суретте уақытша мотивацияның теориясы жазылған:

Motivation = Value*expectancy/impulsiveness*delay

Мотивация = құндылығы, бағасы*күтетін нәтижең / қызбалық*белгілі бір уақыт аралығы ( / — бөлу амалы).

Түсіндіре өтсек, Value (құны) – Егер сен ҰБТ-дан жақсы нәтижеге қол жеткізсең, сен алатын сыйлық не? Оның құны қандай? Мысалы, туыстарыңнан алатын байғазы, сен армандаған зат, немесе саяхаттау, қымбат гаджет, сен армандаған жұмыс орны, т.с.с. Олардың құны саған шабыт бермейді ме?

Күтетін нәтижең – жақсы нәтижеге жету үшін не қажет? Нәтижеге жету үшін анық қадам жасау. Кітапханадан керекті кітаптар алу, апта сайын балл қосып отыру, конспектілер жазып, күнделікті қайталау, т.с.с. Жақсы нәтиже қарқынды дайындықты қажет етеді.

Қызбалық – қызуқандылықпен істелетін әлеуметтік желілер, теледидар көру, т.с.с. зиянды әдеттер.

Белгілі бір уақыт аралығы(күту уақыты) – сенің ҰБТ-дан кейінгі алатын сыйлығыңды алуға қанша уақыт қажет? Сен нәтижеге қол жеткізе алуың үшін уақытты анықта. Ол уақыт аралығы әркімде әртүрлі болуы мүмкін, мысалы: бір оқушы дүние тарихынан 3 айда дайындалып үлгерсе, келесі бір оқушы 1 жылдың өзінде әрең оқып бітіруі мүмкін.

Демек, уақытша мотивация ҰБТ-дан кейінгі құнды заттар мен қарқынды дайындықтың көбейтіндісіне тең. Бірақ, осы көбейтінді, дайындығымызға кері әсер етуші факторларға – қызбалық пен күту уақытына бөлінеді. Теорияны дұрыс қолдану үшін қай жерде әлсіз екеніңді анықтап ал, егер, құндылық аз болса: армандаған жұмыс/саяхат немесе жай ғана жақсы университет күн сайын көз алдыңда тұратындай етіп, постер қылып іліп қой немесе телефонның бетіне түсқағаз ретінде қойып қой, т.с.с. Күтетін нәтижені арттыру үшін қарқынды дайындал, қадамдарыңды нақтылап қана қоймай, оларды жүзеге асыр.

Қызбалықты төмендету үшін әлеуметтік желілер туралы жоғарыдағы 6 кеңесті орындап көр. Күту уақыты үшін өзіңе тайм-менеджмент жаса, қанша уақытта жақсы нәтижеге жететініңді анықта. Тайм-менеджментті жай ғана жасап қоймай, қорытындылар шығарып отыр. Апта сайынғы байқау сынақтарының баллдарын қорытындыға қоссаң болады.

Қорытынды: біздің «өнімді» жұмыс істеуіміз прокрастинацияны жою немесе оны басқаруға байланысты емес. Ең дұрысы сен прокрастинацияға жиі ұшырайтын уақытты(түсте/кешке/таңертең) бақылап, 5-10 минуттық үзілістермен сабақ оқу, прокрастинацияның орнына пайдалы заттармен айналысу.

Прокрастинациямен күресіп, күшіңді тауысқанша, сен прокрастинацияға тәуелді емес, прокрастинация саған тәуелді қылып өзгерт. Арасында прокрастинациямен айналысып тұруды да ұмытпа!

Басқа материалдар:

  1. Математиканы түсінуге көмектесетін ТОП 7 кітап
  2. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  3. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  4. SMM маманы деген кім?
  5. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  6. Web-дизайнер деген кім?
  7. Таргетологтың қызметі қандай?
  8. Контекстолог деген кім
  9. Копирайтер деген қандай мамандық?
  10. Контекстолог деген кім?
  11. Оқушы мен студентке арналған ең пайдалы 10 қолданба
  12. ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетудің себебі қандай?
  13. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  14. Жетістікке жетелейтін 19 әдет
  15. Адам миы туралы қызықты 30 мәлімет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ