Сенің өміріңді бұзатын 5 психологиялық жарақат

0
1648

Көптеген психикалық бұзылулар, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құра алмау, тіпті физиологиямен байланысты аурулардың түпкі себебі балалық шақта болған жағымсыз оқиғалардан қалған психологиялық жарақаттарда болуы мүмкін.

Психологиялық жарақат — қатты күйзелісті бастан өткізгеннен жүректе қалатын дақ, адамға келтірілген физикалық не психологиялық зорлық-зомбылықтың нәтижесі. Ол адамның психикасын бұзып, психикалық, психосоматикалық ауруларға жеткізуі мүмкін.

Ең ауыр психологиялық жарақаттар балалық шақтан бастау алады және олар көп жағдайда отбасыдағы зорлық-зомбылықпен байланысты.

Зерттеулердің қорытындысы зорлық көрген балалардың келешекте үрей (тревога), депрессия, өзін-өзі төмендете бағалау, ПТСБ (посттравматикалық стресстік бұзылулар) синдромына, өз-өзіне қол жұмсауға бейімділікке душар болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ, психологиялық жарақаттың физикалық денсаулыққа да кері әсерін тигізетіні дәлелденді. Психожарақаттар келесі психосоматикалық ауруларға жеткізуі мүмкін: нейродермит, стенокардия, миокард инфарктісі, асқазан-ішек жолының жарасы және т.б.

Бұл жазбада ересек өмірде адамның қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына кері әсерін тигізетін 5 психологиялық жарақатпен танысамыз.

Егер сен психологиялық жарақаттардың бірін өзіңнен тапсаң, дереу білікті психотерапевттің көмегіне жүгінуің керек.

1. «Сенен зияннан басқа ештеңе күтуге болмайды!»
Сезім(-дер), жағдай: ҚОРЛАУ, КЕМСІТУ

Жалпы көрінісі: ата-ана баласын ашық түрде кемсітеді: қорлайды, түкке тұрғызыс бейбақсың деп атайды, мазақтайды. Мұны тек ашық түрде ғана емес, пассивті-агрессиялық формада да істеуі мүмкін: сарказм арқылы не қойылған адамға мүлде сәйкес келмейтін лақап ат қою арқылы және т.б. Мұндай қылықтарын ересектер «балаларына тәрбие беріп, ынталандырып жатырмыз» деп ақтап жатады.

Кемсітудің күнделікті өмірдегі мысалы: бала бар ынтасымен сурет салып, ата-анасына көрсетуге әкеледі. Ал ата-ананың тарапынан мақтау мен мақұлдаудың орнына «салған суретің онша емес», «сурет салып, босқа уақыт құртқанша, үйдің тірлігін істемедің бе?» дегенді естиді.

Қандай салдарлары бар: балалық шағында кемсітуді басынан өткізген адам неврозға шалдығады, ал бұл өз кезегінде «үздік оқушы» синдромына немесе перфекционизмге әкеп соқтырады. Барлығынан үздік болуға шамадан тыс ұмтылыс арқылы кемсітуді басынан өткізген адам бала кезінде ата-анасы бере алмаған махаббат пен сүйіспеншілікке іштей қол жеткізуге үміттенеді. Сонымен қатар, ата-ана тарапынан кемсітулер өз-өзіне сенімсіздік, жеңіліп қалу қорқынышы, енжарлыққа да жеткізуі мүмкін.

2. «Кейін көрейік (істейік, барайық және т.б), жақсы ма?»
Сезім(-дер), жағдай: ЕЛЕМЕУ, ЕСКЕРМЕУ, КӨҢІЛ БӨЛМЕУ

Жалпы көрінісі: баламен сөйлесудің орнына ата-ана оны қамтамасыз ету үшін бар уақытын жұмысқа арнайды. Бұл жағдайда «түсініктердің ауысуы» байқалады. Ата-ана балаға деген махаббатты беріп жатырмын деп оны тек жайлы жағдайларда ұстап, қамтамасыз етіп отырғанын меңзейді. Мұндай отбасы сырттан қарағанда берекелі болып көрінуі мүмкін: баланың қарны тоқ, киім-кешегі киюлі, қымбат ойыншықтармен ойнайды, түрлі дамыту орталықтарына барады, алайда бұның барлығы балаға бақыт әкелмейді.

Мұндай жағдайда бала өзінің мәселелерін ата-анасына айтуға тырысқанда оған ата-ана тарапынан: «Көрмейсің бе? Мен шаршап тұрмын! Мазамды ала бермеші!» деген жауаптарды естуі мүмкін. Баланың сөзін ешкім тыңдағысы келмейді, бала өзін бөтен адамдай сезінеді.

Қандай салдарлары бар: балада жалғыздық, сенбестік сезімдері пайда бола бастайды. Бұл сезімдерді бала алдағы өмірде де өзімен әкетеді. Ол қарым-қатынасқа түседі, бірақ кезінде ата-анасының оған азғантай болса да көңіл бөлмей, «тастап кеткенін» ұмыта алмайды. Мұндай эмоционалды «жүкпен» жүрген адам ұзақ уақыттық қарым-қатынастар құра алмайды.

Үйде балаға жеткілікті көңіл бөлінбейтіндіктен, онымен сөйлесуге ешкімнің не уақыты, не мұршасы жоқ болғандықтан, бала өзін қажетті сезінетін, оны бағалайтын ортаны сырттан іздеп бастайды.

Кейбіреуі жалғыздықтан құтылу үшін алкоголь немесе есірткі заттарын тұтынады, тәуелділік тудыратын онлайн ойындарға бас ұрады және т.б.

3. «Баланың болашағы үшін қайтсек те бірге тұруымыз керек!»
Сезім(-дер), жағдай: ӨЗ-ӨЗІН КІНӘЛАУ

Жалпы көрінісі: жұбайлар бір-бірін жек көреді, өзара сөйлеспейді, бірге бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейді, алайда бала үшін деп өз-өздерін мәжбүрлеп бірге өмір сүреді. Мұндай отбасыда тұратын бала ата-анасының арасындағы суық қарым-қатынасты байқап, келіспеушіліктерден туатын ұрыс-керісті көріп, бұның барлығына өзін кінәлай бастайды. Ата-ана балаға барынша білдіртпей бірге тұруы мүмкін, бірақ шиеленіс ұсақ-тұяқта білініп, ешқайда жоғалып кетпейді. Бала бұны іштей сезеді. Егер ата-ана баланың көзінше үнемі ұрысып, балаға не әкенің, не ананың жағына шығуға мәжбүр ететін болса, одан бетер кері әсерін тигізеді.

Қандай салдарлары бар: бала әлденеге ата-анасының үлгісімен үйренеді, ал егер ол үйде әкесі мен анасының бір-бірін сүймейтінін, өзара сөйлеспейтінін, суық қарым-қатынас ұстанатынын көрсе, өзі де не өзін, не басқаны сүюді, өз сезімдерін білдіруді үйрене алмайды. Мұндай адам эмоционалды тұрғыда жабық болады. Ол өзін басқаларға тек мәселе тудыратын адамдай сезінеді. Ал бұл өз кезегінде өз-өзіне қол жұмсау жайлы ойлардың тууына септеседі.

Мұндай тәжірибені бастан өткізген адамды өмір бойы кінә сезімі қысады. Ол ата-анасының өмірін құртқанына өзін кінәлап, егер «мен болмасам, олардың өмірі мүлдем басқаша болар ма еді» деп санауы мүмкін.

4. «Мамасының алтыны (құлыншағы, айы, күні және т.б.)»
Сезім(-дер), жағдай: ШЕКТЕН ТЫС ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТУ

Жалпы көрінісі: сырттан қарасаң, шектен тыс қамқорлық ата-ананың балаға деген шексіз махаббаты болып көрінуі мүмкін, бірақ мұндай қамқорлықтың артында баланы өзінен жібергісі келмеу, бала арқылы өзі орындай алмаған армандары мен мақсаттарын жүзеге асыру тұруы мүмкін.

Шектен тыс қамқорлық жағдайында өсетін бала отбасылық шешімдердің қабылдануына қатыспайды, оның орнына барлығын шешім қойған. Балаға қайтыс болу, жерлеу, ажырасу секілді маңызды отбасылық оқиғалар жайлы айтылмайды. Ал баланы жақын адамның жерлеуіне апармаса, бала жақын адамын жоғалту табиғи процесін бастан өткізуге мүмкіндігі болмайды.

Әлгіде ойын алаңында бес жасар қыздар мен олардан үлкен қыздардың қақтығысына көзім шалып қалды. Бір әже өз немересін үлкен қыздардың уысынан шығарып, құтқаруға асығу арқылы немересінде құрбан (жертва) позициясын қалыптастыруға септігін тигізіп жатты. Қандай да қиындықтар тумасын, ата-ана баласына қиындықтарды өзі еңсеріп үйренуіне мүмкіндік беруі керек. Баланың орнына шешпеуі керек!

Қандай салдарлары бар: шектен тыс қамқорлық көрсетілетін отбасыда бала өз-өзін, өзінің сезімдері мен қалауларын тыңдап үйрене алмайды, себебі ата-анасы оның орнына барлығын шешеді. Ол өзінің не қалайтынын білмейді.

Шектен тыс қамқорлықтың кесірінен адам жалтақ (несамостоятельный) болып өседі. Өзге адамдардың пікірлеріне тәуелді болады.

5. «Егер мен ұрып-соқпасам, адам болмайсың»
Сезім(-дер), жағдай: ФИЗИКАЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Жалпы көрінісі: біздің мәдениетте зорлық-зомбылық — нақты анықтамасы жоқ түсінік. Көп адамдар балаларды ұрып-соғу тәрбие берудің ажырамас бөлшегі есебінде санайды («аюға намаз үйреткен таяқ», «баланы ұрып тәрбиелесең, ешқашан ұмытпайды»). Біздің қоғамда баланы көк ала қойдай сабаған болсаң, оған физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен деп түсінеді, алайда баланың жеке шекарасын бұзуда кез келген әрекет (желкеден қойып қалу, құйрығынан ұру, белдікпен (ремень) сабау және т.б.) зорлық-зомбылық болып есептеледі.

Егер ата-ана мен баланың арасында жалғыз контакт тек ата-ананың баласын ұрып-соғуы кезінде орын алатын болса, балада немқұрайлы қарағаннан гөрі мені ұрып-соқсын деген байланыс пайда болады. Көп ата-аналар балалары әдейі жаман қылықтарға баратынына налады. Мүмкін, осылайша бала ата-анасының ұрып-соғу реакциясы түрінде назарын аудартып, оларды қарым-қатынасқа шақырып тұрған болар.

Қандай салдарлары бар: баланың өз денесімен қатынасы нашарлайды. Әбден қорқыныш сезіміне батып, тұрақты ішкі шиеленісте жүрген балаға босаңсу (расслабление) қиындық тудыратын болады.

Көп жағдайда егер үйде физикалық зорлық-зомбылық болса, бұл тәжірибе сыртта да жалғасады (мектепте): не баланы ұрады, не ол біреуді ұрады. Физикалық зорлық-зомбылық баланы өмір бойы бағынышты позицияда шешім қабылдап, әрекет етуге мәжбүрлеуі мүмкін.

Сонымен, бұл жазбада кең таралған 5 психологиялық жарақатпен танысып шықтық. Егер психологиялық жарақаттардың бірін өзіңнен тапсаң, кешіктірмей білікті психотерапевт маманның көмегіне жүгін.

Cөзіме сен, бұл өте маңызды. Бір психологиялық жарақат бүкіл өміріңді құрдымға жіберуі мүмкін. Психикалық денсаулығыңа қарап жүр!

Дереккөз: ҰБТ академиясы

Басқа материалдар:

  1. Атының өзі қызық 8 кітап
  2. Кітап таңдағанда ТОП-5 кеңес
  3. Тәрбиелі бала өсіру үшін ТОП-7 кітап
  4. SMM маманы деген кім?
  5. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  6. Web-дизайнер деген кім?
  7. Таргетологтың қызметі қандай?
  8. Контекстолог деген кім
  9. Копирайтер деген қандай мамандық?
  10. Контекстолог деген кім?
  11. Оқушы мен студентке арналған ең пайдалы 10 қолданба
  12. ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетудің себебі қандай?
  13. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  14. Жетістікке жетелейтін 19 әдет
  15. Адам миы туралы қызықты 30 мәлімет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ