Өсімдік ұлпалары

0
4522
Иллюстрация: Freepik.com

Ұлпа — шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметі ұқсас жасуша тобы.

Жоғары сатыдағы өсімдіктерде әдетте алты түрлі ұлпа кездеседі.

Түзуші ұлпа (меристема) жасушаларының қабықшалары жұқа, вакуольдері ұсақ болады. Сабақ және тамыр ұштарында (төбелік меристема), буын аралықтарында орналасады. Дамылсыз бөлініп, басқа ұлпаларға айналуы арқылы өсімдіктің ұзарып және жуандап өсуін қамтамасыз етеді.

Жабын ұлпа жасушалары бір-бірімен тығыз жанасқан. Өсімдікті сыртқы зақымданудан, кеуіп кетуден қорғайды. 3 түрі болады: өң, тоз, қыртыс (қабық). Өң жасушалары тірі және олардың арасында жанаспалы жасушалар (қызметі — газ алмасу) болады. Өңнің кейбір жасушалары ұзарып өсіп түкке айналады. Біртіндеп қабықшасы қалыңдап өң тозға айналады, тоз жасушалары өлі болады. Өсімдік жуандаған сайын тоз жаңа қабатпен қапталып тоздың орнын қыртыс басады. Қыртыс жасушалары да өлі болады.

Негізгі (қоректік фотосинтездеуші) ұлпа тірі жасушалар тобынан құралады. Өсімдік мүшелерінің негізін құрайды және әртүрлі қызметтерді атқарады. Мысалы: қор ұлпасы зат алмасу нәтижесінде түзілген көмірсу, нәруыз, майлардың артық мөлшерін қорға жинайды. Жапырақтың жұмсақ бөліміндегі хлорофилді жасушаларда фотосинтез үдерісі нәтижесінде органикалық заттар тұзіледі. Жасушааралық кеңістіктер болады. Бұл кеңістіктерде ауа немесе су жиналуы мүмкін.

Тірек ұлпасының жасушалары басында тірі болғанымен, өсе келе қабықшасы қалыңдап, цитоплазмасы кеуіп, өлі жасушаларға айналып, беріктігі артады. Өсімдіктің барлық мүшелеріне беріктік беріп, өсімдік қаңқасы болып саналады. Мысалы: жаңғақ, өрік сүйегі, алмұрт жемістерінің шырынды денесіндегі қиыршық жасушалар.

Өткізгіш ұлпа жасушаларының қабығы сүректенген қалың, өте көп ұсақ саңылаулары бар, сол арқылы ерітінді сүзіліп екінші жасушаға өтеді. Мысалы, сүзгілі түтік (флоэма) жасушалары органикалық заттарды тасымалдайды. Ұзынша түтікшелер (ксилема) су және минералды заттарды тасымалдайды. Бұлар бірлесіп түтікшелі-талшықты шоқтар түзеді.

Бөліп шығарушы ұлпа жасушаларының қабықшасы жұқа, өсімдік мүшелерінде шашыраңқы орналасады. Зат алмасу процесі нәтижесінде бөлінген заттар өсімдікті малға жем болудан, зиянды ұсақ ағзалардан сақтайды, бунақденелілерді еліктіреді. Мысалы: шайыр, сүт жолдары, эфир майы каналдары, шірнеліктер, безді түктер, жабысқақ түктер.

Басқа материалдар: 

  1. Гендік аурулар
  2. Биология пәнін таңдаған түлек қай саланы таңдай алады?
  3. Өсімдік жасушасының ерекшеліктері
  4. Генетикалық терминдер мен белгілер
  5. Мидың негізгі бөлімдері
  6. Адам миы туралы қызықты 30 мәлімет
  7. «10-3-2-1» формуласы: Түнгі ұйқың тыныш, күндіз ширақ болғың келсе…
  8. 5/25 ережесін тиімді қолданыңыз
  9. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  10. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  11. Оқушы мен студентке арналған ең пайдалы 10 қолданба

ПІКІР ҚАЛДЫРУ