Ерте ортағасырлық тас мүсіндер

0
1130
Иллюстрация: Freepik.com

Еуразияның далалық бөлігін мекендеген, ортағасырлық дәуір көшпелілерінің мәдениеті гүлдеген туы түркілердің монументалды өнерінде де байқалды.

Бәлкім, тап осы өнер жан-жағынан қоршаған отырықшы халықтың құндылықтары жүйесінен руханилығы мен дүниетанымын ерекшелендіруге ұмтылған көшпелінің көзқарасын айшықтай түсер беттер болар.

Орталық – Азиялық аймақтағы, оның қазақстандық бөлігіндегі ортағасырлық көшпелі өркениеттің тарихи-мәдени даму үрдісінің  өзіндік ерекшеліктер тән болды. Мерке ғибадатханасының материалдары Жетісу мен Қазақстанды тұтас алғанда ортағасырлық көшпелілердің ерекше мәдениеті болғанын аңғартады.

Мерке өзенінің жоғарғы ағысы бойында биік таулы альпілік шалғында салынған түркілердің ғұрыптық ескерткіштері олардың өзіндік ой-өрісін, уақыт пен кеңістіктегі өзінің орнын интеллектуалды игеруін көрсетеді.

Мерке өзенінің жоғарғы ағысы бойында жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижелері арқылы алынған материалдар бойынша, тас мүсіндер бар ғұрыптық ескерткіштер негізінен мүсіндердің иконографиялық типіне жақын (кейбір ғұрыптық, көнетүріктік тас мүсіндер қоршау және қабір басына, я белгілі оқиғаларға байланысты қойылатын плиталардан басқасы).

Ескерткіштердің шағын кеңістікке тығыз шоғырлануы, құрылысының типтік ұқсастығы тас мүсіндері бар барлық ғұрыптық ескерткіштерді бір комплекске – түркілердің Меркедегі ғибадатханалары деп біріктеруге себеп болды. Өзен, бұлақтардың жағалауында, сай-саланы жағалай орналасқан, кейде бір-бірінен бірнеше жүз метрдей аралықта орналасқан мүсіндері бар ғұрыптық конструкциялардың орналасуының топографиялық ерекшеліктері ескерткіштердің мәдени туыстығын және хронологиялық жақындығын байқатады.

Мысалы, топографиялық жағынан оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай Қоралассазы, Тоғансай, Жалаңаштың жартасы, Сулысай, Қарасай, Шольсай, Сандық секілді тұтас алғанда 3 кв. км-дей жердегі қорғандарда 33 тас мүсіндер орналасқан. Тас мүсіндері бар бұл жерді қасиетті жер деп айшықтау қажет деген ойға жетелейді. Ғибадатхананың ғұрыптық ескерткіштерінің тұтастығы түркілердің тағзым ету орны, ғұрыптық дәстүрлерді іске асыру орны ретінде қызмет еткеніне күдік келтірмейді.

Тас мүсінді ескерткіштер типі сыртқы түріне, мүсіндер санына, орналасқан жеріне қарай бөлінеді. Төрт мүсін Сұлусай 7 қорғанынан табылған. Үш-үштен мүсіні бар бес ескерткіш тіркелген екен. Он бір қорғаннан екіден тас мүсіндер табылған. Қос және одан көп мүсінді конструкциялардан бір еркек мүсіні, ал бір немесе бірнешеуі әйел мүсіні шыққан.

Сондай-ақ бір ескерткіштен екі еркек мүсіні, үш конструкциядан екіден әйел мүсіні шыққан. Қорғанның ортасына қойылған дара еркек мүсіні он ескерткіштен, ал 14 қорғаннан бір-бірден ғана мүсін табылған. Қаштасу 1, Мүйізді қора 2 (екі қорғаннан) қорғанынан диаметрі 6-дан 10-ға дейінгі, биіктігі 0,5-1,2 метрге дейінгі әйел мүсіні тік бұрышты құрылыс.

Тас мүсіннің беті шығысқа қаратылған. Бастапқы күйінде сақталған мүсінді ескерткіштер жиі кездеспейді. Қаштасу 1, Мүйізді қора 2 ескерткіштерінде ғұрыптық ритуалдың реконструкциясын зерттеуге мүмкіншілік бар. Шайсандық 1 обасы бастапқы қалпында сақталып, басқа типтегі ескерткіш болып табылады. Бұл да ортасына әйел мүсіні қойылған ескерткіш екен.

Мүсін шығысқа қаратылған Шөлсай 3 және Сандық 2 қорғандарындағы әйелдер мүсіні шығыс жақта қойылса, ал қорған ортасында тонаушылар үңгігендей шұңқыр бар. Мерке ғибадатханалары ескерткіштері дәстүріне ер мен әйел мүсіндерін қатар қою тән. Алайда ескерткіштер арасында қызықты жайт байқалады. Сүйіндік 1 және 2 қорғанында екі әйел мүсіні, ал Қоралассазы 2 ескерткішінде және Таяқсалды 1 ескерткішінде екі еркек мүсіні қатар қойылған.

Тұтас алғанда мүсіндер иконографиясында жалпы ұқсастық байқалмай қоймайды. Монументалді скульптураны барынша біріктіретін қарын тұсында жартылай бүгілген қолдағы ыдыс болып табылады. Ыдысы бар мүсіндер барлығы 39. Басқа мүсіндердің қолында ыдыс жоқ, бірақ дене бітімінің жоғарғы жағы бейнеленген. Мүсіндерді иконографиялық зерттеу, жеке портреттік сипаты айшықтай түседі.

Мүсіндегі адамның жынысын, бас киімін және қосымша аксессуарын бейнелейітн портреттік белгілерге орай мүсін типтерін бөліп қарастыруға болады. Ерлер бас киімі дөңгелек келеді, тақияны еске салады. Ғибадатхананың ескерткіштерінің хронологиясын айқындау мақсатында жекелеген конструкцияларға археологиялық зерттеу жүргізілді. Көне түркілік типке екі ескерткіш жатқызылды. Арал төбе 1 ғұрыптық комплексі төртбұрышты қоршаудан түзілген.

Әрбір қоршау ортасында диаметрі 0,2 – 0,3 метр, тереңдігі 0,2 метр болатындай шұңқыр бар. Батыс солтүстіктегі бөлікте, қоршауға жақын қорған асты конструкциялары салынған, олардың ортасындағы шұңқырлардан жануарлар сүйегі және жылқының ертұрманының үш металл бөлігі табылды. Солтүстік-батыстағы сыртқы жағындағы барлық қабырғалардың ортасына антиморфтық плиталар орнатылған.

Типологиялық жағынан зерттелген конструкциялар түркі жұрты таралған аймақтағы барлық жерден табылып, тарихи әдебиетте көне түркі ғұрыптық қоршауы деп аталатындармен сәйкес келетінді. Аралтөбе 1 қоршауының өзгеше ерекшелігі тізбелердің оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай созылып, антропоморфтық плиталардың солтүстік батыс жақта орналасуында және балбалдардың, яғни тас бағаналардың жоқтығында. Шольсай 3 қорғаны 1996 жылы тексеріліп, 2001 жылы зерттелген. Қорған диаметрі 10 м, биіктігі 0,8 м екі тас мүсін ортасында орналасқан тас үйінді болып табылады.

Мүсін гранитпен барельеф техникасы бойынша орындалған. Қазба жұмысына дейін үйінді үстінен мүсіннің тек қана басы көрініп тұрған. Мүсіндер бір-біріне жартылай қаратылып, ер кісі мүсінінің жүзі оңтүстік шығысқа, ал әйел мүсіннің жүзі солтүстік-батысқа қаратылып қойылған. Үйіндіні қазу кезінде көлбеу шұңқыр байқалған, өлшемі: 2,3 м диаметр, тереңдігі 1,4 м. Шұңқыр түбіне күл қабаты, қалыңдығы 0,1 м дейінгі, салынған. Солтүстік батыс бұрыштан, шұңқыр түбінде күміс түсті, киіз бе, тері ме, оралған түйіншек шыққан.

Ылғалдың молдығынан зат сақталмаған, мүсін иконографиясы кәдімгідей, екі мүсінде де қарын тұсында қолға кубок тәрізді ыдыс ұстатылған. Мүсіндердің түр-түсі бойынша айырмашылығы бар. Әйел мүсіні қара түсті қиыршықты граниттен, ал ер адамдікі тегіс түйіршікті қызыл граниттен жасалған.

Мүсіндер бағыты да байқалмай қоймайды. Ескерткіш түгел қалпына келтірілген, мүсіндер бастапқы қалпында орналастырылған. Мүйізді қора 2, қорған 1 және 2 ғұрыптық ескерткіштері қорғандық типтегі ғимарат болып табылады, бірақ үйіндінің шығыс жағынан жанама салынған тағы құрылысы бар. Екі ескерткіште де, жанама құрылыста да әйел мүсіндері табылған, олардың жүздері шығысқа қаратылған. Екі мүсінде барельеф техникасы қолданыла жасалған.

Кеуде тұстары дөңгелек формалы, щығыңқы болып келеді. Екеуінің де қарын тұсында, бүгілген қолдарына ыдыс ұстатылған. Қорған 1-ден шыққан мүсін қолындағы ыдыс кубок секілді, түбі жайпақ болып келеді. Мүсін қолдары айқын көрсетілген. Қорған 2-ден табылған мүсіннің алғашқыдан айырмасы: ыдыс аяғы бар кубок формалы, басында тақия тәріздес бас киімі көрінеді, кеудесі де білініп, бірақ ыдыстың төменгі жағында сопақшалау формалы қандай да бір белгі көрінеді.

Мүйізді қора 2 ескерткіші құрылысы бойынша үйінді жанындағы құрылысқа орналастырылған, жүзі шығысқа қаратылған әйел мүсіні бар Қашқасу 1 қорғанына ұқсас. Жоғарыда Мерке ғибадатханасы құрамындағы зерттеген әр типті қорғандарда бір ер, не бір әйел, екеуі қатар тұрған қорғандар бар екендігі белгілі. Сипатталған қорған үйінділерінде де ерекшеліктер бар.

Сонымен бірге бұл тас мүсіндерді бар қорғандарды біріктіретін белгілер де байқалған. Киелі белгілер ғибадатхананың ғұрыптық ескерткіштеріндегі әйелдің де еркектің де мүсініне тән. Оның үстіне кейбір жерлерден белге дейін жасалған, өзге артибуттары байқалмайтын, екі қолында ыдысы бар мүсіндер де кездескен. Тарихи әдебиетте, түркі ғұрыптық ескерткіштері туралы мәліметтерде, қимақтарда да үйіндінің шығыс жағынан қойылған тас мүсінді қорғандар бар екендігі айтылады.

Авторлар тастағы адамдар бейнесіне үстірттік тән екендігін ашқан, мүсіннің тек алдыңғы жағы ғана өңделген, артқы және екі жағы көбінесе өңделмей қала берген. Көбінесе бет әлпеті, кей жағдайда қолы мен дене бітімі бедерленген. Ерлермен қатар әйелдер мүсіндері де бедерленген, олардың кеудесі, қарны мен бөксесі көрсетілген. Жалпы алғанда өзінің стилистикалық жағынан қимақтар мүсіні ерте қыпшақтық мүсіндерге ұқсайды. Үйінді үстінде орнатылған тас мүсіндері бар қорғандардың оңтүстік орыс даласынан табылған половецтер ғибадатханаларымен де көптеген ұқсастықтары бар.

Меркедегі зерттелінген ғибадатханалар ескерткіштерінің сипатталған типі әдебиетте «мүсіндері терең шұңқырға түсірілген», половецтердің «жасырын ғибадатханасы» ретінде белгілі. Мұнымен қоса мүсіндер бірге көмілген қорғандар да ашылып, зерттелінген. Ескерткіштер – жасырын ғибадатханалар мерзімі, С. А. Плетнева пікірі бойынша, XI ғ. Бірінші жартысы және XIII ғ. басы болып белгіленген, ал үйіндіге орнатылған тас мүсіндер оны жасыруға ұмтылғандықтан деуге болады, бұл «половецтердің өз күшіне және шығыс еуропалық далалардағы болашағына сенбегендіктерін көрсетеді».

Орталық Қазақстанда зерттелінген және зерттеушілер мерзімін ХІІ ғ. деп белгілеген осыған ұқсас ескерткіштер қыпшақ ғибадатханаларының таралуы туралы мәліметті толықтыра түсті. Л.Н. Ермоленко «қыпшақ және половецтер ғибадатханасының жалпы мазмұнының бірегейлігін» мойындай отырып, осы типтес ескерткіштердің мерзімдік сипаты туралы пікірмен келіседі дейді Ермоленко. Тас мүсіндер қазылып алынған жерлеу ғимараттары Орал-Есім территориясына ХІІІ ғ. соңы – ХІV ғ. таралған және С.Г. Боталовтың пікірінше, «орнатылу жағдайына байланысты тас мүсіндер қызметінің өзгеруіне куә болады».

Тас мүсіндері бар қорғандардың генезисінің хронологиялық, мәдени мазмұнынан басқа жақтары бар. Тас үйінділерге, «жасырын ғибадатханалар» деп аталған қорғандарға, қарын тұсында екі қолына ыдыс ұстаған атрибутты тас мүсіндер қойылған. Бұл атрибут, басқа аксессуарларға қарамастан, мүсіндерде анық бейнеленген. Әдебиетте қабір басындағы немесе кеуделі мүсіндер деп аталған, адам денесі кеудесіне дейін ғана кескінделген, тас мүсіндердің келесі типі қолында да ыдыс бар.

Мерке ғибадатханасындағы қос мүсіндерге де осы сипат сай келетін секілді. С.Г. Федоров – Давыдов половецтердің арасында әйел мүсіндері де басым тас келіншектерінің шығу төркіні туралы мынадай пікір айтқан болатын: «тас мүсіндерге табыну, бәлкім, әйел құдайға табынуға байланысты болар, Низами қыпшақтардың алғашқы мүсіні әйелдердікі еді деп бұлыңғыр болса да хабар бермейді ме?».

Автор сондай-ақ, жауынгерді бейнелейтін ерлер мүсіні бар көне түріктік типке жататын ғұрыптық конструкциялар-қоршаулар мен половецтік мүсінді қорғандар, немесе мүсіндердің өзін көму арасындағы айырмашылық «… Жетісуда-ақ туған» деген ой тастаған. Соңғысына байланысты еске саларлық нәрсе, мәселені зерттеу, тас мүсіндері бар ғұрыптық дуалдар типтес ескерткіштерді жіктеу мәселесімен де тікелей байланысты.

Жамбыл облысындағы аңғарындағы, Жайсан даласында 2001 жылы жүргізілген дала жұмыстары барысында дуалдың шығыс жағынан қос қолымен ыдыс ұстаған тас мүсіндері бар дәстүрлі көне түркі ескерткіштерін ашқан. Сипатталған фактінің археологиялық әдебиетте Орталық Азияда көне түркілер мекендеген мәдениетінің ескерткіштері туралы қалыптасқан ойға қайшы келетініне басты назар аударған жөн. Мерке ғибадатханасын келіп көрген Ә.А. Новгородова «болашақта половецтердің мүсіндерінің бұдан да көне даналары табылып қалуы мүмкін, сонымен бірге половецтік «келіншек тастардың» қазақстандық прототипімен ұқсастары шығуы да мүмкін» деп көрсеткен.

Орталық Азиядағы көшпелілердің көне және ортағасырлық өнерінің білгірі, тамаша ғалым, ХХ ғ. 60-шы жылдары Жетісудың Қырғызстан мен Қазақстан мұражайларындағы тас мүсіндер коллекциясын талдауға өз еңбектері мен зерттеулерін арнаған Я. А. Шер, қос қолдап ұстаған ыдыстары бар мүсіндердің генезисі барынша ерте заманнан бастау алатынын алға тартқан.

Автор көнетүріктік мүсіндер типі мен қыпшақ-половец типті мүсіндердің мезгілдік үйлесімдігінің мүмкіндігін көрсеткен. Кейіндері бұл типті мүсіндер половецтік, монументтік өнерде өзінің шақықтау шегіне жетеді. Көне түркі және қыпшақ-половецтік екі мүсіндер типінің өзара хронологиялық айырмасын дөп басып білген Я.А. Шердің пікірін түркі көшпелі әлемінде екі типтің қатар өмір сүруін негіздеген Л.Н. Ермоленко да қуаттайды.

Тас мүсіндерді, олар орналасқан ғұрыптық конструкцияларды, әртүрлі типті ескерткіштер комплексін мәдени-хронологиялық жағынан талдауға арналған, түркі және т.б. тас мүсіндерінің семантикасына арналған әдебиеттер өте көп. Жеке мақалаларда берілген түркілердің монументтік өнері ескерткіштерін зерттеу мәселесінің тарихнамасы бұдан аз емес.

Дереккөз: ҚазҰУ, тарих және археология факультетінің дәрісі

Ұқсас материалдар: 

  1. Шығыс Еуропа көшпелілері: печенегтер, түріктер және қыпшақтар (Х–ХІІІ ғғ.)
  2. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  3. Сросткин және Чаатас VІ–ІХ ғғ. археологиялық мәдениеттері
  4. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  5. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  6. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  7. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  8. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  9. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  10. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  11. Қара теңіз және Азов жағалауларындағы ортағасырлық көшпелілердің археологиялық ескерткіштері
  12. Хазар қағанатының салтово-маяцк мәдениеті
  13. Кобадиан ерте ортағасырлық ескерткіштері
  14. Ерте ортағасырлық түркілердің жерлеу-ғұрыптық кешендері Орталық Азия археологиялық материалдары негізінде
  15. Енисей қырғыздары, ұйғыр және қимақ археологиялық мәдениеттері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ