Х–ХІІІ ғасырлардағы Еділ Болгарларының археологиялық ескерткіштері

0
810
Иллюстрация: Freepik.com

ҮІІ ғ. Еділдің ортанғы ағысы мен Каманың төменгі сағасында түрік тілдес тайпалық бірлестік болгарлар пайда болды. Олар Хазарлардың қысымынан Азов маңындағы мекендерін тастап келген болатын.

Еділдің бойына қоныстанған болгарлар жергілікті тайпалармен араласып дербес материалдық мәдениет құрды. Кейіннен осыжерде Еділ Болгариясы деп аталған ерте феодалдық мемлекет қалыптасты. Ортағасырлық Еуропаның мәдени орталықтарының біріне айналған ол қазіргі еділ халықтарының, әсіресе татар және чуваш ұлтының қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Болгарлар келгенше еділдің осы бөлігін егіншілікпен кәсіптенген горедецкі археологиялық мәдениетінің өкілдері мекендеген. Олармен көршілес жартылай көшпелі сарматтар да тіршілік кешті.

Болгарлар келгенге дейін жергілікті егіншілер мен жартылай көшпелі және көшпелі тайпалардың арасында алғашқы қауымдық қоғамның ыдырау процесі жүріп жатқан. Х ғ. орта тұсына дейін Еділ болгарлары Хазар қағандығына тәуелді болатын. Болашақ Болгар мемлекетінің қалыптасуына көптеген тайпалар қатысты. Археологиялық материалдарға қарағанда жаңа мемлекеттің құрамына ананин және пьянеборскі, гороцов мәдениеттерінің өкілдері мен Алан-сармат және болгар көшпелілері кірген.

Оның территориясы Каманың төменгі ағысы мен оның оң жағалауындағыЧувашиядан Еділдің оң жағалауындағы Самара иініне деиінгі жерлерді қамтыды. Еділ Болгариясын құрған тайпалар Х ғ. дейін бытыраңқы тіршілік кешіп, Хазар қағанатына бағынды. Уақыт өте болгарлар мен көшпелі тайпалар отырықшы тіршілікке көшіп, егін салып, қол өнерімен және сауда ісімен айналысты. Болгар, Сувар, Биляр, Ошель, Керменчук қалаларының ірге тасы осы кезде қаланды.

Халқаралық сауда жолының Еділ арқылы өтетін қиылысында орналасқан Болгар қаласы жедел дамыды. Болгар қаласы біздерге А.П. Смирновтың зерттеулері арқылы белгілі. Каманың сағасында орналасқан Ұлы Болгар қаласы археологиялық жағынан басқаларына қарағанда жақсы зерттелген.

Көне атауын осы күнге дейін сақтаған қаланың орнында бүгінде Болгар селосы тұр. Селоның маңындағы қалашықты қорғаныс дуалы мен ор қоршаған. Негізгі дуалдың оңтүстік шетінің сыртқы жағында жеке дуал мен ор қоршаған кіші қала жалғасып жатыр. Осы бөліктің ішкі жағында тастан қаланған түрлі құрылыс қалдықтары сақталған. Бұл жерде қаланың оңтүстік қақпасын қорғаған әскери күзет түрған казармалар болған деген пікір бар.

Қалашықтың төменгі мәдени қабаты Х-ХІ ғғ., ал жоғарғы қабаты ХІҮ ғ., яғни  моңғол дәуіріне жататындығы анықталды. Қала үйлері тастан қаланған және ағаштан тұрғызылған. Керамика құбырлардан жасалған су жүйелері де табылды. Сәулеткерлік ескерткіштердің кейбірі осы күнге дейін сақталған. Солардың қатарына екімонша, Қара палата деп аталатын мешіттің қалдығы және үш кесене жатады.

Ақ палата деген ат алған монша орта ғасырлық сәулеткерлік ескерткіштердің ерекше үлгісі ретінде аса маңызды. Көлемі 12Х12 м бұл ғимарат төрт бұрышты орталық және шеткі бөлмелерден тұрады. Тастан қаланған бассейін де осы жерде. Қалған бөлмелердің бірі шешінетін екіншісі демалатын орын. Ыстық және суық сулар көрші бөлмеден арнайы құбыр арқылы беріледі. Қаланың орталық бөлігінен тастан және ағаштан салынған тұрғын үйлердің орындары ашылды.

Мұнда жиі өткізіліп тұратын жәрменкеге Орыс, Хазар, Хорезім және Армян көпестері келетін. Қазба барысында Орыс, армян, грек келімсектері тұрған кварталдар табылған. Х – ХІ ғғ. Болған өзара қырқыс соғыстары барысында қала бірнеше дүркін тоналған. Ал ХІІ ғ. Болгардың астанасы Биляр қаласына ауысты. Сувар қаласы. Болгарияның көлемі жағынан үшінші қаласы болғандығы жайлы Х ХІҮ ғғ. Тарихи құжаттарынан белгілі. Ол Еділден 40 км жердегі кішкене өзеннің бойында орналасқан.

Қала құрылысы балшықтан жасалған кірпіштер мен бөренелерден тұрғызылған. Осындағы көлемі 7 х 7 м келетін үй ағаш еденнен және подвалдан тұрады. Шеткі қабырғаға жақын орналасқан пештің екі шетінен азық сақтаған үралар қазылған. Үйдің қабырғалары ағаш бұтақтарынан өріліп, екі шетінен сыланған.

Бөренелерден тұрғызылған үйлер де табылды. Қаланың орталық бөлігінде кезінде бірнеше дүркін қайта салынған үлкен сәулеткерлік кешен орналасқан. Бірнеше қосалқы құрылыстары мен мұнарасы бар, екі қабаттан тұратын төрт бұрышты ғимараттың орны көне сарайдың қалдығы болуы мүмкін. Оны кірпіштен қаланған қорғаныс қабырғасы қоршаған. Оның ішкі жағында орташа көлемдегі аула бар. Ауланы жағалай бастырмалар салынған.

Болгар қалаларын зерттеу негізгі үй құрылыстарының қауымдық таптық қоғамға дейінгі түрлерінің мемлекет қалыптасқанша қалай дамығындығын анықтауға мүмкіндік береді. Үйлердің бастапқы жергілікті түрі жертөлелер болғаны анықталды. Дияметірі 9 м шамасындағы сондай дөңгелек үйлердің жоғарғы жағы тастан қаланды. Үйдің ортасындағы тіреу шаңырақты ұстап тұрған. Қабырғаның ішкі жағын жағалай сәкі-төсектер орнатылған, ошақ сыртқа шығатын есіктің қасында.

Кейіннен жердің бетіне балшықтан және бөренелерден салынған үйлер қалалардың қалыптасуының бастамасы. Х ғ. бастапБолгар қалаларында кірпіш пен тастардан соғылған зәулім ғимараттар пайда болды. Олардың пайда болуы мемлекеттің қалыптасып, қала өмірінің көркейуімен ұласты.

Тас құрылыстардың екі түрі: қоғамдық ғимараттар монша, ақсүйек феодалдардың сарайы және қарапайым тұрғын үйлер. Еділ Болгариясы қалалары қол өнері мен сауданың ірі орталығына айналды. Болгар қалашықтарынан темір ұсталарының құралдары мен саймандары көп табылған. Табылған заттардың ішінде шойын қазан кездеседі. Металл қорытудың ең күрделі түрі шойын өндіру Болгар қалаларында ХІҮ ғ.

соңында игерілді. Металл өндіру мен темір ұсталығының дамуы шаруашылық құралдары мен қарудың жаңа түрлерінің дамуына жол салды. Ауыл шаруашылығы еңбек құралдарының жаңа түрлерімен жабдықталды. Балта мен кетпеннің түрлі мақсатта пайдаланылатын түрлері көбейді. Астық темір орақпен орылды.

Темірден жебенің ұштары, соғыс балталары, (айбалталар) жасалған. Жебенің жалпақ, үш қанатта, көп қанатты, айыр, ұнғасы қуыс және тұтас түрлері көп кездеседі. Археологиялық материалдар Болгар қалаларында қол өнерінің зергерлік, құмыра жасау, тас қашау секілді салалары жақсы дамығандығын көрсетеді. Қолдан үлкен қазандар, айна, түрлі әшекей бұйымдары мен аспалы құлыптар жасалды. Қола құлыптар әртүрлі жануарлар бейнесінде жасалып, сырты арапша жазулармен өрнектелген.

Сондай-ақ білезік, сақина, сырға, қапсырма секілді зергерлік бұйымдар да жиі кездеседі. Қыш ыдыстарды кәсіби құмырашылар мен қатар қарапайым тұрғындар да жасаса керек. өиткені қазбадан арнайы шарықта жасалған сапалы да әдемі ыдыстармен қатар қолдан жасалған өте тұрпайы бұйымдардың сынықтары да жиі кездеседі. Ыдыстары формасы мен қолдану аясына қарай әртүрлі. Олар құтылар, көзелер, түрлі құмғандар, қызыл-сары, сұр және қара түсті саптыаяқтар т.т.

Ыдыстардың сыртқы өрнегінен Орта Азия өнерінің ықпалы айқын байқалады. Балшықтан түрлі жануарлардың бейнесі мен қоңыраулар да жасалған. Су құбырлары, кірпіш және безендіру кірпіштері секілді құрылыс материалдары да балшықтан. Еділ Болгариясы Х ғ. бастап өзінің төл теңгесін соға бастаған. Сыртқы көрінісі жағынан олар араб дирхеміне өте ұқсас және жазулары да арабша.

Археологиялық мәліметтер Болгарлардың араб, Хорезім, орыс және армян княздарымен саяси және сауда қатынасында болғанын көрсетеді. Қазбалардан Византия мен Ираннан келген заттар да кездеседі. Қалалардың кең қанат жайғанына қарамай Болгар халқының басым көпшілік бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрып, егіншілікпен айналысты.

Болгарлық елді мекендер археологиялық тұрғыдан аз дерттелген. Жерлеу ескерткіштерінен көбіне әшекей бұйымдары табылады. Қабір басына қойылатын белгі тастарда өсиет сөздер жазылған. Жазба деректер мен археологиялық материалдар Еділ Болгар мемлекеті негізінен монғол шапқыншылығынан күйрегенін білдіреді.

Дереккөз: ҚазҰУ, тарих және археология факультетінің дәрісі

Ұқсас материалдар: 

  1. Шығыс Еуропа көшпелілері: печенегтер, түріктер және қыпшақтар (Х–ХІІІ ғғ.)
  2. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  3. Сросткин және Чаатас VІ–ІХ ғғ. археологиялық мәдениеттері
  4. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  5. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  6. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  7. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  8. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  9. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  10. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  11. Қара теңіз және Азов жағалауларындағы ортағасырлық көшпелілердің археологиялық ескерткіштері
  12. Хазар қағанатының салтово-маяцк мәдениеті
  13. Кобадиан ерте ортағасырлық ескерткіштері
  14. Ерте ортағасырлық түркілердің жерлеу-ғұрыптық кешендері Орталық Азия археологиялық материалдары негізінде
  15. Енисей қырғыздары, ұйғыр және қимақ археологиялық мәдениеттері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ