Хазар қағанатының салтово-маяцк мәдениеті

0
760
Иллюстрация: Freepik.com

Шығыс Еуропадан түрк бітіг жазуы ең алғаш 1989 жылы Донға жақын жердегі Маяцк қала жұртының орнынан табылған таста таңбаланған екен.

IX ғасырға жататын Салтова-Маяцк мәдениетіне тән бұл ескерткішті ең алғаш әуесқой археолог Д.М. Струков тапқан. Дондағы көне түрк жазуына 21 ескерткіш қамтылған. Алғаш бұл жазуларды Д.М. Струков, Н.Е. Макаренко, М.И. Ар-таманов, Г.Ф. Турчанинов, С.А. Плетнева, Г.Е. Афанасьев және И.Л. Қызыласов зерттеген болатын.

Сондай-ақ бұл зерттеушілерден басқа А.Н.Бернштам, А.М. Щербак, С.А. Байшоров секілді атақты ғалымдарда жазудың құпиясын ашып, ғылыми айналымға енгізген. Мұндағы жазулардың басым көпшіліг қыш ыдыстар мен қамал қабырғаларына және тастарға жазылған.

Дон жазба ескерткіштеріне Маяцк жазуы, б.з. IX ғ, Сальск-царыцин жазуы, б.з. VIII ғ, Кривянск жазуы, б.з. VIII ғ, Кермен-Толға жазуы, б.з. VIII-X ғғ. жатады.

1983 жылы Билярск қала жұрты орнынан XII ғасырға жататын бұлғар керамикасында түрк жазуы таңбаланған. Керамика шикі саздан жасалған, оған жазуды өткір затпен ойып жазған. Шикі саздан жасалған ыдыстың тұтқасына жазылған жазу аты таңбадан құралған. А.Ф. Кочкина бұл жазуды солтүстіккавказ аймағын мекен еткен Еділ Бұлғарларының көне түрк жазуы деген шешімді пікірін айтты.

Х.Р. Курбатовтың оқуынша мұнда «ачуткан» яғни кәдімгі қазақтың қала берді барлық түрк халықтарының «ашыту» деген сөзі болып шығады. Ыдыс тұтқасына жазылған «ашытқы» сөзі қандай да бір тағамды ашытуға арналған ыдыс екендігін көрсетеді. И.Л. Кызласовтың пікірінше мұндағы жазу үлгісі кубандық жазу нұсқасымен байланысты болса керек дейді.

Археологтар мен лингвист ғалымдардың пікірінше Еділ Бұлғар дәуіріндегі жазуларды дәстүрлі үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.

  1. Ертебұлғар кезеңі. б.з. VIII-X ғғ.
  2. моңғол шапқыншылығына дейінгі кезең. б.з. Х-XIII ғғ.
  3. алтын орда кезеңі. XIII ғ.

    Дунай ескерткіштері. 1799 жылы Торонтал ауданына қарасты Надь-Сент-Миклош қыстағының жанындағы Ароника өзенінің тұсында 1,5 м болатын шұңқыр аузынан алтын көмбе табылды.Мұндағы әртүрлі ыдыстар темір қалыпқа салынған екен. Көмбе құрамында жеті құмыра, екі тостаған, екі бокал, екі шағын ыдыс және мүйіз бар. Ыдыстар әртүрлі жазулармен әсемделген, оюланған, аң аулау сәттері рельефті түрде бейнеленген және фантастикалық жануарлар бейнесімен өрнектелген. Ыдыстардың кейбір бөлігінде шығысеуропа түрк жазуы мен грек әріптері таңбаланған. Қортындылай келгенде түрк жазба ескерткіштерінің таралу кеңістігі өздерінің тарихи мекен еткен Енисей, Орхон, Селенгі, өзендерінің бойы, Минусинск ойпаты, Алтай өңірі, Қазіргі Тува, Краснояр, Қазақстанның Талас, Жетісу, Сыр өңірлерін қамтиды. Яғни Шығысы Хангай, Сары өзеннен, батысы – Қара теңізге, Оңтүстігі – Қытайдың Аққорғанынан, Теріскейі – Байкалға дейінгі аралықтағы байтақ аймақты алып жатыр.

Дереккөз: ҚазҰУ, тарих және археология факультетінің дәрісі

Ұқсас материалдар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ