Мейірімділік (сабақ жоспары)

0
1644
Freepik.com

Түйіндеме: Балаларға мейірімділік туралы түсінік беру. Қамқорлық жасауға баулу.

Формирование у детей понятие о доброте. Приучение к проявлению
заботы.

Formation among children notion of kindness.Training to exercise concern.

Тірек сөздер: мейірімділік, қамқор болу, эмоция.

Мақсаты: Қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Қамқорлық жасауға жетелеу.

Тәрбиелік: Эмоциясын білдіре білуге тәрбиелеу.

Дамытушылық: Жанашырлық мейірімділік сезімдерін дамыту.

Білімділік: Адамға жақсылық жасау туралы білімдерін бекітуді жалғастыру.

Көрнекілігі: Сиқырлы таяқша, сары тауықтың, балапандардың суреттері, доп, мультфильм, графа проектор.

Тәрбиеші: Сәлеметсіңдерме, балалар! Мен сендерді көргеніме қуаныштымын. Сендер сондай сұлу, сондай әдемісіңдер, ал көңіл- күйлерің қалай екен? Мен бүгін керемет көңіл күйдемін. Сол көңіл-күйімді сендерге де сыйлағым келіп тұр. Сендерде менімен бірге жандарыңдағы достарыңа қарап, әсем де әдемі күлкілеріңді сыйлаңдар.

«Күлкіңді көршіңе сыйла» жаттығуы. Балалар бір-біріне қарап күлімсірейді.

Тәрбиеші: – Көңілі көтерілмей қалған балалар болса мен сиқырлы таяқшаммен көңілін
көтерейін. (Тәрбиеші жанатын таяқшаны әр баланың жанына апарып жағады).

– Балалар, бір-біріңнің көңіл-күйлерің арқылы не сездіңдер?

Балалардың жауабы
Барлығы бірге:

Кел, балалар,күлейік!
Күлкіменен түлейік.
Қабақ түйген не керек
Көңілді боп жүрейік.
Кел, балалар, күлейік!
Күлкіменен түлейік.
Күлкі көңіл ашады
Күліп өмір сүрейік.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар! Балалар, біздің ақылды, деніміз сау болып өсуіміз үшін күлкінің пайдасы көп. Күлкі арқылы біз бір- бірімізге деген мейірімділігімізді де білдіре аламыз.

Әңгімелесу
Балалар, қалай ойлайсыңдар, мейірімділікті тағы қалай көрсетуге болады?
— Өздеріңе мейірімділік көрсеткен кезде қандай сезімде болдыңдар?
Қазір мен сендерге бір әңгіме оқып беремін, ал сендер мұқият тыңдайсыңдар, келістік пе?

Мәтінмен жұмыс
М.Төрежанов. «Сары тауық пен балапандары»

Күздің бір күні сары тауық балапандарын ертіп, ауылдан ұзап кеткен. Аяқ астынан жаңбыр құйып кетті. Суық жаңбырдың астында қалған сары тауық балапандарын қанша асықса да мекеніне жеткізе алатын емес.

Өйткені балапандарының жылы жүні әлі шықпаған балғын жас еді. Сары тауық қатты састы. Шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басты. Бір балапаны сыймай сыртта қалды. Ана айла жасап, балапандарын кезектестіріп бір-бірден тыста ұстап, тоңа бастағанда бауырына алып отырды. Кезек ең кенжесіне келгенде ана оны сыртқа шығармады.
— Оны неге шығармайсыз?- деп сұрады бір ақ балапан.
— Ол тым жас.
— Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.
— Сырқаттанып қалады. Кішімізге өзгеміз қамқоршы болуымыз керек емес пе? Кәне, мұның орнына кім барады? — деп сұрады анасы.
— Мен, — деді тұңғышы.
— Мен барайын. -деді оған тетелесі.
— Кезекті маған беріңіз! – деді одан кішісі.
— Мен қалам ба сонда? -деді алғашқы қарсылық білдірген балапан.
— Қатесін түсінген сенің барғаның жөн! — деді сары тауық балапанды тысқа қарай ысырып.
— Сары тауық су өтіп қатты жаурады. Бірақ балапандарын тоңдырған жоқ. Балаға деген ыстық махаббатымен жылытып, сақтап қалды. Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады.

Пікірлесу
— Сары тауық өз балпандарын қандай жақсы қасиеттерге баулыды?
— Сары тауық өз аналық мейірімін қалай көрсете білді?
— «Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?
— Сендер біреуге мейірімділік танытқан кезде қандай сезімге бөлендіңдер?

Ойын жаттығу «Жылы сөздер»
Тәрбиеші ортаға тұрып жылы сөз айтып балаға доп лақтырады. Бала жылы сөз айтып допты жүргізушіге қайтарады. Барлық бала допты алып болғанша ойын жалғасады.

Тәрбиеші: – Мейірімді отбасы дегенді қалай түсінесіңдер?
Балалардың жауабы

Тәрбиеші: – Ата аналарың, ата-әжелерің сендерге өз мейірімділігін қалай көрсетеді? Үйде сендерді ең көп еркелететін кім?
Балалардың жауабы

Ойын «Мені еркелет»
Тәрбиеші: – Балалар, сендерді үйде ата-аналарың көп еркелетеді екен, солай емес пе? Ал біз бүгін ата-аналарымызды еркелетіп көрейікші. Олай болса қонақтарға қарап ішінде ең көңілсіз отырған ата-ананы ортаға шақырып еркелетейік.
«Еркелеген» ата-анамен ой бөлісу.

Тәрбиеші: – Жарайсыңдар! Рахмет! Балалар, сендер қонаққа барарда киінуге кім көмектеседі?
Балалар: – Ата-аналарымыз!
Тәрбиеші: – Ата-аналарымыз бізді үлкен мейірімділікпен киіндіреді, солай емес пе?
Сергіту. Нүктелі массаж жиынтығы.
Көңілді музыка ойналады. Балалар жаттығу жасайды.

Тәрбиеші: – Қонаққа барарда әдемі көйлегімізді кигізіп, түймелерін қадайды, анамыз әр қимылымен бізді сипап, еркелетіп киіндіреді, моншақтарымызды, сырғамызды, көбелектерімізді қадап жатып мойнымызды, құлағымызды қытықтап еркелетеді т.б. Міне, ата-анамыз бізді үлкен мейірімділікпен қонаққа баруға дайындайды екен.
(Балалар саусақтарымен денесінің барлық жерлеріне киінумен қатар нүктелі массаждар жасайды.) Енді, айнаның алдына барып оңды-солды бұрылып қарап шығайық. Біз қандай сұлумыз. Бұның сыры мейірімділікте.

Тәрбиеші: – Мейірімділікті ата-анамыздан басқа кімге білдіруге болады?
Балалар: – ата- әжелерімізге, достарымызға, итімізге, мысығымызға т.б.

Тәрбиеші: – Мен сендерді өте мейірімді бота туралы мультфильм көруге шақырамын.

«Ақ бота» мультфильмі
Тәрбиеші: мультфильм не туралы болды, тышқан неге таң қалды? Қасқыр неге ботаны жемей, үйіне қайтарды? Балалардың жауабы.

Тәрбиеші:– Алтындарым менің, сендер бүгін өздеріңнің ақылды, мейірімді екендеріңді
көрсеттіңдер. Бүгінгі кездесуімізді әдеттегідей жүректен-жүрекке жаттығуымен аяқтайық.

— Күлімдеген күн мейірімді!
— Кіршіксіз ақ қар мейірімді!
— Таза мөлдір су мейірімді!
— Бәрімізді көтеріп тұрған жер мейірімді!

— Аяулы анам мейірімді!
— Қадірлі әкем мейірімді!
— Әлпештеген әжем мейірімді!
— Еркелеткен атам мейірімді!

— Жылы жүзді тәрбиешім мейірімді!
— Тату-тәтті достарым мейірімді!
– Жарайсыңдар, менің кішкентай достарым, міне бүгінгі кездесуіміз осымен аяқталды. Әрқашан мейірімді болып жүріңдер. Келесі кездескенше сау болыңдар!

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар: 

  1. Жұлдызды жұп (балабақша сайысы)
  2. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  3. Жаңа Жылға арналған ертеңгілік : «Ертегі әлемі»
  4. «Қош келдің, Жаңа жыл!» тақырыбында ертеңгілік
  5. «Жаңа бақыт — жаңа жыл!» балабақшадағы кеш сценариі
  6. «Наурыз – думан!» (Мерекелік ертеңгіліктің сценарийі)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ