XV ғасырдағы Моғолстан (сабақ жоспары)

0
1002
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттерді білу, картаны қолдану
арқылы саяси процестерді түсіндіру;
— XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттердің этноәлеуметтік құрылымын анықтау;
— тарихи оқиғалардың өзара байланысын анықтап, Қазақстан
аумағында XIII-XV ғасырларда құрылған мемлекеттердің сыртқы саясатын түсіндіру.

Зерттеу сұрағы
Моғолстан мен Әбілқайыр мемлекеттеріндегі оқиғалар қандай өзгерістерге әкелді?

Оқулық
XV ғасырдағы Моғолстан. 157–159 беттер.

Тірек сөздер

— Уәйіс хан
— Есенбұға хан
— Жүніс хан
— ойраттар
— Темір ұрпақтары
— Алаша хан

Ресурстар
Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5 томдық. 2-том.  Алматы. Атамұра.2010. 77-170 бб.

Сабаққа дайындық
XV ғасыр бойындағы Моғолстанның ішкі-сыртқы саяси дамуын көрсету үшін дулат әмірі Хұдайдаттың қызметіне, моғол билеушілерінің Әмір Темір ұрпақтарымен қарым-қатынастарының сипатын ашатын ақпаратты оқушыларға ұғынықты тілмен жеткізуге ұмытылу қажет.

Есенбұға ханның саясатын талдай отырып, оның ішкі-сыртқы саясатта ұстанған бағытына қатысты фактілерді талдау болашақ Қазақ хандығының құрылуына қолайлы алғышарттар қалыптастырғанын (ағасы Жүніске қарсы күресте Керей мен
Жәнібек сұлтандарды пайдалану) көрсетуге бағытталады.

Сабақтың деректі материалдары
Шағайтай ұлысы, Әмір Темір мемлекетінің аумағы көрсетілген карта, Әмір Темірдің және т.б. суреттер, кестелер, бейне ролик.

Сабаққа әдістемелік нұсқау
Сабақты аралас түрінде ұйымдастыра отырып, пікір алмасу, баяндау, ой бөлісу, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін арттыру әдістерін пайдалану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Есенбұға ханның ішкі саясатын талдағанда Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірінен нақты мысалдар келтіру арқылы (дулат әмірлерінің билігін шектеу) көрсетуге болады.

Сонымен бірге Сұлтан Ахмед ханның “Алаша” хан атануы туралы мәліметке орай, қазақ тарихындағы жалпы Алаша хан және оның халқымыздың тарихи жадындағы орны мен рөліне баға бере кету маңызды.

Сабақтың барысы
Моғолстанның XV ғасырдың басындағы саяси дамуы, әмір Хұдайдаттың қызметі баяндалады. Одан әрі Уәйіс хан тұсындағы ойрат (жоңғар, қалмақ) шапқыншылығының күшеюі оның себептері талданады.

Оқушыларға осы кезеңнен бастап кейінгі қазақ тарихындағы жоңғар факторының Моғолстан кезеңінен бері күшейіп келе жатқандығын түсіндіріп өтеді. Одан әрі Есенбұға ханның билікке келуі, оның ішкі-сыртқы саясаты талданады. Ағасы Жүніс
ханды Әмір Темір ұрпақтарының қолдаудағы мақсатын айқындайды.

Осы күрделі тарихи оқиғалардың болашақ Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан
қолдау табуына себеп болғандығын атап өтеді.

Моғолстан мемлекетінің ыдырауын көрсете отырып, оның орнына Шығыс Түркістан аймағында ғана сақталып қалған Моғолия мемлекеті туралы айта келе, аталған мемлекеттен кейін Қазақ хандығының сыртқы саясатында өзіндік орны болатындығына тоқталып өту керек.

Білімді бағалу мүмкіндіктері
Мұғалім оқушыларды үш топқа бөліп, “Он сұрақ!”, “Лездеме!” әдістері бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беру арқылы сабақты түйіндейді.

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, басқа оқушылардың жауаптарын толықтаруы, мұғалімге сұрақтар қоюына байланысты бағалайды.

Қосымша тапсырма
Моғолстанның ішкі саяси жағдайы мен Әмір Темір ұрпақтарымен байланыстарының сипаты туралы қорытынды жасаңдар.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

  1. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  2. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  3. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  4. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  5. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  6. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  7. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  8. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  9. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  10. Ертеортағасырлық сәулет ескерткіштері (сабақ жоспары)
  11. Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы (сабақ жоспары)
  12. Түркі-моңғолдардың Орталық Азия мен Қазақстан аумағына жорықтары. Отырар қорғанысы (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ