XVIII ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларындағы тарихи оқиғалар (сабақ жоспары)

0
9830

Сабақтың мақсаты
– халық ауыз әдебиеті мен музыка өнері туындыларының тарихи дереккөзі ретінде құндылығын бағалау;

Зерттеу сұрағы
XVIII ғасырда ақын-жыраулар шығармаларында тарихи оқиғалар қалай көрініс тапты?

Оқулық
XVIII ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларындағы тарихи оқиғалар. 54–57 беттер.

Тірек сөздер. Батырлық жырлар, жорық жырлары, жорық ақындары, ауыз әдебиеті, жырау.

Ресурстар
Қазақтың халық творчествосы. – Алматы: Ғылым, 1989. – 416 б.
Бабалар сөзі. 100 томдық. Астана, Фолиант, 2011 – 2014.
Он ғасыр жырлайды. Алматы, 2006. – 408 б.
Бес ғасыр жырлайды. 1-2 томдар. Алматы: Жазушы, 1989.
Зар заман. Алматы: Жалын, 1993.

Көрнекілік
Карта. ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан, жоңғар шапқыншылығы бейнеленген көркемсуреттер. Ақындардың суреттері мен батырлық дастандар графикасы
беріледі. Кітап көрмесі.

Мақсатты айқындау
XVIII ғасырда қазақ әдебиетінің одан әрі жандана түсуіне жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ ақындары мен жырауларының қазақ батырларын ерлікке жігерлендірген жорық жырларын тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып түсіндіру.

“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп аталған қасіретті кезең, сұрапыл соғыстар, жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өңірдегі өзгерістер бұл кезеңдегі қазақ әдебиетінің идеялық бағытбағдарына, тақырып аясына ерекше ықпал еткенін сипаттау.

Сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі
жағдайдың әсерінен жаңа батырлық жырлар, аңыз-әңгімелер туындағанын жеткізу.

Дамытушылық маңызы. XVIII ғасырда қазақ әдебиетінің дамуын, сол дәуірде туындаған таңдаулы жырларды оқи отырып, оны тарихи оқиғалармен сабақтастыру, оқиғаларды “Қазақ әдебиеті” мен “Қазақсан тарихы” пәндері арасындағы байланыс тұрғысында баяндау арқылы оқушыларды “пәнаралық байланысты” қолдануға, оқиғаларды сабақтастықта қарастыруға, кешенді ойлауға, шығармашылыққа баулу.

Тәрбиелік маңызы. Жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін, елін қорғаған
қазақ әскерінің, батырларының ерліктері көрініс тапқан тарихи жырлар, қол бастаған қазақ батырларының жорықтары мен ерліктерін жырға қосқан ақындар шығармалары арқылы оқушыларды отансүйгіштікке, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан сындары арқылы оқушыларды шыншылдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың деректік материалдары
Сабақ барысында осы кезең ақындарының басқа өкілдерін қосымша айта кету керек немесе қосымша факультатив сабақтарда қамтып, оқушыларға толыққанды дерек беру керек. Мысалы, Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы көрнекті өкілдерінің бірі Көтеш ақын (1745–1818) Баянауыл аймағында туып өскен.

Өзінің өлеңдерінде сол замандағы әділеттілік пен әділетсіздікті, жамандық пен жақсылықтың ара-жігін, халықтың намысын баяндаған. Шал ақын атанған Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) Көкшетау өңірінде өмір сүрген. Әкесі Құлеке Абылай ханның батырларының бірі, ал анасы Төле бидің қызы. Суырып салма ақын ретінде 15 жасында аты шыққан.

”Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші”.

”Қорқу емей немене қашқан кісі,
Батыр емей немене шанышқан кісі.
Мың жылқылы байлардан несі кейін,
Оразасын үйінен ашқан кісі.”

”Шайы, сиса, асыл қылыш ердің көркі,
Ер жігіт жауға аттанған елдің көркі.
Жарасар әрбір нәрсе өз сәнімен,
Аққу құс айдын шалқар көлдің көркі.

Гүл шешек орман өсіп желкілдеген,
Биік тау, асқар төбе жердің көркі.
Ағайын бір уақыт жақсы болса,
Соныменен табалады елдің көркі…”

Шал ақынның өлеңдерінің тәлім-тәрбиелік мәні зор. Адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттердің бір-біріне қарама-қайшылығын сипаттайды. Жақсы мен жаман мінез құлықтарды ашып көрсету арқылы адам болмысын айқындайды.

Ер жігіттің үш түріне жырмен сипаттама бере отырып, ер жеткен жігіттің қасиеттерін ашып көрсетеді, “адам қадірі мал, дәулетпен өлшенбейді”, – деген.

Дерек: “ХVІІІ ғасырдың көрнекті ақыны әрі жырауы Тәттіқара еді. Ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысты. Жорықтар кезінде туған толғауларында ол жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырды.

Мынадай аңыз сақталған: бір жолы қазақ жасақтары жоңғарлармен шайқаста жеңіліске
ұшырап, шегініп бара жатып, лықсып аққан үлкен өзенге келіп тіреледі. Жауынгерлер өзен жағасында жиналып, одан жүзіп өтуге батылы бармай тұрып қалады.

Сонда Тәттіқара жауынгерлердің намысын қозғайтын, толғау өлеңін суырып салып, өзенге бірінші болып қойып кетеді де, жүзіп өте шығады. Оның ізінен басқа жауынгерлерде жүзіп өтеді”. Деректерді оқи отырып, оқушыларға тарихи дәуірлердегі ақындардың шығармашылығы арқылы олардың достық, батылдық, рухшылдық қасиеттерін одан әрі дамытуға бағыт-бағдар беріңіз.

Сабақ түрі мен әдісі
Пәнаралық байланыс (Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы).
Тарихи, әдеби поэтикалық сараптау.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Келесідей мәселелер басты назарда ұсталады:

1. ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының ақын-жыраулары.
2. Бұқар жырау шығармаларының сарыны мен мазмұны.
3. Ақтамберді жыраудың батырлық, қаһармандық шығармалары.
4. Үмбетай жыраудың Бөгенбай батырдың қазасын өлең жолдарымен естірту.
5. Тәттіқара және Шал ақын шығармаларының ерекшеліктері.

ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының ақын-жырауларының жоңғар шапқыншылығына байланысты туындылары, жоңғарлардың қазақ жеріне кіруі, ірі шайқастар болған жерлер көрсетілген карта арқылы баяндалады.

ХVІІІ ғасыр ақындарының жорық жырларын оқығанда дауыс ырғағы (интонация)
арқылы оқушыларға патриоттық сезім тудыру керек. Карта интерактивті тақта арқылы көрсетіліп, ХVІІІ ғасыр ақын-жырауларының шығармалары экраннан жүргізіліп оқылатын бағдарлама арқылы жасалған слайдпен қатар көрсетілсе мақсат етіп қойған тақырыпты тез игеруге болады.

Сабаққа “Қазақ әдебиеті” пәнінің мұғалімін қатыстырып, тақырыпты кезектесе отырып түсіндірсе, оқушылардың қызығушылығы арта түседі.

Бағалау мүмкіндігі

Сабақты келесідей сұрақтармен қорытып, оқушы білімін бағалауға болады.

1. Жорық ақындары деп кімдерді айтамыз?
2. Жорық жырларының мазмұнының ерекшеліктері қандай?
3. Бұқар жыраудың тарихта алатын орны қандай?

Қосымша тапсырмалар
1. ХVІІІ ғасырдың ақын-жырауларының шығармаларының желісіне құрылған эссе құраңдар.
2. Бұқар жырау мен Ақтамберді жыраудың батырлық жырларынан үзіндіні жатқа айтыңдар.

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 дұрыс жауабын тап!

1. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте халықтың намыс-жігерін
өз шығармаларында айқын көрсеткен жыраулар:
А) Кетбұға; Е) Марғасқа;
В) Асан қайғы; F) Үмбетей, Тәтіқара;
С) Бұқар; G) Жиембет, Жанақ;
Д) Ақтамберді; H) Шалкиіз, Қазтуған.

Тесттен 1 дұрыс жауабын тап!
2. Ақтамберді жырау өз шығармаларын арнаған:
А) Қабанбай, Бөгенбай батырларға; Е) Қарасай, Ағынтай;
В) Наурызбай, Бөлек батырлар; F)Малайсары, Есет;
С) Бөкей мен Сағыр, Дербісәлі; G) Баян, Жауғашар;
Д) Шанышқылы Наурызбай, Жиембет; H) Райымбек, Жауғашты.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ