Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты (сабақ жоспары)

0
2979
Гомотетия және оның қасиеттері

Сабақтың мақсаты:

– қазақ хандығының ішкі саяси жағдайын талдау.

– қазақ хандығының сыртқы саясатының нәтижелерін анықтау.

Зерттеу сұрағы: Дербес қазақ мемлекетін сақтап қалудағы Абылай ханның рөлі қандай?

Оқулық
Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты. 49–52 беттер.

Тірек сөздер: төлеңгіттер, билер соты, реформа

Ресурстар:
Қазақстан тарихы: көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. – Т.3.
– Алматы: Атамұра, 2002. – 247-278 бб. Тарақ Ә. Абылай хан. – Алматы, 2014.

Сабаққа дайындық: Абылай ханның ішкі саясатын сипаттау барысында оның біртұтас қазақ хандығының ханы болып сайланғандығына қарамастан, Абылайды барлық сұлтандардың қолдай қоймауының себептері, Абылайдың қазақ хандығын саяси жағынан орталықтандыру үшін жүзеге асырған қажетті шаралары туралы түсіндіру.

Географиялық жағынан екi iрi мемлекеттiң қыспағында болған Қазақ хандығының билеушiсi Абылайдың басты мақсаты – мемлекет дербестiгiн қалай да сақтап қалу жолындағы дипломатиялық шаралардың тарихи нәтижелері туралы білім беру.

Дамытушылық мақсаты. Абылай ханның ішкі саясатының жетістіктері мен оның жолында кедергі болған күрделі жағдайларды талдау, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде жүргізген шебер дипломатиялық саясаты туралы білім бере отырып, оқушыларды тарихи тұлғаларды құрмет тұтуға, өздерінің шығармашылық ой саналарын арттырып, қабілеттерін шыңдауға, өнер мен білімге деген құштарлықтарының, тарихи тақырыпты ғылыми зерттеу жұмысына деген қызығушылықтарын дамыту арқылы оқушылардың ой санасын, логикалық ойлау қабілетін арттыру.

Сабақтың деректі материалдары: Тарихи құжаттар, тарихи суреттер, фотоклип, слайдтар. Арнайы дайындалған тақырыптық көрме.

Сабаққа қатысты әдістемелік нұсқаулық: Тарихи дискурс, пәнаралық байланыс түрінде сабақты ұйымдастыра отырып, интербелсенділік, сауалнамалық, логикалық, танымдылық әдістерін пайдалану.

Сабаққа қатысты ескертпелер: Мұғалім сабаққа Қазақ әдебиеті пәні мұғалімін қатыстырып “бірлескен пәнараластық байланыс” тұрғысындағы  “бірлескен сабақ” өткізуіне болады.

Сабақтың танымдылық мақсатына орай “Жыраулар шығармашылығындағы Абылай бейнесі” атты тақырыпта кітапкөрмесін ұйымдастыру керек. Абылай ханның ішкі, сыртқы саясатының ерекшеліктері мен бағыттарын көрсету үшін XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ хандығының ішкі саяси жағдайының сипатын талдаудан бастау керек.

Одан әрі Абылай ханның ішкі саясаттағы реформаларын көрсете отырып, хан саясатының маңызын жыраулар шығармаларынан үзінді бере отырып талдауға болады.

Сабақтың барысы. Мұғалім Абылай ханның ішкі саясатта жүргізген қазақ хандығын саяси жағынан орталықтандыру үшін жүзеге асырған шараларды талдаудан бастайды.

Абылай ханның 1740–1742 жылдары Ресейге ант берумен қатар Қытайдың билiгiн қабылдауының, негізінен, дипломатиялық шешiм екендігін түсіндіріп өтуі қажет. 1757–1760 жылдары Қытайдың да билiгiн мойындауы қазақ елiнiң дербестiгiн, жер аумағының бiрлiгiн қамтамасыз ету мақсатынан туындағандығын құжаттар негізінде картамен жұмыс арқылы негіздеуге болады.

Сонымен қатар, Абылай Орта Азия елдерiмен байланысын дамытуға да көңiл бөлгендігін айта отырып, XVIII ғасырдың 70-жылдарының басында бiрқатар соғыстарда Ходжент әмiршiсiне, Ташкент бегiне соққы бергендігін де атап өту керек.

Қазақтар жоңғарлармен соғысып жүргенде өзбек бектерiне ауып кеткен Түркiстан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа бiрнеше қалаларды Абылайдың күшпен қайтарып алып, қазақтардың билiгiне қаратқандығын, олар тиесiлi алым-салығын төлеп тұруға мiндеттелгендігін атап өтеді.

Мұғалім бұл шаралардың барлығы Қазақ хандығының халықаралық жағдайы жақсара бастағандығын, бұл жағдай, шын мәнінде, екi үлкен империяның ортасында тиiмдi саясат жүргiзе бiлген Абылайдың қазақтың бөлшектенiп кеткен жерлерiн қайта бiрiктiру мақсатын жүзеге асырғанының нақты көрініс екендігін түсіндіреді.

Мұның өзi Абылайды халықаралық деңгейдегi iрi саясаткер және қолбасшы ретiнде көршi аймақтарға да әйгiлi еткендігін, ханның табанды да тиянақты iс-әрекетiне сүйсiнген қазақ халқы Абылай туралы әртүрлi жырлар, өлеңдер шығарып, оның ерлiктерi мен көрегендiліктерiн ел арасында кеңiнен насихаттағандығын нақты жыраулардың шығармаларынан үзінді келтіру арқылы нақтылауға болады.

Білімді бағалау мүмкіндіктері: Мұғалім сабақты алдынала дайындалған
төмендегі сұрақтар негізінде қорытындылайды.

1. Абылай Қазақ хандығын бір орталыққа бағындыру жолында қандай
шараларды жүзеге асырды?
2. Абылай хан билер мен сұлтандар билігін қалай шектеді?
3. Абылай ханды шебер дипломат әрі саяси қайраткер ретінде сипаттаңдар.
4. Абылай ханның Қытайға көзқарасы қандай еді?
5. Абылай хан Ресейге байланысты қандай саясат ұстанды?

Қосымша тапсырма.
Қазақ тарихындағы Абылай ханның орны мен рөлі туралы реферат дайындау.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ