Ауа райын құстар қалай болжайды?

0
977
Freepik.com

Қызғылт қоқиқаз сирек кездессе де ауа райын алдын ала болжай алатын қабілетке ие. Алдағы бір — екі күнді емес, бүкіл жазды болжай алады. Көктемде қайтып оралған қоқиқаздар өткен жылғы ұяларына орналасады. Бұл кезде олар өздерін әр кезде әрқалай ұстайды. Бірде жұмыртқасын ескі ұяларға салса, бірде ұяларын лаймен өсіре түседі. Себебі, ескі ұяға салған жылы жаз аптапты ыстық болып, жауын — шашынның аз түсетінін алдын ала білгендігі.

Ал ұяны лаймен өсірген жылы жауын — шашын көп болып, су көтеріліп кететінін білгендігі. Алдын ала жасаған сақтығының арқасында неғұрлым биікке көтерілген ұялар өлім — жітімсіз ұрпақ өсіріп шығаруларына зор мүмкіндік туғызып келе жатқандығына бақылаушылар да тәнті болыпты.

Қарлығаш адамға жақын. Сол қарлығашқа көңіл аударған болсаң, ашық күндерде тыным таппай ерсілі — қарсылы, бірінен соң бірі, ертеден кешке дейін қуысып ойнағанда самғай ұшып жүреді. Бұл ұшысы күн шапағына қызығу және ашық күндердегі кеңістікте ұшып жүрген шыбын — шіркейді жалықпай ұстап, тамақ ету. Қарлығаштардың бір ерекшелігі – олар жерде жүріп жемін ұстап жей алмайды. Себебі, үстік келген ұзын қанаты мен құйрығы жермен жүруге кесір келтіреді. Қарлығаштарға қарап ауа райын болжауға келер болсақ, олар жоғары биіктей ұшып жүрсе, күн райы жақсарып, ашық болатынын білуге болады.

Ал жер бауырлап ұшып жүрсе, күн райы бұзылар жауын — шашынды күте бер. Оның да өз есебі бар. Ашық, ыстық күндері жылы ауа ағымы жерден шыбын — шіркейлерді жоғары кеңістікке көтеріп кететіндіктен, қарлығаштар да өз қамымен олардың соңынан қалмай ұшады. Ал бұлыңғыр күндері ауа дымқылданып, шыбын — шіркей біткеннің қанаттары көпсіп, ісініп кететіндіктен жер бетіне жақын ұшып, қарлығаштар да олардың соңынан төмен ұшады. Бар сыры осы. Олар бірде төмендеп, бірде биіктеп ұшса, дауыл соғарын күтуге болады.

Тырна келсе күннің жылынғаны деп білген дұрыс. Олар тыраулай қиқулап, шапшаңдай, төмендеп ұшса, жауын — шашын бар. Жоғары ұшып, дыбыс шығармаса не билесе, күн жылынар белгісі. Биіктеп ұшып келе жатып төмендесе, күн райы өзгермек. Олар жылы жаққа бет алған соң үш апта өте, түнге қарай аяз ұрады. Қазанның басында тырна көрмесең, қыс бір айға кешігеді.

Көкек таң ата сала ерте көкектеген болса, су бетін тұман жауып, шық мол түседі деп білген. Ал ку — ку — кукулеп ысқырғандай дауысын жиі естісең, алдағы күн ашық боларын біле бер.

Ала қанат сауысқан үй жағалап ұшып, ықтасын жерге немесе шатырға кіріп қонақтаса, боранның боларын білгені.

Кептер гүрілдеп шулап кетсе, күннің жылы боларын сезгені, ал қонақтап отырғанда бір аяғын қанатымен жасырса, күннің салқындарын, пана іздеп, ол жерден шықпаса, күн райының бұзыларын сезгені.

Қаз бен үйрек қалған болса, қыс қолайлы болып, көктем ерте шығарын болжауға болады. Бұлар суға шомылып жатып қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса, күн райы бұзылар.

Үйрек ұясын жағаға жақын салса, жаз қуаң, судан қашық салса, жауын — шашынды болмақ. Аязды күні қанатын жиі желпісе, аяз сынады.
Қаз бір аяғын көтеріп ұзақ тұрып, қанатын жиі қаққылағанын байқасаң, ол күннің аязды боларының белгісі, ал қыста қаңқылдаса, күн жылынарын білетін бол.

Басқа материалдар:

  1. Ауа райын хайуандар мен жәндіктер қалай болжайды?
  2. Қазақстандағы ең үздік көп салалы 10 университет
  3. Қазақстандағы ең үздік 8 техникалық жоғары оқу орны
  4. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  5. SMM маманы деген кім?
  6. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  7. Web-дизайнер деген кім?
  8. Таргетологтың қызметі қандай?
  9. Қазақстанның гуманитарлық және экономикалық ең үздік 7 университеті
  10. Контекстолог деген кім?
  11. Оқушы мен студентке арналған ең пайдалы 10 қолданба
  12. ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетудің себебі қандай?
  13. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  14. Жетістікке жетелейтін 19 әдет
  15. Адам миы туралы қызықты 30 мәлімет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ