Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)

0
12890
Иллюстрация: Freepik.com

6-мәтін

Бақ ішінде адам болмайтын. Күндіз құс екеш құс та сайрамайтын мұнда. Тек таңертеңгі және кешкі шақтарда Гхутахтың көк жасыл жазығына қарай алыс таулардан қоңыр салқын самал ескенде ғана құстар улап-шулап қоя беретін. Алайда, мұнда бағбан болып келгеніне бір жұмадай ғана болған, бұ дүниенің күйкі тірлігімен қоштасқан жиһанкез жан үшін ең ләззатты сәт таң алдындағы әупілдектің құлақ құрышын қандырар махаббат ынтығына толы, құпияға толы әні болатын.

Осындай шақтарда ол ұйқысы қанып, төңірекке рахаттана көз жіберетін де, бұлақтағы тастай суға жуынып, басқа жұмысқа отырмас бұрын қолына қыпшағын алатын. Қос ішекті термелей отырып, әупілдек әніне құлақ тосқан күйде таңғы жұпар ауаны көкірегін кере жұтып, ойын бір арнаға түсіріп, өзінің жазбаларын жалғастыруға әзірленетін. Сайраған құстар әні оны көптен бері арман етіп жүрген музыка жайлы кітап жазуға итермелейтін.

Парақ-парақ қағаздар бетінде музыкалық ноталардың толып жатқан белгілері жазылған. Құстар үнінің ырғақты саздарын ден қоя тыңдап, әр дыбысқа дәл анықтама беруге тырысатын, музыка өз ойларын, түйгендерін қағаз бетіне түсіріп, оның тарихы мен теориясын жүйелеумен шұғылданды. Ал сол үздік-создық ойларын бір кітап етіп, ертедегі гректер мен индустардың музыка мен музыка аспаптары жайлы ғылымның негіздері бар еңбектерін тегіс зерттеу қажет. (174 сөз) Ә.Әлімжанов « Ұстаздың оралуы», «Жазушы» Алматы

1. Бағбанды ең ерекше күйге енгізетін сәтті белгілеңіз

A) Әупілдектің сиқырлы әніне елтуі
B) Бұлбұлдың таңғы үнін естуі
C) Қоңыр салқын самал желдің соғуы
D) Құстардың сайраған үніне таңдануы
E) Таңғы жұпар ауамен тыныстауы

2. Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты көрсетіңіз.

1.Сайраған құстар әні оның музыка жайлы кітап жазуына кедергі болатын.
2. Алыс таулардан соққан қоңыр самал жел ескенде ғана құстар улап-шулап қоя беретін

A) Екеуі де дұрыс
B) Дұрыс жауап жоқ
C) Тек екіншісі
D) Тек біріншісі
E) Екеуі де бұрыс

7-мәтін

Сәкен шаруаға ұқыпты болды. Үстін тап-тұйнақтай таза ұстайтын еді. Ағайынды жетеуміз. Сәкен бәрімізден үлкен. Жаздың күні ол бізден бұрын оянады да, үй шаруасына көмектеседі. Біз оянып, далаға шыққанда, Сәкен есік алдында жүреді. Ол бізді Қараөзек бойына соқпақ жолмен бастап алып кетеді. Мөлдір бұлақ басына барамыз да, жуынамыз. Сәкен әуелі кішкентай қарындасымыз Рахима, Халима, Сәлималарды жуындырады, шаштарын тарап, өріп береді. Содан кейін барып, өзі жуынады. Біздің күндегі әдетіміз – осы. Қайтадан қатар тізіліп алып, ауылға қарай жүреміз. “Айналайын, менің ақ қаздарым”,- деп анамыз есік алдынан бізді қарсы алады. Сәкеннің маңдайынан сүйіп жатып: — Қолқанатым менің!- дейді.

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Ақ қаздар
B) Қолқанат
C) Ұқыпты Сәкен
D) Ағайынды балалар
E) Біздің анамыз

2. Анасының: «Айналайын, менің ақ қаздарым» — деп қарсы алуының мәнісі
A) Барлығы тетелес болғандықтан
B) Бірдей тәртіппен келе жатқандықтан
C) Барлығы тап-таза болғандықтан
D) Әдемі балаларына сүйінгендіктен
E) Балалар судан келе жатқандықтан

8-мәтін

Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін. Итім жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп, құстың иісін сезгендей бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті. Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл қасына кеп қонды Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Ол балапанын өз денесімен бүркемек болды. Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Ол балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп жүр.Мен итімді тез өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың ұлы аналық күші мені таң қалдырды. Мен жөніме кеттім.(97сөз)

1.Торғайдың иттің қасына қорықпай келіп қонуының мәнісі

A) Ағаштан құлап түскендіктен
B) Балапанын қорғау үшін
C) Ит балапанға тиіскендіктен
D) Балапаны шырылдағандықтан
E) Балапанын алып кету үшін

2.Мәтінде автордың қандай көңіл күйі байқалады

A) Сүйіну
B) Таңдану
C) Қорқу
D) Алаңдау
E) Тамсану

9-мәтін

Бір ғұлама шәкіртінің әр нәрседен үнемі шағымданып жүретінін көріп қалады. Содан бір күні ол шәкіртті шақыртып алып, тұзға жібереді. Үнемі зарланып жүретін шәкірт тұз алып келген кезде қария оған бір уыс тұзды бір стакан суға ерітіп іш дейді. Шәкірт бұлжытпай айтқанын орындаса да, тұзды суды көп іше алмай түкіре бастайды.

“Дәмі қалай екен?” деп сұрайды қария. Шәкірті “Ащы” деп жауап береді ызаланып. Ғұлама шәкіртті қолынан ұстап, жақын жердегі бұлаққа алып барады. Бір уыс тұзды суға қосып, сол судан да ішіп көруін сұрайды. Бұлақтың мөлдір суын ішкен шәкірттен қайтадан судың дәмін сұрайды. “Tәтті” дейді шәкірт. “Тұздың дәмін сездің ба?” сұрағына да, “жоқ” деп жауап береді. Осы кезде ғұлама: “Өмірдегі қиындықтар осы тұз тәрізді, аз да емес, көп те емес – үнемі бірдей мөлшерде. Байқағаныңдай тұздың ненің ішіне қойылғандығы ғана маңызды. Сол сияқты, өмірдегі қиындықтардың да ащы болып, болмауы тек сенің сезімдеріне байланысты. Стакан емес, бұлақ болуға тырыс“, – деген екен.

1. Мәтін мазмұнына алшақ сөйлем

A) Бұлақтың суы да ащы болып шығады.
B) Шәкірт тұздың дәмін сезеді.
C) Шәкірт үнемі шағымданып жүреді.
D) Шәкірт бұлаққа бір уыс тұз тастайды.
E) Ғұлама шәкіртін тұзға жұмсайды.

2. Мәтін мазмұнын қорытындылайтын нақыл сөз
A) Маңдайыңа жазылғанын көресің.
B) Өз өмірің өз қолыңда.
C) Өмірге өкпе артуға болмайды.
D) Астың дәмін тұз келтіреді.
E) Ащыны татқан білер.

10-мәтін

Бір қарт адам екі ұшына құмыра ілінген жуан таяқты мойнына асып, бұлақтан үйіне су тасиды екен.Бұл құмыралардың бірінің жанында жарықшақ бар екен.Үйге жеткенше судың жартысы тамшылаумен азайып қалады екен. Ал екінші құмыра бүтін кемшіліксіз болыпты. Қария үйіне жеткенде бір жарым құмыра су қалады екен. Бүтін құмыра өз міндетін таза орындаған үшін қатты тәкаппарланытын көрінеді, ал жарық құмыра болса қатты ұялып өкінеді екен. Екі жыл өткен соң бір күн тесік құмыра, қарияға былай депті:

–Қатты ыңғайсызданып жүрмін. Бүйірімдегі жарықшақтың кесірінен тасыған судың жартысы үйге жеткенше босқа төгіліп жатыр. Сонда қария күлімсіреп құмыраға былай депті:

– Сен ештеңені байқамадың ба? Сен жақтағы жолдың тұсы гүлдерге толы. Ал екінші құмыраның тұсында ешқандай гүл жоқ. Мен о бастан сенің бүйіріңдегі жарықты біліп, сол тарапқа гүлдің тұқымын еккен болатынмын және күнде мен су тасығанда сен ол гүлдерді суарып өтесің. Екі жыл болды сол әдемі гүлдерді жинап үйімді сәндеп жүрмін. Егер де сенің сол тесігің болмағанда, үйімді осыншама көркейтіп, гүлдендіре алмас едім…

1. Қарияның даналығы байқалатын әрекет

A) Гүлдің тұқымын еккендігі
B) Тесік құмыраны жұбатқаны
C) Үйді әдемі гүлмен сәндендіруі
D) Тесік құмыраны лақтырмағаны
E) Гүлдерді суарғандығы

2.Мәтін мазмұнын түйіндейтін мақал-мәтел

A) Жағымпаз — жасқаншақ, Жаман — мақтаншақ.
B) Жақсы ниет — жарым ырыс.
C) Өзіңді өзің сыйламасаң, Өзгеден сый күтпе.
D) Азаматтық жасай алмаған адам – Бұл өмірге келмеген адаммен бірдей.
E) Айырылмастай досыңа, Қайырылмастай сөз айтпа.

Ұқсас материалдар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ