Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)

0
767
Иллюстрация: Freepik.com

11- мәтін

Ғани әкесімен бірге үлкен тау жартастарының арасымен серуендеп келе жатқан еді. Кенет Ғани сүрініп кетіп: «А-а-а-а!» деп айқайлап жіберді. Сол кезде жоғарыдан «А-а-а-а! » деген дауыс естілді. Ғани өзінің даусының қайталанғанына таңырқап: «Сен кімсің?» деп дауыстағанда, Ғаниға:»Сен кімсің?» деген жауап келді.

Ғани түкке түсінбей жынданып: «Сен қорқақсың!» – деп айқайлады. Таудан шыққан дауыс та: «Сен қорқақсың!» деп жауап берді. Қатты ашуланған Ғани әкесіне қарап: «Әке, бұл кім өзі?» деп сұрады. Әкесі: » Ұлым, менің сөзіме құлақ сал», – деді де тауға қарап тұрып: «Мен сені жақсы көремін!» деп айқайлады. Таудан: «Мен сені жақсы көремін!» деген жауап келді. Әкесі тағы да айқайлап: «Сен әдемісің!» деді. Жауап: «Сен әдемісің!» деді. Ғани не болғанын білмей, таңданып тұрып қалды.

Әкесі жаңғырықтың сырын былай деп түсіндіріп берді: «Бұл жаңғырық. Жаңғырық адам баласына көп нәрсе үйретеді. Сен өміріңде не істесең, оның сыбағасын аласың. Өмір айна сияқты. Сен қандай болсаң, солай көрсетеді. Егер мейірімділікті қаласаң, мейірімді болуға тиіссің. Адамдардың сабырлы болуын қаласаң, сен де сабырлы бол. Адамдардың қайырымды болуын қаласаң, сен де қайырымды бол!»

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Жаңғырық сыры
B) Ғанидың жаңғырығы
C) Тау жаңғырығы
D) Әке жауабы
E) Таудан шыққан дауыс

2.Мәтін мазмұнына лайықты ой

A) Көңіл жақсы болғаны – өмір жақсы болғаны.
B) Өзен ағысын бөгеуге болады, өмір ағысын бөгеуге болмайды.
C) Әркім өз ойының айнасы.
D) Бір беткей адам — бірлікті бұзар, Теріс мінез адам — тірлікті бұзар
E) Өзіңді өз бойыңнан биікпін деп ойламау да – биіктік.

12-мәтін

Баянауылдың ең биік шыңы – Ақбетке байланысты әдемі аңыз бар. Ертеде осы өлкеде Бүркітбайдың қызы Ақбет тұрыпты. Үй іші жұтаң күй кешкен, сондықтан әкесі қызын ұзатып, шаруасын түзеп алмақ болады. Қыздың кедей қойшыны ұнатқанын, әрине, жақтырмайды. Әкесі көп ойланбай-ақ қалың малын төлеген қаусаған шалға қызын ұзатуға келіседі.

Жас ғашықтар мұны біліп қашуға ниеттенеді. Алайда сырлары ашылып, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қыз көз жасын төгіп, мәңгілік қоштасуға сүйіктісінің зиратына баруға сұранады. Жеңгелері аяп босатады. Ол жігітінің басында жүрегін тек оған арнағанына, басқа ешкімге жар болмайтынына ант береді. Осы сөздерімен ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салады да құздан құлайды.

Ақбеттің есімімен аталатын тау – сол заманның үнсіз куәгері адал мен сезім беріктігінің символы ретінде бұрынғысынша таңды бірінші қарсы алады.

1.Бүркітбайдың қызын қаусаған шалға берген әрекетін қандай күйі суреттей алады?

A) Бетсіздік
B) Көргенсіздік
C) Шарасыздық
D) Турашылдық
E) Бірбеткейлік

2.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Баянауыл шыңы
B) Ақбет шыңы
C)Қос ғашық
D) Ақбет қыз
E) Қатал әке

13-мәтін

Тулардың да тарихы бар

Әлемде жалғыз-ақ вексиллология (вексиллюм –ту деген латын сөзінен шыққан, вексиллология –ту туралы ғылым) институты бар. 1973 жылы Лондонда вексиллологтердің бесінші конгресі өткізіліп, оған 14 елден 57 делегат қатысты. Конгрестің төрағасы болып вексиллология институтының директоры американдық Уитни Смит сайланды.

Смит конгресте өзі басқарған институттың нәтижелі жұмыс істеп жатқанын зор интузиазммен хабарлап, оған мысал ретінде Оңтүстік Американың Гайана мемлекеті институт жасаған ту суретінің жобасын қабылдағанын айтты. Мемлекеттік тулар мәселесіндегі қиындықтарды шешу үшін вексиллологтер тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттердің туларын жасау бір жерден басқарылғанын дұрыс деп есептейді. Мысалы, Индонезияның туы Монаконың және Польшаның туларына ұқсас болып кеткен.

Конгреске қатысушылар «Барлық мемлекеттердің туларынан жаугершілік рухты білдіретін рәміздер алынып, бейбіт еңбек рәміздері бейнеленсін» деген үндеу жарияланады.
«Алтын бесік» журналы

1. Мәтінде айтылған негізгі ойды анықта

А. Вексиллология ғылымы туралы
В. Рәміздердің тарихы туралы
С. Мемлекеттік тулар туралы
D. Вексиллологтер конгресі туралы
E. Үндеу айтушылар туралы

2. Мәтіннің жазылу стилін анықта

А. Ғылыми стиль
В. Ресми іс қағаздар стилі
С. Публицистикалық стиль
D. Көркем әдебиет стилі
E. Ауызекі сөйлеу стилі

14-мәтін

Бірінші, Бақытқа: сен, тұрақсыз опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен тізе қос, сонда көп жасайсың, — депті.

Екінші, Ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар етіп, бардан жоқ жасайсың, бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен бірік, сонда абыроймен ұзақ жасайсың, – депті.

Үшінші, Ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ Ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң, кіресің де ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, Ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді. — Барыңдар, Ақыл, сен адам бол, Ғылым, сен ат бол, Бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды, — депті.

1. Мәтін мазмұнын қорытындылайтын даналық ой

A) Ежелгі дұшпан ел болмас.
B) Ақылсыз адам айуан.
C) Жаман дос жолда қалдырар.
D) Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
E) Егескеннің жауы көп.

2. Екінші абзацтағы негізгі ой

A) Болмасаң да, ұқсап бақ.
B) Ақыл – ойдың жемісі.
C) Ғылым – жанып тұрған шырақ.
D) Бақыт – арттағы із.
E) Ғылымсыз адам – айуан.

15-мәтін

Аты жаһанға мәшһүр данышпандардың бірі достарымен қала қыдырып жүріп, пойызына кешігіп қалады. Әрең дегенде қуып жетіп, енді міне бергенінде, аяғындағы аяқ киімінің бір сыңары шешіліп, түсіп қалады. Бұл кезде жерге қайта түсіп алу мүмкін емес еді. Себебі, жүйткіген темір тұлпардың жылдамдығы сәт сайын күшейіп келеді. Жанындағы жолдастары «енді қайтер екен?» деп тұрғанда, данышпан аяқ киімінің екінші жұбын шешіп алып, анау алғашқысы түсіп қалған жаққа қарай лақтырып жібереді.

Данышпанның мына қылығына түсінбеген біреуі шыдай алмай: «Неге бұлай жасадыңыз?» деп таңғала сұрайды. Оған күле қарап оқымысты былай деп жауап береді: «Теміржолды паналаған бір пақыр аяқ киімнің бір жұбын тауып алса, екіншісін де тауып кисін», — дейді. Дара сыңарының өзіне керегі болмайтынын ұғынып, өзінен гөрі бір жарлыға көмек болатынын түйсінген данышпанның даналығы өзгелерге үлгі болды.

1. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A)Үлгілі іс.
B) Сыңар аяқ киім.
C) Кешіккен данышпан.
D) Таңқаларлық оқиға.
E) Темір тұлпар.

2.Данышпанның әрекетіне лайықтысы

A) Шарасыз әрекет
B) Жанашырлық әрекет
C) Сауапты әрекет
D) Аяушылық әрекет
E) Келеңсіз әрекет

Ұқсас материалдар: 

  1. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  2. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  3. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  4. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  5. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  6. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  7. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  8. Қазақстан тарихы пәнінен мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  9. Қазақстан тарихы пәнінен мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  10. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  11. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  12. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  13. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  14. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  15. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ