Мұқағали Мақатаевтың «Қайырлы түн», «Қара өлең» шығармасы (сабақ жоспары)

0
3019

Сынып: 6
Сабақтың мақсаты:

а) Білімділік: ХХ ғасырдың біртуар тұлғасы Мұқағали Мақатаев өмірі жайында
деректер беру. Поэзияға талдау жасай отырып, өлеңнің идеясын, мақсатын ұғындыру.

ә) Дамытушылық: оқушының сөйлеу мәдениетін дамыту, өз пікірі, эстетикалық талғамы бар сауатты оқушы дайындау, ауызша да, жазбаша да еркін, көркем сөйлеуге ақын шығармашылығы арқылы үйрету.

б) Тәрбиелік: поэзия әлемімен оқушылардың жан дүниесіне үңілу, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту.

Сабақтың әдісі: миға шабуыл, топтастыру, сұрақ-жауап, салыстыру, талдау.

Көрнекілік: слайд, тірек сызбалар.

Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Үйге берілген тапсырма: Б.Соқпақбаев «Менің атым – Қожа»
І топ – Бердібек Соқпақбаев ӛмірінен мәлімет
ІІ топ – Шығарманың композициялық құрылымы
ІІІ топ – Шығарма кейіпкерлеріне сипаттама
ІV топ – Осы шығарма желісімен түсірілген фильм туралы

Семантикалық картамен жұмыс

Кейіпкер сөздері/Кейіпкерлер Қожа Майқанова Анасы Сәйбек қарт Әжесі
– Қожа, Қожа, әкем-ау, сен бүгін сабағыңа бармаушы ма едің ?          
– Біз екеуміз таныс шығармыз деймін ?          
– Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын.          
– Мен оқулық емес, қант аламын.          
– Ал, Қожатай, ақылың бар баласың. Бәрін түсінуің керек.          

 

ІІІ. Жаңа сабақ: Мұқағали Мақатаев «Қайырлы түн», «Қара өлең»
1. «Миға шабуыл» әдісі (Оқушылар сұрақтарға жауап береді)

2. Оқушылар қабырғада ілулі тұрған мәліметтермен танысып шығады, түртіп алу стратегиясын қолданады. Орындарына отырып, топпен жұмыстанады.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы
Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар, алайда құжаттар бойынша ақынның туған күні 9 ақпанда тойланады.

Екінші ақпарат, ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы 8 наурызда дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес, себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».

Әкесі қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің
тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл дүниеге келген. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды.

Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады («Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?»). Мұқағалидың әкесі 1941жылы Калининград майданында қаза табады.

Поэзиядағы алғашқы қадамдары
Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» өз ауданындағы
«Советтік шекара» газетінде жарияланды (1949). «Інімнің ойы», «Шебер» атты өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев:

―Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма? деген еді («Қазақ әдебиеті», 18.03.1960).

Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты.
Қаламгердің «Қош, махаббат» жинағына (1988) әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті»,  «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш» , «Жыл құстары» повестері мен ―»Қош,махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде О.Сүлейменов, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды.

Поэмалары
Мұқағалидың «Ақ қайың» әні, «Ару – ана», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, қош
болыңдар», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмір – дастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Алтай-Атырау», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Жер үстінен репортаж», «Моцарт, Жан азасы» атты поэма-толғаулары бар.

Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы жарық көрді. [У.Уитмен «Шөп жапырақтары»
(1969); У.Шекспир «Сонеттер» (1970); Д.Алигерьи ―»Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі (1971)].

Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеге» дейді ақын. Мұқағали – дәстүршіл ақын, ол  өлеңге интонация,инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидың поэзиясы ұлттық мінезімен ерекшеленеді: «Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем».

Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: «О, Муза, маған алыс сөреңді бер, ғайыптан кел де, мені демеп жібер». Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы:

―Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым» немесе «Тіпті де мен емес-ті «Мен» дегенім… Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұқағали  шығармашылығы ―өзін-өзі зерттеуден тұрады.

3. Оқушылар өздеріне берілген тапсырмалар бойынша топпен бірге жұмыстанады.

І топ – Мұқағали Мақатаев өмірі, шығармашылығы

ІІ топ – «Қайырлы түн» өлеңіне сатылай кешенді талдау

ІІІ топ – «Қара өлең» шығармасына сатылай кешенді талдау

ІV топ – «Біз бейбітшілікті сүйеміз» тақырыбына эссе жазу

Ақын өлеңдеріне сатылай кешенді талдау жасалады.

1. Авторы — М.Мақатаев (1931-1976) Қазақтың ақиық ақыны. Алматы облысы Райымбек
ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.

2. Тақырыбы: Қара өлең

3. Жанр түрі – поэзия (өлең)

4. Идеясы – халық өмірін қастерлеу, сөз өнерін бағалау, ел алдында кішіпейіл, ізетті болу, борышын адал атқару.

5. Шумақ саны – 4

6. Тармақ саны – 24

7. Бунақ саны – 3

8. Ұйқас түрі — қара өлең ұйқасы (а, а, б, а)

9. Әдеби-теориялық ұғымдар:

Эпитет: сұмдық сыр, жат жер, қара көз, қараша үй;

Метафора: құдіретім, күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын.

Теңеу: дәл өзіндей, таспадайын, аңыздайын.

Ауыспалы мағынадағы сөздер:
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.

10. Негізгі түйін, тәрбиелік мәні. Қара өлеңді қастерлеуге тәрбиелейді. Сөз өнерін жетік меңгеруге, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге үйретіп, патриоттық сезімді оятады.

1. Авторы: М. Мақатаев
2. Тақырыбы: Қайырлы түн
3. Жанр түрі: поэзия (өлең)
4. Идеясы: Ел тыныштығы
5. Шумақ саны: 6 шумақ
6. Тармақ саны: 29 (1,3,4-шумақ – 5 тармақты; 2,6 – 4 тармақты, 5 — 6 тармақты)
7. Бунақ саны: 1-2-3 бунақтан тұрады
8. Ұйқас түрі: шалыс ұйқас, қара өлең, аралас ұйқас
9. Әдеби-теориялық ұғымдар:

Эпитет: көк аспан, тәтті ұйқы, ақ басты Алатау, алып Жер, ұлы кеудең, боз көрпе, жас ұл.

Кейіптеу: орамалың шуламасын, суларың туламасын, жыламасын, шамыңды ӛшір, айы келіп, ақ ьмойныңа асылды.

10. Негізгі түйін, тәрбиелік мәні: Әлемде бейбіт, нұрлы заман болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

3. Сөздікпен жұмыс
Қара өлең – әнге салып айтуға ыңғайлы қазақтың ежелгі өлең түрі.

Аңыз – қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихи негізі бар мол саласы.

Күпі – матамен тысталған, ішіне түйенің, қойдың жүнін салып тігетін ұлттық киім.

Шекпен – жүннен тоқылатын сырт киім.

Кесел – ауру, сырқат

Боз көрпе – ақ селеулі дала

Шәйі – жұмсақ орамал, шәлі

Құс жолы – алыс жұлдыздар сілемі

ІV. Сабақты бекіту. «Бес жолды өлең» әдісі

V.Үйге тапсырма:

М.Мақатаев өмірі, шығармашылығы туралы қосымша іздену. «Сөз құдіреті» тақырыбында эссе жазу. «Қайырлы түн» өлеңін жаттау

VІ. Бағалау

VІІ. Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Қарасаз, қара шалғын мекенде өстім,
Жыр жазсам, оған халқым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім!

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар: 

  1. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)
  3. Дәстүрлі рухани мәдениет (салт-дәстүр) (сабақ жоспары)
  4. Абылай ханның қайраткер ретінде қалыптасуы (сабақ жоспары)
  5. Абылай хан және біртұтас Қазақ хандығының қайта нығаюы (сабақ жоспары)
  6. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  7. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  8. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  9. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  10. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ