Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма: Апамның астауы

0
2094
Иллюстрация: Freepik.com

Жаз шыға, бәріміз (әпкелерімді айтамын) Апам есіп берген жіпті алып, тоғайға отынға аттанатынбыз. Бір-бір арқа отын көтеріп ең алда Апам, содан кейін құндыздай шулаған біздер, күліп-ойнап келе жатар едік.

Ол шақта қыстық шөпті де ала жаздай арқалап тасып, қораны маяға толтырып қоятынбыз. Қысқы соғым мен ұн ғана әке-шешеміздің мойнында. Огород, шұрқыраған қаз-тауық, екі сиыр мен ұсақ малымыз бар, ол кісілерге зиянымызды көп тигізбейтін едік.

Шынымды айтсам, бізді, тіпті бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні-қарындастарын асыраған Апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Осы келі мен астау тіпті әкемнен де үлкен, Апам Алтайдың арғы беті — төркінінен ала келген аса қымбат заттары болатын. Апамның біздің атамыз Дос марқұмға ұзатылуы да қызық. Кейде, әсіресе, қазіргідей қараша туа, темір пешке отты маздатып жағып тастап, пештің жыртығынан саулаған жарық түсіп, ала көлеңкеленген қоңыр үйде отырып Апамның әңгімесін тындайтынбыз.

Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң — көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақсоғы жоқ, инабатты жуас адам еді. Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған, немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар әйел еді.

Қазір ойлаймын, егер қазақтың әйелдері атқарар бүкіл ісмерліктің қол өнер институтын, немесе фабрикасын ашып, менің апамды бастық сайласа, тұтас бір он саусағы өнер ұрпаққа дайындап шығарар еді. Иә, ол кісі тірі кезінде ешкім елеп-ескермеген, алтын қолды құдіретті әйел еді. Қазақта осыншалық мықты, осыншалық ақылды ұлы әйелдер болғаны қандай жақсы.

Бірақ біздер, жиырмасыншы ғасырдың азаматтары, көп ретте осындай асылымызды байқамай айналып өтер едік. Айрылып қалған соң ғана айы өтіп, сан соға өкінер едік. Өзгені қойып, мықтымсып жүрген мына менің өзім сол Апамнан тірі кезінде неге ғана бәр-бәрін: киіз басып, үй тігуді, арқан есуді, тері илеп, өңдеп киім тігуді, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігуді, саба, сүйретпе, торсық істеуді тәптіштеп жазып алмағанмын.

1. Мәтін мазмұнынан алшақ сөйлем
A) Апамнан ісмерлік өнерді үйренем деушілер көп болатын.
B) Шөпті арқылап тасып, қораны маяға толтырып қоятынбыз.
C) Апам әңгімеге сараң, көп сөйлемейтін.
D) Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін.
E) Қаз-тауық, екі сиыр мен ұсақ малымыз бар.

2. Автордың балалық естелігін анықтаңыз
A) Әпкелеріммен бірге тоғайға отынға баратынмын
B) Апам бастық боп, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп шығарды
C) Біздің ауылда қолөнер фабрикасы болатын
D) Әкем қораны маяға толтырып тастайтын
E) Апам сөзге шебер, әңгімешіл жан болатын

3. Әңгімелеушінің апасын ісмерліктің фабрикасы мен өнер институтының бастығына лайық санау себебі
A) Шапшаң, ұғымтал, зерек болғандықтан
B) Қолөнердің түр-түрін меңгеруге ісмер болғандықтан
C) Тумасынан жуас, момын, көнбіс болғандықтан
D) Инабатты, ибалы, пысық болғандықтан
E) Тәрбиелі, мәдениетті, иманды болғандықтан

4. Әңгімелеушінің апасының келісі мен астауын қымбат зат деп көрсетуінің себебі
A) Теректен ойып жасалған соң
B) Көп адамдарды асыраған соң
C) Ауылда басқа ешкімге болмаған соң
D) Ағаштан шебер ойылып жасалған соң
E) Әкесінен үлкен болған соң.

5. Мәтін мазмұнына сәйкес келетін даналық ой.
A) Сый қылсаң, сыпыра қыл.
B) Шын жомарт жоқтығын білдірмес.
C) Қолда барда алтынның қадірі жоқ.
D) Сыйластықта шекара жоқ.
E) Арымақ, семірмек – көңілден

6. Мәтіннің екінші бөлігінде байқалатын әңгімелеушінің көңіл-күйі
A) Шаттану, күйіну
B) Алаңдау, күйіну
C) Сүйіну, өкіну
D) Мазасыздану, өкіну
E) Қуану, өкіну

Жауап кілттері
1. A
2. A
3. B
4. B
5. C
6. C

Басқа материалдар:

  1. Астана және адамзат. Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма. «Отырар сазы» қазақ өнері аспанында
  3. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  4. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  5. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  6. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  7. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  8. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  9. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  10. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  12. Көркем троптар, олардың түрлері
  13. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  14. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  15. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  16. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  17. Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма: Тиін


ПІКІР ҚАЛДЫРУ