Қазақстан Республикасындағы жаңа мәдени үрдістер

0
990
Иллюстрация: Freepik.com

Шын мәнісінде, 1991 жылдан Қазақстан үшін Күн атып, тәуелсіздік заманы келді. Қазіргі постиндустриалдық қоғамда әдеп негіздерінің,  тұлға мен қауымның, әлеуметтік тұтастықтардың арасалмағы түбегейлі өзгерістерге ұшырады.

Ақпараттық қоғамда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін даралану (индивидуализация) үдерістері бұрын-сонды болмаған қарқынға ие бола бастады.  Жаңа әлеуметтік жағдайда коллектившілдіктің бұрынғы формалары (социализм, корпоративтік құрылымдар, аграрлық мәдениеттен қалған қауымшылдық, т.т.) өздерінің нормативтік мүмкіндіктерінен айырылып, тарихи шектілігін анық аңғартты.

Индивидуалдану жағдайындағы теңсіздік таптық сипатынан айырылып, тұлғалық белсенділік пен жасампаздыққа негізделе бастады. Марксизм тілімен айтқанда, тапсыз капитализм орнықты. Индивид әлеуметтік реттелген қатынастар аймағынан шығып, өзі өз өмірін айқындаудың орталығына айнала бастады.

Постиндустриалдық қоғамда тек аумақты әлеуметтік құрылымдар ғана емес, сонымен бірге бұрынғы қоғамдардың ұясы – отбасы да күрделі өзгерістерге ұшырап кетті. Жеке-дара амбициялар қалыптасқан отбасылық тұрақтылықты шайқалтып жіберді, «келісімді некелер» көбейе бастады, гендерлік қатынастар бірінші орынға шықты.  Басқаша айтқанда, даралану үдерістері өздерінің құндылы нәтижелерімен (еркіндік, шығармашылық, жасампаздық, таңдау, т.т.) қоса дәстүрден арылған, индивидуалдандырылған мәдени кеңістікте жаңа қайшылықтар мен ауытқуларды тудыра бастады.

Индивидуалдандырылған мәдени-әлеуметтік бірлестіктің өзіндік санасына постмодернизм жатады. Өйткені соңғының негізгі қағидаты – орталықтандырудан бас тарту. Соңғы жылдары постмодернизм жан-жақты талқыланды және арнаулы әдебиет те жеткілікті. Бұл мәдени феноменді тура мағынасында «модерннен кейінгі» деп қабылдасақ, онда одан капитализм мен социализмнің теке-тіресінен кейін қалыптасқан өркениеттілік үлгісін аңғаруға болады.

Енді постсоциалистік әлемдік тәртіп американдық үлгінің толық жеңісін білдіреді деп жариялаушыларды да тудырды. Ф. Фукуяма өзінің атышулы «Тарихтың ақыры?» атты еңбегінде енді батыстық либерализмге ашқандай балама жол жоқ, ол түбегейлі жеңіске жетті деді. Алайда қазіргі тарих либерализмнің жеңіске жетуіне күмән да келтіруге негіз бола алды. Біз бұл жерде қазіргі көпполярлық әлемдегі ұлттық және діни қақтығыстардың белең алып кеткендігін еске салып отырмыз. Қанша ма жеке адам құқықтарын қорғаймыз деп жар салғанымен (либерализмнің басты қағидасы), қазіргі посткапиталистік (немесе постсоциалистік) билеушілер жаңа империалистік әлемдік тәртіпті орнатқысы келді.

Бұған АҚШ-тың халықаралық терроризмді құртамыз деп Ауғанстан мен Иракта соғыс ашуы да мысал болады. Баяғы «ақ нәсілдік адамның тарихи мисиясы»  және «төменгі нәсілдерді өркениеттендіру қажеттілігі»  теориясымақтары еріксіз еске түседі.

ХХ ғасырда бірнеше жаңа мифтер өрістеді. Солардың біріне мұқтаждықтан арылған, тұлғалық қатынастар құқықпен үйлесімді реттелген мұрат қоғам туралы утопия жатады. Бұл утопияның марксистік және жаңа либералдық үлгілері бар. Соңғысын Ф. Фукуяма тарихтан кейінгі қоғамда идеология да, философия да, қақтығыс пен мүдделер күресі де жоқ бірлестік деп суреттеді.

Алайда қазіргі өркениеттілік бағдарларын объективтік талдау аталған «жерұйықтың» әлі алыс екендігін көрсетеді. Базистік мұқтаждықтарды өтеу мүмкіндігі мүдделер қақтығысын шеше алмайды. Адамның әдептік тұлғалық қасиеттері жетілгенімен, олар жеке адамның бірлесе, қауымдаса өмір сүруге ұмтылысын бекерге шығара алмайды. Егер «Мен» тек өзім үшін ғана өмір сүрсем және ешкімге керегім болмаса, онда менің өзімнің де қажетім жоқ.

Таптық қоғамның қозғаушы бір факторына аштықтан қорқу жатса, онда жаңа ақпараттық қоғамда тұлғалық таңдау алдында үрейлену пайда болды. Осы жөнінде У. Бек – адам қаншама бай тұтынушы қоғамда өмір сүргенімен, болашағы жөніндегі қорқыныштан арылмайды дейді.

Осы үдерістің көптеген себептерінің арасында шектеусіз даралану ерекше орын алады. Бұл шектеусіз даралану батыстық ойшылдар арасында, мифологиялық реттелген қоғамның ақыры келді деген ілімдерді дүниеге әкелді. Бірақ индустриалдық өркениеттің реттелген құрылымдарынан құтыла бастаған жеке адам жаңа әлеуметтік тұтастықтардың құрсауына түседі. Гипершындық  бұрынғы материалды немесе субъективті шындықтан да адам тіршілігін шектеп тастады. Көптеген батыс ойшылдары осы жаңа жағдайда «қаупі мол өркениет»  қалыптасты дейді.

Олардың арасында экологиялық, тар мамандану, денсаулық, жаңа кедейшілік қауіптерін атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, шексіз даралану әлеуметтік қауіпті өркениет үлгісін тудырады. Рухани өмірді айтқанда тұтынушылық қатынастар, құнсыздану мен жатсыну шегінен шығып кетеді. Индивидуалдандырылған қоғамда жатсыну жеке адамның өзіндік тағдырынан туғандай болып көрінеді. Бәріне «өзім кінәлімін»  деген ұстаным А. Камю суреттеген адамдық шарасыздыққа әкелуі әбден мүмкін.

Адам мен әлеуметтік тұтастықтың арасындағы мәдени үйлесімділіктің бұзылуынан туған құнсыздану мен жатсынудың жаңа формалары Қазақстан сияқты жаңа қалыптасып келе жатқан қоғамдарда ерекше байқалады. Бұл мәселе енді ғана теориялық талдаудың объектісіне айналып келе жатқандықтан, ғылыми және көпшілік әдебиеттегі кейбір көзқарастарға салыстырмалы сараптау беріп, сосын өз тұғырнамамызды анықтайық.

Бұл мәселені басқаша қарастыратын ұстанымдар да жеткілікті. Әсіресе, этноцентристік дүниетанымда  жекешілдік, Меншілдік ұлт мүддесіне қарсы келеді деген ой айтылады. Қазақ ұлтының жалғыз мемлекетінде бірегейлену этникалық деңгейінде өту керек делінеді. Алайда, ұлттық бірегейлену абстрактылы ұран болып қалмауы керек. Ұлттың өзі адамдық Мен төңірегінде заман талаптарына сай модернизацияға ұшырап отыруы қажет.

Мысалы, Орталық Азияның постсоциалистік ұлттарын нақтылы алсақ, онда олардың капиталистік те, социалистік те, демократиялық та, монархиялық та тәжірибелері жоқ екендігіне көз жеткізу қиын емес. Басқаша айтқанда, патриархалды-рулық өзіндік сана мен тоталитарлық құрылымдардың тарихи тұйыққа апарып тірейтіні сөзсіз. Әрине, жоғарыдағы ойларды тек оппозицияның өкілдері ғана емес, сонымен бірге ресми билікті жақтаушылар да айтады.  Қазақстан сияқты жаңарушы қоғамда азаматтық құрылымдар бірден пісіп-жетіле салмайды.  Жекешіл дүниетанымды орнықты ету орасан зор талпыныс пен ерікті қажет етеді. Осы мәселенің мәдени жақтарына назар аударайық.

Утопиялық коллективизм мен бұрмаланған жекешілдіктен басқа Мендік сезім өркениеттілік құндылықтарымен үйлесімді тоғысқан қоғамға өту күрделі үдеріске жатады. Мәселенің әлеуметтік-мәдени маңызды қырына өтпелі қоғамдағы таратылған (кейде жойылған) әлеуметтік құрылымдардың орнында қайтадан құрастырылған жаңа қоғамдастықтар мен адамдық бірлестіктерді сараптау жатады. Жаңа қоғамдастықтар адамның индивидуалдық табиғатына сәйкес ұйымдастырылуы қажет.

Марксизмнің қоғамдық адам жобасының жүзеге аспау себебі осы ілімді дәйексіз жүргізуі емес. Мәселе индивидуализм мен коллектизмді бір-біріне қарсы қоюда да емес. Шын мәніндегі жекешілдік эгоизм мен альтруизмді де, сұхбат пен ынтымақтасты да, мораль мен құқықты да бекерге шығармайды. Индивидуализм тұлғасыздандырылған әлеуметтік жүйелермен үйлеспегенімен, мәдени архетиптерге («коллективтік бейсаналық негіздер»), ұлттық діл мен рухқа, комплиментарлық бірегейленуге әр уақытта сүйенеді. Сол себепті әрбір жеке адамға ұлттық тарих пен мәдени мұра, мифтер мен аңыздар, батырлық жырлар т.т. ауадай қажет.

Орталықсыздандыру (постмодерндік) мәдениетінде басқарушы және бақылаушы орталықтардың құрсауынан босаған индивид үшін таңдау мүмкіндігі ұлғайды. Потенциалды трансформацияның нәтижесінде және бұрынғы мұраттардың жоғалуы жеке тұлғаны, бір жағынан, белсенділікке, алға ұмтылуға, жасампаздыққа жетелесе, екінші жағынан, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламауы арқылы енжарлыққа, сенімсіздікке, түңілуге, қоғамға жат қылықтарға апаруы мүмкін.

Қазіргі қазақстандық рухани мәдениетте басқа да қиындықтар жеткілікті.  Егер тоталитарлық жүйеде қоғам мемлекет ішіндегі бағынышты тетікке айналса, онда көптеген посткеңестік елдерде қоғамдық құрылымдар мүлдем елеңбей қалды: бір жағынан, өзінің мәнді белгілері бойынша тұлғасыз көпшілікке (масса) айналған халық бұқарасы бар. Екінші жағынан, жүйелер теориясы бойынша, құрылымы біртиптес тұтастық түбінде деградацияға ұшырайды. Әрине, Қазақстан және ТМД-ның басқа елдерінде жаңа әлеуметтік-мәдени құрылымдар қалыптасып жатты. Алайда олар билеуші топтың белсенділігіне қатысты болды. Халықтың онда ісі аз болды.

Халықтың бұқаралық мәдениеттің теріс жақтарын өз бойына жылдам сіңіріп алуының тарихи себептері бар. Біріншіден, еліміздің негізгі тұрғындары қазақтар мен орыстар ғасырлар бойы қауымшылдық ділде әрекет етті. Мысалы, Ресейдің «алтын ғасырындағы» соборлық идея жеке индивидтің ар-ожданы негізінде қоғамдасуын білдіреді. «У ішсең де, руыңмен іш» деген қазақтар менталитеті айтпаса да түсінікті. Жоғарыда дәстүрлі мәдениеттегі тұлға мен қауымның арақатынасы белгіленген. ХХ ғасырдың аяғында дейін ол өз тұрақтылығын сақтап келді. Социалистік құрылыстағы «коллектившілдік» турасынан алғанда қауымшылдықтың ерекше түріне жатады.

Бұл сипатта мына бір теориялық қағиданы ескеру қажет: қоғамдастық, қауым, неше түрлі коорпоративтіктер (клан-ру, діни ұжымдар, отбасы, мамандық, спорттық бірлестіктер, клубтар, мүдделері құрылымдар, т.т.) адамдық келісімнің нәтижесінде өмірге келеді және оған тәуелді болып отырады. Сол себепті тұлғалық және әлеуметтік бірлестіктер тарихи-релятивтік болып келеді.

Қоғамдастықтың салыстырмалылығы әлеуметтік-мәдени феномендерінің де шарттылығын тудырады. Мысалы, КСРО тарағаннан кейін отарсыздану үдерістері әлемдік өркениеттіліктің басқа тарихи жағдайында өтіп жатыр.  Өйткені ХХ ғасырдың 60-ы жылдарындағы отарсыздану Батыс метрополиясы емес, бұрынғы метрополияның үлкен болса да бөлігінде жүрді. Сол себепті этнократиялық ұстаным тарихи үдерістердің жалпы бағытына сәйкес келмейді, индивидуализмге негізделген қоғамды құру үшін батыстық немесе ресейлік құндылықтардан алшақтамай, қайта олармен ұлттық архетиптерді сақтай отыра конвергенцияға бару қажет.

Индустриалдық және бұрмаланған тоталитарлық қоғамдардың дағдарысыстанған және тұлғасыздандырылған әдептік құрылымдарды шекті. Оның негізінде өркениеттік дағдарыс жатыр. «Өркениет» термині бұл жерде адам мен қоғамның барлық деңгейлерін біріктіре алатын құрылымды білдіріп тұр. Үшінші толқын көпшілікке арналмаған жоғары сапалы индивидуалдық құндылықтарды көздейді. Ұлтшылдық ескі индустриалдық қоғамның туындысы.

Ақпараттық өркениетте индивидуалдық құқық нормалары қоғамдық мүдделерден жоғары қойылады. Ғаламдану ұлттық  «шекараларды» бұзып отырады. Бұл жерде екі бағыттың күресі қазіргі әлемдік өркениеттердің қарым-қатынастарының мазмұнына айналды. Осы екі бағытқа ғаламдану мен ұлттық-мемлекеттік төлтумалықты сақтау жатады.

Бұл, әрине, тым «қоюланған» сценарий. Ғаламдану мен постиндустриалдық өркениеттің теріс жақтары жөнінде жеткілікті жазылған. Біздің назар аударатын мәселеміз: осы постиндустриалдық қоғам ондағы тұлға әдебін қалай өзгертті? Басты жауап: Үшінші толқын мәдениет, құндылықтар мен моральды индивидуалдандырды. Орталық өзінің көптеген функцияларын шет аймақтарға бере бастады. Өйткені өзгермелі қоршаған ортада ақпарат орталыққа жеткенше ескіріп кетуі мүмкін. Тотальдық иерархиялық құрылымдар тиімді нәтижелерге жете алатын мобильдік топтармен ауыстырыла бастады. Индивидуалистік мәдениет өндірістік-әлеуметтік қатынастармен бірге білім беру саласын да қамти бастады.

Бұрынғы мектептегі типтік бағдарламалар бойынша стандартты оқыту мен күнделікті қарадүрсің тексеру постиндустриалдық өркениет талаптарына сәйкес болмай шықты. Елдерді сандық өлшемдер бойынша салыстырудың орнына келген адамдық даму индексінің (білім деңгейі, өмір узақтығы, тіршілік сапасы) тиімділігі қанша болса, жалпыға бірдей білім берудің орнына мақсаттық, дара, арнаулы білім беру де сонша тиімді.

Бұқаралық емес мәдениетте азшылықтың рөлі ерекше артады. Үндемейтін көпшілік индустриалдық немесе тоталитарлық қоғамдарға тән. Бір мақсатты көздеген миллиондар шектеусіз қиратушы күшке, массаға айналып кетуі мүмкін. Егер осы миллиондар өздерінің индувидуалистік мақсаттарын жеке түсініп және осының негізінде үйлесімді әрекетке барса, онда біз орнықты дамитын өркениет үлгісін көреміз. Кейін тарихшылар жалпыға бірдей дауыс беруді және көпшілік мүддесін ескеруді архаикалық рудимент деп қарастыруы мүмкін.

Бір жағынан, маркстік философияда шынайы ұтымды нақтылы жалпылық деген ұғым бар. Оны тұтастықтың жеке ерекшеліктері айқындалған, көптүрліліктің бірлігі деп анықтауға болды. Саяси жағынан индивидуалдандырылған қоғамдағы демократия өкілеттік емес, тікелей қатысушы демократиямен ауысады.

Егер сайлаған өкілдер біздің көзқарасымызды дәйекті жүргізе алмаса, онда өз көзқарасымызды өзіміз жүргізуіміз керек. Мысалы, «электрондық парламент» арқылы; Интернет жүйесін де естен шығармаған жөн. Мәселе қашанда орталықсыздандыру арқылы шешіле бермейді. Мәселені шешудің жолы – жауапкершілікті арттыруда. Экзистенциализмнің терминімен айтқанда, кез келген адам барлығы үшін жауапты. Керісінше емес. Онда анонимді әдепсіз қоғам пайда болады.

Жоғарыда келтірілген қағидалар қазіргі өркениеттілік тенденцияларын сараптаудан алынған. Енді осы тенденциялар мен қазіргі Қазақстан шындығын салыстыра қарастырайық.

Осыдан бұрын аталып өткендей, Қазақстандағы тоталитарлық жүйені қазіргі өркениеттілік үлгілерімен (нарық, азаматтық қоғам, демократия, т.т.) ауыстыру жергілікті элитаның белсенділігімен және қол жеткен тәуелсіздікті нығайту ұрандарымен жүргізілді.

Еркіндік пен теңдік арасындағы дисгармонияны болдырмау тұлғалық және әлеуметтік мәдени құндылықтардың арасындағы амбиваленттік қатынастарды уақытында айқындап, нақтылы тарихи жағдайларды ескере отырып, үйлестіру шаралармен байланысты. Бұл жерде жалпы үлгі, схема жоқ. Сонда да әлемдік тәжірибелерден тағылым алған артықшылық болмайды. Мысалы, Латын Америкасында өткен рестратификация мен жекешелендіру элита мен халық бұқарасының арасында терең шатқалдың пайда болуына әкелді және көпшіліктегі сауатсыздық пен саяси мәдениеттің төмен деңгейі экстремизм мен терроризмнің пайда болуына себептер болды. Осы сияқты құбылыстарды Ауғанстан сияқты мұсылман елдерінен де байқауға болады.

Егер Қазақстанда өтіп жатқан рестратификация мен десоциализация үдерістеріне назар аударсақ, онда сол «латынамерикандық дамудың»  жаңа түрлерін аңғаруға болады. Мысалы, соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында (әсіресе, теледидарда) «зомби»  туралы жиі айтылып жүр. Аталған ұғымның көркемдік, көпшілік мәдениетінде – табыстық-кассалық мағынасынан басқа рәміздік (символдық) мазмұны бар. «Тірі өлік»  немесе зомби деп көптеген жағдайда рухани мәдениеттен тыс адамды айтады. Зомби тарихи-мәдени жадыдан тыс адам.  Зомбиге жақын типтік ұғымға мәңгүрт жатады.

Бұл Ш. Айтматовтың көрген бейнесі кейін әлеуметтік-мәдени рәмізге айналған. Осы ұғым жөнінде арнаулы талдау біршама жеткілікті болғандықтан, оның кейбір жақтарына ғана назар аударайық.

Тәуелсіздік жылдарында рестратификация мен бірегейлену біздің елімізде этникалық доминанттар ықпалымен (тәуелсіздікті, егемендікті, жер мен ел тұтастығын сақтау, т.т.) жүргізілгендіктен, кейбір зерттеушілер қазақ мәдениетіндегі екі субэтнос (қазіқ тілді және орыс тілді қазақтар) туралы жазып жүр.

Біздің ойымызша, осындай бөліністің кейібір негіздері болғанымен қазіргі өркениеттілік үдерістері мен индивидуалданған қоғамда оның жасандылығы да айқын көрініс табады. Басқаша айтқанда, этносты тілдік негіз бойынша жіктеу мәдениеттанулық у-хрония мен у-топияға жатады. Архаикалық және патриархалдық-кландық сананың белгілі бір өкілдері орыс тілді қазақ мәдениетінде мәңгүрттік белгілер бар дегенді де шығарады.

Өйткені олар үшін рухани мәдениет қоршаған орта мен заман талаптарына оқшауландырылған мұражай сипаттас болып келеді. Бұл сана ежелгі туысқандық қатынастарды адамдық пен кісіліктің жоғары үлгісі деп жариялады. Қазақстанда бұрын «ауыл — ұлт тірегі» деген тіркес «ұлтжанды» интелегенция өкілдері тарабынан жиі айтылады.

Ауыл шаруашылығына жүргізілген деколлективизациядан соң оның да мәнділігі азайып, ауылды жаңғырту бағдарламасының жағымды мүмкіндіктері де бар екенін мойындау қажет. Қазіргі постмодерндік қоғамдастықта тұлғаның төмендегідей қасиеттері жоғары бағаланады: автономдық, атомарлық, жасампаздық, еркіндік, шығармашылық. Осындай дара тұлға үшін ең басты әдептік ұстын – «құлдық ділден» аралу. Ол «коллектившілдік нарциссизмнің» де мәнісін түсінеді.

Орталықсыздандырылған дискурс постмодеріндік әлеуметтік мәдениеттің басты белгісіне жатады. Адам – негізгі капиталға айналды және бұл жай айтыла салған сөз емес.

Пысықтау сұрақтары:

  1. Тәуелсіздік пен мәдениет арасында қандай байланыс бар?
  2. Тоталитаризмнен жаһанданушы әлем мәдениетіне ауысуда қандай үдерістер маңызды болды?
  3. Постмодерндік мәдениет Қазақстанда қандай деңгейде тұр?
  4. Коллективистік сана мен жекеленудің арасында қандай айырмашылықтар болды?
  5. Қазақстандағы бұқаралық мәдениеттің ерекшелігі неде?

    Дереккөз: ҚазҰУ, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының дәрісіҰқсас материал: 

    1. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері
    2. Педагогикалық үдеріс — әлеуметтік жүйе, белгілері мен сапа-қасиеттері
    3. Тәрбие теориясы. Тәрбиенің заңдылықтары мен ұстанымдары. Оның міндеттері мен қызметтері.
    4. Терминге қойылатын талаптар
    5. Көркем троптар, олардың түрлері
    6. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
    7. Өнерінің эстетикалық табиғаты
    8. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
    9. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
    10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
    11. Әдебиеттің тектері мен түрлері
    12. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
    13. Этиканың пәні мен болмысы
    14. Ежелгі Шығыстың этикалық ілімдері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ