Пайдалы әдеттерді қалай қалыптастыруға болады?

0
1758

Өмір өзі неден тұрады? Осы сұрақты ойланып көріп пе едің? Таңертең тұрасың, беті-қолыңды салқын сумен жуып, ұйқыңды ашасың, тістеріңді тазалайсың, еріншек болсаң, таңғы астың қамын жасайсың, ал болмасаң, таңғы жаттығуды жасайсың немесе жүгіруге шығып қайтасың. Әрі қарай жалғастырсам, ұзақ болып кетер. Бұдан нені байқадың? Бір қарасаң, кішігірім іс-әрекеттер, бірақ кейде осыны да істеуге ерініп жатамыз.

Бірақ қаншалықты кішігірім болса да, ұзақ мерзімде сенің өміріңе көптеген жақсы өзгерістер әкелетінін түсінесің бе?

Мысалы, ерте тұрсаң, күніңді алдын-ала жоспарлап, көптеген істерге үлгеруге болады. Тамақтанғаннан кейін ерінбей тісіңді тазалап тұрсаң, тістерің кариеске ұшырамайды. Күнде таңғы жаттығу істеп тұрсаң немесе жүгіруге шығып тұрсаң, күні бойы өзіңді сергек сезінесің, денсаулығыңа да пайдалы.

Өмір көп жағдайда осындай қайталанатын қарапайым іс-әрекеттерден тұрады. Бұл қайталанатын қарапайым іс-әрекеттердің өз атауы да бар. Әдет деп жатамыз ғой. Міне, өмір сол әдеттерден тұрады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп жатады ғой үлкен кісілер. Расында да. Әдеттердің адам өмірінде алатын орны зор.

Менің ойымша, әрбір адамның өміріне қажет бірнеше пайдалы әдет бар және ең бастысы: бұл әдеттерді қалыптастыру әр адамның қолынан келеді.

Олар:

— күнді жоспарлау, өз-өзіңе есеп беру (таңертең немесе кешкісін жатар алдында);
— физикалық жаттығу жасау немесе жүгіру (спортпен айналысу болса, тіптен қатып кетеді);
— уақытылы тістің саулығына көңіл бөлу (тамақ ішкеннен кейін тазалап тұру);
— күніне бір өлең жаттау (қысқа болса да), кітаптың бір тарауын немесе бірнеше бетін оқып, өзіңе түсінік айту, немесе логикалық есептер шешу (қайсы нұсқа өзіңе ұнайды, соны таңда, бұның барлығы миды сау қалпында сақтап қалу үшін);
— әлеуметтік желілерді, жалпы ғаламторды белгіленген уақытта белгілі бір мақсатпен қолдану (мысалы, әлеуметтік желілерге түске жақын бір, кешкісін бір рет қана кіру);

Міне, осы аталып өткен әдеттер ұзақ мерзімде адам өміріне үлкен өзгерістер енгізеді.

Әдеттер жайлы жалпы түсінік қалыптасты деген ойдамын. Бір жағынан неліктен әдеттер соншалықты маңызды екенін де түсінген шығарсың. Енді әдеттердің өзін қалай қалыптастырсақ болады?

Мұнда алдын-ала ыңғайлы жағдай жасау, визуализация (елестету), қарама-қарсы жағдайды елестету мен өзіңе сыйлық беру қажет.

Не істейсің?

Мысалы, таңертең ерте оянып, жүгіру керек болса, сен жатар алдында спорт киімдеріңді дайындап, көрінетін жерге жиыстырып қоясың. Сосын ең маңызды сәт: оятқыш шырылдайды, оянасың, жиналып тұрған спорт киімдеріңе көзің түседі де, жүгіру қажет екені лезде есіңе түседі, бірақ сен ерте оянып, жүгіріп үйренбегенсің, сол сәтте-ақ ешқандай зауқың жоқ екенін түсінесің. Мұндайда жалпы не істеуге болады? Біріншіден, көп ойланып жатпау керек.

Әйтпесе «Қазір тұрсам, не болады екен?», «Дала суық шығар, қалай жүгіремін?» деген секілді қажет емес ойлар басыңа келеді. Егер көп ойланып жатып қалсаң, екінші B жоспарына көшу керек. Визуализация! Иә, сүйікті музыкаңды қосып қойып, таңертең жалғыз өзің таза ауада жүгіріп жүргеніңді елестет. Жүгіріп болған соң қалай тынығып қалатыныңды, үйге келгеннен кейін салқын суға шомылатыныңды, одан кейін таңғы асты жақсы тәбетпен қабылдайтыныңды елестет.

Қандай керемет! Сен сол сәтте-ақ төсектен тұрып, зуылдап, үйден шығып кетесің. Мұнда біз қандай амалдарды қолдандық? Жоғарыда атап өткендей, алдымен жүгіруге алдын-ала ыңғайлы жағдай жасадық (спорт киімдерін жатар алдында дайындап, көрінетін жерге қойдық), жүгірудің өзін және нәтижесін елестеттік.

Тағы бір мысал: тіс жууға қатысты. Бәріміз тістеріміз ауырмай, таза әрі сау күйінде қалғанын қалаймыз, солай емес пе? Ондай болса, тістің саулығына көңіл бөлу керек. Не істейміз? Көп жағдайда біз тісті уақытылы тазалап тұруға ерініп жатамыз. Мұндайда қарама-қарсы жағдайды елестетудің пайдасы мол. Тісіңді уақытылы тазалап тұратын болсаң, жарты жылда бір рет болсын стоматологқа көрінетін болсаң — тісің ауырмайды, қара дақтар, шіріктер пайда болмайды, өмірің бір толы қуаныш!

Ал енді қарама-қарсы жағдай: тісіңді тазаламайсың, арасында тісің ауырғанда немесе есіңе түскенде бір тазалайсың, стоматологқа мүлде қаралмайсың, демек, тиісінше уақыт өте тістеріңде қара дақтар пайда бола бастайды, одан шірікке айналады, одан кейін тіпті жан қоймайтындай етіп ауырсына бастайды, ақыр соңы тісіңді жұлдыртып, тіссіз қаласың. Жағымсыз, иә? Ешкімнің басына бермесін. Бірақ таңдау әркімнің өз қолында емес пе? Егер тіс жуғың келмей тұрса, қарама-қарсы жағдайды елестет. «Қой құрсын!» деп өзің тазалайтын боласың.

Мен жалпы өмірлік мысалдардың негізінде әдеттерді қалай енгізуге болатынын түсіндіріп өттім. Жоғарыда аталған әдістерді қолданып, пайдалы әдеттерді қалыптастырып бастайсың деген сенімдемін.

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  15. ҰБТ-ға дайындықты ерте бастаудың артықшылықтары


ПІКІР ҚАЛДЫРУ