11 сыныпқа келгеніңде білуің керек 11 нәрсе

0
1304
  1. Gmail деген не? Email деген не?

Gmail деген — Google компаниясының тегін пошталық қызметі. Басқаша айтқанда, телефонды жаңадан сатып алғанда ашатын электрондық пошта. Оны қайдан білуге немесе ашуға болады? Ұялы телефоныңнан «Gmail» деген жазуы бар бағдарламаны тауып алып өзіңнің поштаңды анықтауыңа болады немесе жаңадан ашуыңа болады.

E-mail деген — компьютер желісін пайдаланатындарға арналған хат алмасу қызметі. Оның түрлері көп, оның ішінде бізге кеңінен танымалы — Mail.ru Group компаниясына қарайтын орыс тілді Mail.ru интернет-порталының электронды поштасы.

«ҰБТ Академиясының» курстарына қатысуға Gmail керек. Яғни, оның жазуы xxxxxxxxx@gmail.com деп аяқталуы тиіс, xxxxxxxxx@gmail.ru немесе xxxxxxxxx@mail.ru — қате.

2. Тайм-менеджмент деген не?

Ағылшын тілінен аударғанда «time» — уақыт, «management» — басқару деген мағынаны береді, яғни, жалпы мағынасы — уақытты басқару. Ендеше, саған ҰБТ-ға дайындық барысында уақытты дұрыс басқару қабілеті керек болады. Тайм-менеджмент бойынша төмендегі кеңестерге құлақ түрсең, оқуың жемісті болатынына сенемін:

1) Келер күннің негізгі үш мақсатын түнде қою;

2) Артық нәрселерге «Жоқ» деп айта алу;

3) Күн сайын мақсатқа бір қадам жасау.

3. «Pomodoro» деген не?

«Pomodoro» — өзіңді қатты шаршатпай оқуға (немесе жұмыс істеуге) негізделген әдістің атауы. Яғни, 25 минут оқып, 5 минут демалу принцпімен 2-3 сағаттай тынбай білім алуға болады. Әсіресе, өз уақытың өз қолыңда болғанда миыңды қатты шаршатып жібермей көп уақыт бойы оқи аласың. Демалыс уақытында 5 минут серуендеуіңе, жаттығу жасауыңа, әлдекіммен сөйлесуіңе болады. Тек орныңда отырып телефон шұқыламасаң болғаны. «Forest: stay focused» бағдарламасы саған телефонның қызығына кіріп кетпеуге және концентрацияы сабаққа бөлуге көмектеседі.

4. Флеш-карточка деген не?

Флеш-карточкалар — саған ақпаратты ұзаққа есте сақтауға көмектесетін қағаздар. Оның жай қағаздан айырмашылығы не? Оны қалай пайдаланса болады?

1) Арнайы төртбұрышты «для заметок» деген парақтар сатып алу немесе дәптер парағын қалауыңа қарай 4-ке немесе 6-ға бөлу;

2) Оқитын пәнің мен оның ішіндегі параграфты таңдау;

3) Оның бір жағына сол параграфтан алынған сұрақ, екінші жағына жауап жазу;

4) Сұрақ пен жауапты құрастырғанда оның қиын болып кетпеуін қадағалау;

5) Скрепкамен бір тақырып бойынша жасалған флеш-карталарды жинап, үстіңгі жағына бір ақ қағаз қойып, тақырып пен карталардың жасалған уақытын жазып қою.

6) Уақыт интервалдарымен қайталау: Бүгін картаны жасадың ба, ертең қайталайсың, ертеңнен кейінгі 3 күннен соң, сосын 7 күннен соң, сосын жарты ай, сосын 1 ай, сосын 3 ай, жарты жыл, т.с.с. қайталай бересің.

7) Ұмытылып қалған карталарды қайтадан басынан бастап қайталу керек.

Флеш-карталармен жұмыс жасау қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ байқап көру керек, әдетке айналдыру керек, сонда күніне 15 минуттан артық уақыт кетпейтінін түсінуге болады. Бірден емес, бір ай флеш-карталар пайдаланған соң есте сақтау қабілетіңе рахмет айтасың. Себебі, қайталанбаған білім — өлген білім.

5. Интернет-сауаттылық деген не?

Біріншіден, сенің әлеуметтік желілердегі барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауың. Екіншіден, өзіңе керек ақпаратты іздей алу қабілетің. Яғни, Google-ді, Youtube-ті, Вконтактені дұрыс пайдалана алуың: керек ақпаратты табу, артық сұрақтармен және балағат сөздермен әлеуметтік желі қолданушыларын мазаламау, кез келген өзіңе керек материалдарды (мысалы, ҰБТ нұсқалары) іздей алу.

6. «Habit tracker» деген не?

«Habit tracker» деген — әдеттеріңді бақылауға арналған кесте. Оның көлденең қатарына күндер, тік қатарына әдеттер тізімі жазылады. Сол күн мен әдеттің қиылысқан жеріндегі торкөзді бояуға немесе «х» белгісін қоюға болады (немесе кез келген өзің қалаған белгі). Солайша сен өзіңнің белгілі бір күні сол әдетті орындаған-орындамағаныңды біле аласың. Күн сайын осы трекермен жұмыс жасай отырып жақсы әдеттер қалыптастыруға болады. Мысалы, таңертең ерте тұру, спортпен айналысу, 25 минут кітап оқу , т.с.с. Сонда бұл саған не үшін керек деп ойлайсың ба?

ҰБТ-ға дайындық барысында көптеген оқушыларға алға жылжуға кедергі келтіретін нәрсе — тұрақты, әрі жүйелі дайындықтың жоқтығы. Яғни, ҰБТ-ға дайындалғың келіп тұр, бірақ не істеріңді білмейсің: Қазақстан тарихы кітабы, 9999 ескі нұсқалар және телефоның қасыңда. Солайша телефонға кіресің де, өзіңе пайдасы жоқ контентті оқисың немесе достарыңмен сөйлесіп кетесің. Досым, тоқта. Осылайша не істеріңді білмей күн артынан күн өткізбексің бе? Осындай жағдайда «Habit tracker» көмекке келеді. Күнде істеуің керек минимум іс-әрекеттің тізімін жасап алып, соларды күн сайын орындауға тырыс. Сол әдеттердің ішіне күнде Қазақстан тарихынан немесе дүние жүзі тарихынан1 параграф жаттап, 1 нұсқа талдауды қосып қой.

7. Сенің оқудағы өнімділігіңнің шыңы қашан?

Бәлкім ол түнгі 00.00-03.00, бәлкім, таңғы 5. Әйтеуір, әр адамның жұмыс істеу өнімділігі максималды деңгейге жететін кездері болады. Дәл сол сәтті анықтап, ұстап алып, жібермеуге тырыс. Себебі, түнімен 3 сағат бойы түсінген материалды таңертең 3 минутта түсініп алуың мүмкін болса, неліктен 2 сағат 57 минутты үнемдемеске? Есіңде болсын, сен қанша жұмыс істейсің, сонша білім аласың немесе сонша нәтиже көрсетесің деген қағида жұмыс жамайды. Мейлінше өзіңе тиімді уақытта білім алып, қалған уақытты сүйікті істеріңе жұмсауыңа болады. Жеке «час пигіңді» анықтай алмасаң, ұйқыдан тұрғаннан соң 2 сағаттан кейінгі 2-3 сағат адам миының ең жақсы жұмыс істейтін шағы дейді кейбір ғалымдар. Сол уақытқа қарай нақты сабақ оқитын уақытыңды бағдарласаң, күнде аз ғана уақыт құртып, сапалы білім алуыңа болады.

8. «Нейро курс» деген не?

«Нейро курс» деген — сенің аз уақыт ішінде сапалы әрі жүйелі түрде ҰБТ-ға онлайн дайындығыңа көмектесетін курс. Оның ұзақтығы бар болғаны 1-2 ай, ал нәтижесінде мемлекеттік грант алу ықтималдығың жоғарылайды. Артықшылықтары туралы қысқа да нұсқа:

1) Сен қайда болсаң, ол сол жерде. Яғни, жолға уақыт құртпайсың, уақыт үнемдейсің;

2) Бағасы өте қолжетімді, ата-анаңның қалтасына сын болмайсың;

3) ҰБТ-ға дайындықтан бөлек өмірге дайындықтан өтесің.

Барлық курстар туралы пікірлерді мына сілтемеден оқи аласың:

Неге осындай қарапайым сұраққа жауап беріп отыр дерсіңдер, бірақ оқу жылының басы болғасын ба, кейбір оқушылар «Нейро курс деген не бәле?» деген сұрақ қоя бастады. Сондықтан, жарнама емес, танымдық мақсатта осы сұраққа жауап бердім.

9. «Жоқ» деп айтсаң не болады?

Әлеуметтік желілердегі керексіз қоқыс сияқты ақпараттарға, өміріңдегі уақытың мен жүйкеңді жейтін адамдарға, басыңды ауыртатын ойлар мен жүрегіңді ауыртатын сезімдерге, күн сайын «анда барайық, мында барайыққа» салатын достарыңа уақытында «жоқ» десең, ештеңе болмайды. Есесіне, уақыт босайды. Өзіңе, хоббилеріңе, білім алуыңа және мақсаттарыңа жетуге.

10. «Өз өмірің өз қолыңда болу» деген не?

Өз өмірің өз қолыңда болу деген — тағдырыңды басқа адамға тапсырып қойып ай қарап жүрмей, әр күніңнің, әр сағатыңның, әр минутыңның қалай өтетінін өзің шешу. Бұл жауапкершілікті өз мойныңа алсаң, ҰБТ-да аз балл жинасаң, ешкімді кінәламай, «ой, мен оқиын деген едім, пәдрөшкелерім менімен сөйлесе берді, ой, оқиын деген едім, мұғалім дұрыс сабақ берген жоқ, ой, оқиын деген едім, мамам ыдыс жуғызып қойды, интернет істемей қалды» демей, өзіңе керек емес іс-әрекеттерді өміріңнен алып тастап, керек кезде «жоқ» деп айта алып, «Мен грантқа түстім, себебі мен күн сайын өз мақсаттарыма жеткізетін іс-әрекеттер жасадым» дегенің жақсы емес пе?

11. ҰБТ деген не?

ҰБТ деген — көпшілігің елестететіндей «Ұлттық Біркүндік Төңкеріс» емес, «Ұпай Берілетін Тест» қана. Өзіңнің денсаулығыңды ұмытып, достарыңды ұмытып, жеке қызығушылықтарыңды ұмытып таңнан кешке дейін ҰБТ деп тамақ ішіп, ҰБТ деп сабақ оқып керек емес. Егер мақсатыңа ҰБТ жеткізбесе, басқа нұсқаларды қарастырып, ҰБТ-ны екінші орынға қой. Жалпы, осы бастан өзіңді стресске түсіріп, жаныңды қинамашы. Сенің қолыңнан өзің қалаған мамандығыңа оқуға түсу келеді, сен ҰБТ-ға күліп кіріп, күліп шығуға лайық жансың.

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  15. ҰБТ-ға дайындықты ерте бастаудың артықшылықтары
  16. ҰБТ-ға дайындық эффективтілігін төмендететін ТОП-10 қателік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ