Аллегория дегеніміз не?

0
7351
Иллюстрация: Freepik.com

Аллегория (грекше – allegorіa — пернелеу, меңзеу).

Аллегорияда пікір астарлы келеді. Бірақ астарлы сөйлеудің әр түрі бар. Кейде астарлау жұмбаққа айналып кетеді. Ондай жағдайда астарлы мағынаны әркім әр түрлі ұғынуы, әр басқа түсінуі мүмкін. Ал аллегория сол астарлап , пернелеп сөйлегенде дерексіз ұғымдарды деректі, тұжырымды ұғымға айналдырады.

Мысалы: қулық, сұмдық, айла, әділдік, қастық, достық. Бұлардың бәрі дерексіз жалпы ұғымдар. Алайда адамдар арасындағы әр алуан тартыстардың нәтижесінде осы ұғымдар деректі заттай-ақ сезіледі.
Әдебиеттегі осындай ұғымдарды көбіне аңдар бейнесінде береді.
Түлкі — қулық; қасқыр — қара жүректік, қатыгездік; арыстан — өктемдік пен билікті; аққу — достық пен махаббаттты; ақ көгершін — бейбітшілікті, аю-зорлық , құмырсқа — еңбекқорлықты, шегіртке – жалқаулықты, қой – момындықты білдіреді.

Аллегория көбіне мысал өлеңдерде кездеседі. Адамдардың жасайтын әр алуан істерін, айла-амалдарын, мінез-құлықтарын айуандардың араларында болған нәрсе етіп суреттейтін, эпостық жанрдың түрі саналатын сюжетті, қысқа өлеңдерді мысал өлеңдер десек, соның образ жасау үшін қолданатын сөздерінің көпшілігі аллегория болады.

Аллегорияда екіұшты түсінік жоқ. Онда айтайын деген ой анық.
Мысалы :

Тұрды патша ( арыстан ) қайғырып, уайым жеп,-
“Ала қойды болады қайткенім еп ? ”
Аю, түлкі қасында — уәзірлері,
Кеңеседі оларға “ Қайтемін ? ”-деп.
Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
-Батыр патшам, не керек көп ойлану.
Қойды жан деп есіркеп кім аяйды ?
Ақылы ала қойдың – қырып салу…
 (С.Дөнентаев “Ала қойлар”).

Аңдардың арасында бұл тәрізді кеңестің болмайтыны баршаға мәлім. Сондықтан арыстан да, аю да, түлкі де, қасқыр да адамдар арасындағы қулар мен қара жүрек қатыгездерді бейнелесе, ала қойлар бейнесінде момын, қарапайым жұрт алынғаны белгілі болып тұрады. Автор зорлық пен зомбылық иелерінің қара халыққа жасайтын қиянаттарын осындай астарлау арқылы, тұжырымды образдар арқылы анағұрлым жеңіл жеткізеді. Аллегориялық ұғымды әркім әр түрлі талқылауға жол қалдырмайды.

Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып “гөлайттап”
Қызықпен жүріп жазды алған.
(Абай аудармасы “Шегіртке мен құмырсқа”).

Мұндағы шегіртке – жалқаулық, ал құмырсқа — еңбекқорлық бейнесінде алынған.
Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдер аллегориялық тәсілмен жасалған.
Мысалы: Беріпті бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Семізін құмырсқаның ұстап сойып.
Той қылып, ат шаптырған төңірекке
. ( Өтірік өлең ).

Аллегориялық тәсілмен жазылған шығармалар қазақ әдебиетінде көптеп кездеседі. Оның алғашқы нұсқалары Ы.Алтынсариннің ( “Екі соқа” ) т.б. әңгімелерінде, Абайдың И.Крыловтан аудармаларында, А.Байтұрсыновтың , С. Дөнентаевтың мысал өлеңдерінде,аудармаларында кездеседі.

Әдебиетте қулық, зорлық, момындық, сараңдық, жауыздық , жақсылық тәрізді дерексіз ұғымдарды деректі ұғымға айналдырып, әрқайсысы бір нәрсені не айуандарды меңзейтін сөз образын — а л л е г о р и я дейді.

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ