Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдар

0
1544
Иллюстрация: Freepik.com

Анаға деген құрмет қазақ халқының тарихында мемлекеттілік тарихымен, қазақ халқының этногенезімен, халқымыздың мəдениетімен, рухани өмірімен қатар дамып, біте қайнасып келеді.

Оның ежелгі замандардағы көрінісін бүкіл түрік тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық тəңірісі болып саналған – Ұмай-анаға деген табынуынан көрсек, мың жылдан астам уақытқа созылған ортағасырларда, əсіресе оның ислам дəуірі кезеңінде «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» жəне осындай сипаттағы қағидалар арқылы берік орнығады. Қазіргі күндерге дейін жалғасын тауып отырған осы бір асыл қасиет халқымыздың аналарға арнап шығарған əндерінен кең байқалады.

Қазақ халқында ана тақырыбына арнап өлең жазбаған ақын, əн шығармаған сазгер жоқ шығар. Егерде əндер тақырыбын арнайы зерттеген маман болса, онда ол ана тақырыбының алдыңғы қатарлардың бірінде тұратынын ешбір қиындықсыз дəлелдеп берген болар еді.

Ал оған қарсы ешкім де дау айта алмаған болар еді. Аналарға арнап шығарылған əрбір əннің сөздері жүректің тереңінен шыққаны белгілі. Дегенменде, белгілі «Анашым» əніндегі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген жолдарды білмейтін қазақ баласы жоқ деп ойлаймын.

Бұл дегеніміз – бірнеше мың жылдардан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан Анаға деген сыйдың, құрметтің қазіргі күндердегі бір ғана көрінісі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Анаға деген құрмет қазақ тарихының барлық дəуірінде сақталынып келді. Біз оны хандық дəуір деп аталатын – XV-XVIII ғасырлардағы тарихымыздан анық байқаймыз. 2015 жылы 550 жылдығын атап өтіп отырған Қазақ елінің тарихында Керей мен Жəнібек хандардың ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеруімен жаңа белес басталады. Үш жарым ғасырдан астам уақытқа созылған хандық дəуірде ел есінде небір аяулы аналарымыз бен əжелелеріміздің есімдері мəңгіге сақталып қалды.

Тарихымыздың хандық дəуірінде өмір сүрген асыл Аналарымыздың есімдері тарихи санамызда мəңгіге сақталып, олар мынадай дерек түрлерінде көріністер береді:

1) жазба дерек мəліметтерінде;

2) ауыз əдебиетінің үлгілерінде;

3) материалдық ескерткіш түрлерінде;

4) ру-тайпа атаулары мен ру-тайпа ұрандарында кездеседі.

Төменде осы көрсетілген тармақтар бойынша аналарымыздың тарихымыздағы рөлі жөнінде жеке-жеке қарастырып көрелік.

«Батыр да анадан туады» деген халық мəтеліне сай, хандық дəуірдегі əрбір хан, сұлтан мемлекет басшысы, мемлекет қайраткері болып қана қоймай, əрі батыр, əрі қолбасшы бола білген. XV-XVII ғасырлардағы атақты қазақ хандары мен кейбір сұлтандарының аналарының есімдері жазба дерек мəліметтерінде сақталған. Ол жөнінде тарихшы Қадырғали би Қосым ұлы Жалайыридың еңбегінде айтылады.

Автор XV-XVII ғасырлардағы қазақтың 6 ханының, 8 сұлтанының жəне 4 ханымының аналарының есімдерін айтып өтеді. Олар мыналар:

1) Жаған бикем, ол – қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жəнібек ханның əйелі, Қасым ханның анасы;

2) Ханық сұлтан ханым, ол –атақты Қасым ханның əйелі, Хақназар ханның анасы;

3) Абай-хан-бегім – Шығай ханның, Мəлік сұлтанның анасы;

4) Байым-бике – Сейітқұл сұлтанның, Ондан сұлтанның, Алтынханымның анасы;

5) Жақсым-бике (Яхшым-бике) – Тəуекел ханның, Есім ханның, Сабыр бике ханымның анасы;

6) Дадам ханым – Әли сұлтанның, Сулум сұлтанның, Ибрагим сұлтанның, Шахим сұлтанның анасы;

7) Алтын ханым – Оразмұхаммед ханның жəне Тəтті ханымның анасы;

8) Сүйім ханым – Тəуекел ханның əскер басшысы Көжек сұлтанның анасы.

Дерек мəліметінде айтылған сегіз ханымнан туған мемлекет басшылары: Қасым хан, Хақназар хан, Шығай хан, Тəуекел хан, Есім хандар – 1511 жылдан 1628 жылға дейін Қазақ хандығын билеген тарихта белгілі тұлғалар.

Бұл хандардың билігі тұсында Қазақ хандығы негізінен күшею, өрлеу кезеңдерін басынан өткергені белгілі. Олардың осындай тұлға балып тарихта қалуында аналарының рөлі болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

XVI ғасырдың 20-30 –шы жылдары Қазақ хандығы үшін өте ауыр болғаны белгілі. Тахир ханның билігі тұсында Қазақ хандығының Ноғай ордасымен, Шығыс Түркістан аумағындағы Могулия мемлекетімен қарым-қатынастары күрделі болып, ол қатты шиеленіседі. Осындай жағдайда қазақ-моғол қарымқатынасын жақсартуға Жүніс ханның қызы, Әдік сұлтанның, одан кейін Қасым ханның əйелі болған– Сұлтан-Нигар ханым белсене араласып, үлкен нəтижелерге қол жеткізеді.

Сөйтіп, ақылды ханымның арқасында Қазақ хандығы мен Могулия мемлекеттерінің арасындағы шиеленісті қатынастар бейбіт жағдайға ауысады. Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінде Сұлтан–Нигар ханымның парасаттылығын айта келе, Тахир ханның оған туған анасындай құрмет көрсеткенін ерекше айтып өтеді.

XVIII ғасырдағы тарихымызда Кіші Жүздегі Әбілқайыр ханның əйелі – Бопай ханымның ақылдылығы мен парасаттылығы жөнінде орыс деректерінде көп баяндалады. Әбілқайыр ханның тұсында сұлулығымен қатар, ақылдылығымен көзге түскен Бопай ханым Кіші жүзде үлкен құрметке ие болады.

Ал 1748 жылы Әбілқайыр ханның қазасынан кейін Кіші Жүздің ішкі саяси өмірінде, қазақорыс қатынасында билікте отырған ұлдарына кеңесші, ақылшы бола білген Бопай ханымның есімі жазба деректерде өте жағымды бейне ретінде жақсы баяндалады. Бопай ханым қайтыс болғаннан кейін де, оның моласы талай уақыттар бойы рухани ем іздеген нəзік жандарға азық ретінде қызмет етуін тоқтатпайды.

Хандық дəуірден бері ел аузында кең таралған ауыз əдебиетінің үлгілерінде Ел Анасы болған – Домалақ ана жөніндегі аңызəңгімелер өте көп. Текті жерде туып-өсіп Адал жар, Ел анасы бола білген Домалақ ана ұрпақтарына ақылдылығымен, сабырлылығымен, көрегендігімен, кемеңгерлігімен, əулиелігімен есте қалады. Оның жерленген жері күні бүгінге дейін апаларымыз бен əжелеріміздің, қарындас – жеңгелеріміздің зиярат ететін жеріне айналған.

Тарихымызда аналарымызға қойылған материалдық ескерткіштер – күмбездер, мавзолейлер, мазарлар күні бүгінге дейін жетіп отыр. Домалақ ана кесенесі, Рабиға сұлтан бегім мавзолейі, Бопай ханым мазары əлі күнге дейін өздерінің негізгі міндетін жоғалтпай, жаңа ұрпақ өкілдеріне рухани қызмет етуде.

Аналарымызға деген құрметті қазақ халқының ру-тайпа жəне оның бөлімшелерінің атауларынан, тіпті ру-тайпалар ұрандарынан көруге болады.

Енді осы пікірімізді төменде дəлелдеп көрсетелік. Алдыменен есімі ұранға айналған Аналар туралы тоқталсақ.

Негізінен алғанда, қазақ халқының құрамындағы ру – тайпа ұрандарының шығуы мен пайда болуы мəселесі Отандық тарихнамада əлі күнге дейін арнайы тақырып ретінде зерттелмеген. Тек кейбір зерттеу еңбектерінде бұл мəселе жанама түрде қарастырылып өтеді. Сондай ізденістердің материалдарына сүйене отырып, қазақ ру-тайпаларының ұрандарының пайда болуы жөнінде мынадай тұжырымдарға келеміз.

Біріншіден, барлық ру-тайпалардың ұрандарының негізіне белгілі тарихи кезеңде өмір сүрген нақты бір тарихи тұлғалар алынады.

Екіншіден, тарихи тұлға есімі ұранға айналуы үшін оның ерекше қасиеттері – əулиелік, батырлық, көсемдік, шешендік секілді қасиеттері айрықша көрінуі керек.

Үшіншіден, кейбір ұрандар бірнеше ғасыр бойы қолданылып, кейіннен оның орнына жаңа ұрандар ауыстырып отырса, кейбір ұрандар өзі пайда болған кезінен бері уақыт тезіне шыдап отырған.

Төртіншіден, ұрандардың шығуын зерттеу қазақ халқының этногенезін кең түрде қарастыруда көмекші қызмет ете алады екен.

Қазақ халқының этникалық құрамындағы ірі ру-тайпалардың ұрандарына назар аударғанымызда, көзіміздің жеткені мынау болды. Барлық ұрандардың негізіне ерекше қасиетке ие болған атабабаларымыздың есімдері алынған екен. Тек бір ғана тайпаның ұранының негізіне – ана есімі алыныпты. Ол – арғын тайпасының құрамындағы ең белді ру – Қаракесек руының ұраны.

Ұран – Қарқабат деп аталады. Қарқабат ананың кім, қандай тұлға болғандығы жөнінде ауыз əдебиетінің материалдарында көптеген мəліметтер кездеседі. Ол мəліметтерде Қарқабат ананың асыл қасиеттері туралы көп айтылады. Қарқабат ұранының бір ерекшелігіне – оның уақыт сынына төтеп беріп, пайда болған кезінен бері өзгермей келе жатуы жатады. Бұл да анаға деген құрметтің жарқын бір көрінісі болса керек.

Қазақ халқында аналардың есімдерімен аталатын ру-тайпа бөлімдері көптеп кездеседі. Бұл да аруақты Аналарға деген бір құрметтің түрі болса керек.

Қазақ халқының шежірелік құрылымындағы ру-тайпалардың құрамындағы бөлімдер мен бөлімшелерге, тармақтарға көңіл аударсақ, Аналар есімдерінің рулық тармақтарға берілу жолдары əртүрлі болғанымен, бір ортақ нəрсе бар. Оған – руға есімі берілген аналарымыздың бəрінің ақылды, көріпкел, кемеңгер, сабырлы, салмақты жəне тағы осындай жақсы қасиеттерді иеленген тұлға болуы жатады.

Ауыз əдебиетінің мəліметтері мен шежірелік материалдарға сүйенсек, Кіші жүздегі Кете тайпасының атауы – Кете бике анамыздың есімімен байланысты. Кете бике анамыздың есімі қалай ру атына берілгендігі туралы ел арасында тараған аңызəңгімелер бар. Әлімнің ішіндегі Қаракесек тайпасында Қасай, Шектіде – Жекей деген тармақтар бар. Шежірелерде Қасай мен Жекейдің апалы-сіңілі қыздар болғандығы туралы айтылады. Найманның Матай тайпасында – Қызай, Қаракерей тайпасында – Мұрын атты рулық бөлімдердің бар екені белгілі. Ел арасында кең таралған аңыз əңгімелерде бұл екі анамыз Домалақ ананың қыздары болыпты. Бірінің есімі – Күнбибі, екіншісінің есімі – Жүзей екен. Күнбибі анамыз Қызай деп аталып, одан тараған ұрпақтар қызайлар деп аталып кетіпті.

Ал Жүзей анамыздың лақаб есімі Мұрын делініп, одан тараған ұрпақтар мұрындар делінеді. Есімдері аталған Аналарымыздың асыл қасиеттері ғана олардың есімдерін ру тармақшасына бергізіп, олардың есімдерін мəңгіге қалдырып отыр. Бұл да халқымыздың аналарға деген сый-құрметтерінің бірі деп білеміз.

Осылайша жоғарыда айтылған ойларымыздың бəрін түйіндей келе, қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі – Анаға деген құрмет ежелгі замандардан бері қалыптасып, хандық дəуірде де жалғасын тапқан дейміз. Хандық дəуірдегі осы асыл қасиет аналарымыздың есімдерін жазба деректерде, ауыз əдебиетінде, ру-тайпа ұранына, рутайпа атауларына қалдырады. Сол арқылы аналарымыздың есімдері күні бүгінге дейін жетіп, өз халқымен бірге жасап келеді жəне жасай береді де.

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  15. ҰБТ-ға дайындықты ерте бастаудың артықшылықтары


ПІКІР ҚАЛДЫРУ