Қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған түлектерге 10 кеңес

0
973
Иллюстрация: Freepik.com

Кеңестерді бастамас бұрын, өзіңе «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін, осы мамандықты не үшін таңдадым?» деген сұрақты қойып көр. Егер сенің шынайы жауабың: «Ата-анам мұғалім болғанымды қалайды,әйтпесе әнші(кез — келген басқа мамандық) болғым келеді» ; «Әйтеуір, есеп шығармайсың,оңай ғой» ; «Бірдеңесі болар, БОЛМАААЙ ЖАТСА, мұғалім болам,балы төмен ғой» деген сынды варианттар болса — онда, саған жүрегіңнің қалауы мен алға қойған мақсаттарыңды айқындап, жүйелеп алуға әлі де кеш емес демекпін.

Себебі, тіл мен әдебиет — кез-келген есеп шығаратын пәндерге қарағанда терең, тармақтары көп, есте сақтауды жақсы талап ететін сала. Сен әр шығарманы тестке дайындық үшін емес, оқырман,сыншы ретінде оқуың керек, оның астарлы не ашық мағынасын түсінуің, әр кейіпкермен жеке түсінісуің керек. Жаратылыстану бағытындағы пәндер сияқты бір формуламен бірнеше есеп шығара алмайсың, саған әр туындының , әр қаламгердің әлеміне жеке еніп, жеке шарлап шығуға тура келеді.

Ал осы аталған істің бәрін сен үлкен махаббатпен, шығармашылық тұрғысынан орындасаң — дайындығың жемісті болып қоймай, рухани тұрғыдан бай, тіл байлығың зор, көзқарасың айқын, шығармашылық жетілген, көзі қарақты адам болып шығасың.

№1. Басты қиындық: Ақын-жазушылардың туылған,қайтыс болған, кітаптары шыққан жылдарды, яғни нақты даталарды қалай жаттаймын?Және туылған жерлерін?

Менің нұсқам:
Алдымен, қазақ әдебиетінің барлық қаламгерлерінің өмір сүрген кезеңдерін Хронологиялық (яғни, орын алу мерзіміне байланысты) ретпен кесте түрінде жасап ал.

Мысалы:
ХІХғ. қазақ әдебиеті өкілдерін бөлек:
1802-1871жж. -Дулат Бабатайұлы — ШҚО,Аягөз,Сандықтас.
1803-1846жж. — Махамбет Өтемісұлы — БҚО,Нарын құмы, Бөкей Ордасы.
осылай хронологиялық ретпен, кесте түрінде ықшамды етіп жасап ал. Содан соң, тестте келген сайын қарай отырып, көзіңнің есте сақтау қабілетімен, жобалап есіңде қалады. Арнайы жаттасаң тіпті жақсы. Тағы бір артықшылығы: Тестте бір қаламгердің өмір сүрген мерзімі сұралғанда, жауап нұсқаларына қарап, жауабын табуыңа болады. Менің кестемде соңғы жағында тұратын еді, демек А варианты жатпайды, тым ерте, деген сияқты, интуицияңа қолдау береді.

№2.Оқитын шығарма тым көп, уақыт тым аз. Қалай бәрін оқып үлгеремін?

Алдымен тестпен жұмыс жасап жүргенде қай шығарманың кейіпкерлері көп сұралады, қай шығармадан үзінді көп беріледі соны қағазға түртіп жүр. Тестке дайындықтан бөлек уақытта сол шығарманы электронды не кітаптан оқып ал. Егер, оған ерінсең, ғаламтордан қысқаша мазмұны мен, ШЫҢ кітаптан кейіпкерлерін жаттауыңа болады. Осы тұста, біразы «Абай жолының» 4 томын оқымағанмын ғой деп қысылып жатады. Бастысы, мектеп оқулығында берілген үзіндіні жақсылап оқып алу! Одан басқа жерін тестте сұрамайды. Және осы төл шығармадағы әйелдер образын, шынжыр балақ,шұбартөс кейіпкерлерді жеке жеке мінездемесімен қосып жаттап алу керек,ол жаңа форматта да ерекше сұралатын маңызды сұрақ.

№3.Материалдар дыым жоқ, тестниктерді қайдан аламын?

Расымен, бұл пәннен тест құралдары аз екенін білеміз. Бірақ бұл қолды бір сілтеуге себеп емес. Жоқ па? Өзің жасап ал! Ең әрі дегенде 2007- ден бастап, немесе 2010 жылдан бастап тест кітапшаларын тауып көр, көбіне бұрынғы түлектерден не кітапханадан алуға болады. Сол кітапшалардың бәрінен қазақ әдебиетінен тесттерін қиып, не көшірмелеп ал да, барлығын біріктіріп, тігіп кітапша жаса. жауаптары жоқ болса тіпті жақсы.

Әр сұрақты жеке іздей отырып, сол тақырыпты толығымен оқып шық. Келесіде ұқсас сұрақ келсе, жаңылмай жауап бересің. Сол кітапшаа белгілеп, жиі келетіндерін жаттап ал. Ал оқитын құралға келсек, ең керегі мектеп бағдарламасындағы 5-11 сыныптардың оқулыығы. ҰТО сұрақты интернеттен емес осы кітаптармен құрастырады. Сондықтан базарда көріп, біреуден естіген құралыңды алуға асықпас бұрын, осы оқулықтарды оқып, конспектілеп ал!

№4-ші кеңесім: Қазақ әдебиетінде өзіндік үлкен орынын қалыптастырған М.Әуезов, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы сынды алыптардан БӨЛЕК, тестте көп келе бермейтін, оқулықта мәлімет аз берілген қаламгерлерге ҮЛКЕН мән беріп,оқып шық. Себебі, нағыз ҰБТ де міндетті түрде солай сен мән бермей кеткен аса танымал емес ақын жазушылар сұралады.

№5.Жыраулар поэзиясын жаттау қиын, шатастыра беремін!

Бұл әдебиетке енді бет бұрған кезеңдегі үлкен кедергі. Тілге шешен, сөзге бай қазақ халқында жыраулар көп,жырлар да жетерлік. Тіпті,аттары мен шығармалары ұқсас болғанын қайтерсің?! Бірақ жаттау КЕРЕК! Жыраулар көп болғанымен әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Сол тұстарын есімдерімен байланыстырып көр. Мысалы, Доспамбет жырау бірде жауынгер әрі ақын деп сұралады.

Бірде Азаулыда туылған жырау деп, кейде «Азау,Азау дегенің» жырының авторы ретінде сұралады. Яғни, Доспамбет — Азаулыда туылған жауынгер ақын. Үшінші сұрақтың жауабы өзі ақ шығып тұр. Сол сияқты Шалкиіз Тіленшіұлы — Ноғай ордасында Темір биге кеңесші болған жырау. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары — “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан” толғаулары. Осыдан келіп, Би Темірге екінші толғау жырының авторын көрсет деген сұраққа жауап алып тұрмыз. Ең бастысы, әр жыраудың шығармаларынан ерекшелік байқап, есте сақтау.

Егер, қазір ажырата алмасаң мойыма, жыл ортасы не соңында қалайша жаттап алғаныңды байқамай,ажыратып аласың. Тексерілген)

№6-шы кеңес: Қазақ қаламгерлері,зиялылары шығарған газет-журналдар мен құрған, құрмақ болған ұйымдарды жылдарымен, орындарымен жаттап ал. Ол тарих пәнінен де септігін тигізеді.

Мысалы:
Айқап — М.Сералин — 1911-15,Троицк;
Серке — М.Дулатов — 1907-Петербор.
Тағы басқа)

№7.Әдебиет теориясын қалай меңгеремін?

Яғни шығарманың әсерлілігін арттыру үшін қолданылатын троп пен суреттеу тәсілдерін қалай меңгеруге болады? Оп-оңай. Әдебиетте тек шығарма оқисың деп кім айтты? Мұнда да қатты қағидалар мен түрлі тәсілдер бар. Оның бәрі, бірақ, шығармаға келіп тіреледі. Алдымен,оңайынан бастаған жөн. Яғни, өлең құрылымын жаттап ал. Ұйқас,оның түрлерін ажырат;

Абай енгізген ұйқастар;
Тармақ, бунақ деген не?
Содан соң, суреттеу. Ол орташа деңгей. Әсірелеу (гипербола),шендестіру (антитеза),дамыту (градация) сынды оңай түрлерінен бастап бәрінің ережелерін жаттап қоймай, мысалдарын қосып жатта. Көбінесе кітаптағы мысал сұралады, ал сен кез келген шығармадан осы тәсілдерді табатындай, талдайтындай деңгейде түсініп ал.

Одан кейінгі этап ретінде айшықтау мен құбылту түрлерін жеке-жеке теория және практика жүзінде меңгеру керек. Бұл тұста мұғалімнен көмек сұрауыңа болады. Және қосымша: әдеби терминдердің шыққан тілі мен баламасын қоса жаттап алуың керек.

№8. Әдеби жанрларды ажырату үшін кеңесім:

Роман, эпопея, новелла, әңгіме, очерк,т.б бәрі бір қарасаң бірдей көрінгенімен ерекшеліктері жетерлік. Егер анықтамасын оқып, миыңа кірмей жатса, әр жанрға өзің оқыған 2-3 шығарманы мысал етіп жазып,жатта. Романға: «Ұлпан», «Бақытсыз Жамал» ,т.б. дегендей.

№9. Тек қана қазақ әдебиетінің негізін салып, қалыптастырған емес, сол дара жолды жалғауға үлес қосып, дамытқан кейінгі, яғни ХХғ.ғы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін назарыңнан тыс қалдырма! М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, Д.Исабеков, О.Бөкеев сынды майталмандардың атын көп естігенмен шығармаларына қанық болмай жатамыз.

Сол оқылықтың орынын түзет, себебі, саған тестте келмейтініне ешкім кепіл емес. ЖӘНЕЕЕ оқулықтарда берілген Әлем әдебиетінің өкілдері мен шығармаларын жақсылап меңгеруге тырыс. Даниэл Дефо туралы сұрақтар жиі келетінін айтпасам да білетін шығарсың?

№10-шы кеңесім ӨТЕ МАҢЫЗДЫ!
Қандай шығармаларды міндетті түрде оқу керек? Бұл тізімді қосымша түсініктемелерімен қосып біліп алған жөн.

Дереккөз: ҰБТ академиясы

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  15. ҰБТ-ға дайындықты ерте бастаудың артықшылықтары


ПІКІР ҚАЛДЫРУ