ҰБТ-ға дайындық эффективтілігін төмендететін ТОП-10 қателік

0
914
Иллюстрация: Freepik.com

1. Өзіңді оқуға мәжбүрлеу. Ең үлкен қателік – өзіңнің қалауыңнан тыс нәрсені өзіңді қинап барып істеу. Егер сен Қазақстан тарихы кітабының бірінші бетін ашып, жарты бет оқыған соң жаба салсаң, мектепте мұғалімнің айтқан мәліметтерін бір құлағыңа құйып, екінші құлағыңнан шығарсаң, бір нәрсені өзгертетін кез келді. Ол не? Сенің оқығың келмейтін пәніңе деген қарым-қатынасың. Ол үшін алдымен «Мен оқу керекпін» деудің орнына «Менің оқығым келеді» де. Сосын сен сабақ оқығың келіп кететіндей жағдай туғыз. Әдемі канцелярия мен жақсы жазатын қалам сатып алып, әдемі конспект жазасың ба, жоқ әлде бөлмеңді жақсылап тазалап, жақсы иіс су сеуіп қоясың ба, әйтеуір оқығанда рахат алатындай болуың керек.

2. Оқуға орайлы сәтті күту. «Алдымен оқулықтарды түгендеп алайын, сосын оқимын. Алдымен 999 нұсқа жинап алайын, сосын талдауды бастаймын. Бірінші телефоныма бірлік жүктеп алайын, сосын ютубатағы нұсқа талдауларын қараймын». Өзіңе оқуға толық жағдай жасап алғаннан кейін барып оқу жоспарыңда болса, ең көп кететін қателіктердің бірі – осы. Интернет желісі жұмыс жасамай ма, оқулықпен жұмыс жаса, оқулығың ескі ме, жаңасын алғаныңша нұсқа талда. Әйтеуір, қол қусырып отырма. Орайлы сәтті күтіп жүрегеніңде ҰБТ келіп қалғанын да байқамай қалып жүрме.

3. Орындала алмайтын жоспарлар құру. Мынадай жағдай болады: оқу жылының басы, энергия тасып тұр, миға бәрі кіреді. Сөйтіп алғашында 6-сыныптың Қазақстан тарихының жартысын бір күнде оқып, жаттап аласың. «О, мен қандай маладеспін, осы қарқынмен оқи берсем, ертең 6-сыныпты оқып бітіремін. Сосын, так, 7-сыныпта 35 параграф екен, мен күніне 5 параграфтан жаттап, 1 аптада жаттап бітіремін». Тура осылай өзіңнің жоспарыңа жазып қоясың. Келер күні «Сақтар», «Ғұндар», «Қаңлыларды» шатастырып, барлық ақпаратты бірден жаттай алмай қаласың. Сосын жоспарың құрған күніңнен кейінгі күні орындалмай қалғанына ашуланасың, ақыры оқуға мотивацияң өшеді. Неге? Себебі, қол жетімсіз мақсаттар қойдың. Шешімі жалғыз — өзіңнің вундеркинд емес екеніңді мойындап, бір күнде есіңде сақтай алатын ақпарат көлемін бағамдап, соған қарай жоспар құру.

4. Денсаулыққа салғырт қарау. Сабақ оқимын деп денсаулықпен ойнауға болмайды. ҰБТ-ға дайындаламын деп дене шынықтыру сабағына қатыспау, уақыт үнемдеу мақсатында тамақты асығып ішу немесе мүлде ішпеу (әсіресе таңғы асты), өте аз уақыт ұйықтау немесе ұйқы режимінің болмауы — міне, ең көп кездесетін эффективті білім алуға зиянын тигізетін бір қарағанда «бейкүнә» болып көрінетін жаман әдеттер.

5. Демалудан бас тарту. Кейбіреулер ҰБТ-ға дайындықты бастай алмай демалып жүреді. Ал кейбіреулер дайындықты әлдеқашан бастап кетсе де өзіне демалуға мұрша бермейді. Олар үнемі қазір дайындықты тоқтатып, демалса, грант ала алмай қалатындай оқиды. Мен сондай бір қызды танимын, оқу жылының басынан күн сайын тоқтаусыз оқи берді, оқи берді, оқымаған кезде қайталай берді, конснект жаза берді. Соңында не болды? ҰБТ-ға бір айдай қалғанда ауруханаға түсті. Себебі не? Тым қатты шаршағандық. Сосын енді сабақ оқиын десе, оқи алмайды, себебі ағзасы мұрша бермейді. ҰБТ тапсыратын күннің алдында да ол жақсылап демалмады. Соның кесірінен ҰБТ-да шаршаңқы отырып, жыл бойы жанталасып оқыған дүниелеріне сенімсіз болып, дұрыс ойлап тұрғандарын қате белгілеп жіберді. Солайша 100-ден сәл ғана асатын балл жинады. Оның қателігін қайталамауға тырысыңдар, аз-аздан арасында демалып отырып сапалы оқу — жетістік кілті.

6. Артық қарым-қатынастармен бас қатыру. «Влюбленный лев уже не лев» дейді Абылай ағай. Мен осы оймен келісемін. Тағы да кездеседі, «Бір-біріне кедергі келтірмесе, қыз-жігіт болудың несі жаман», «Адамның өзіне байланысты» дейтіндер. Адамның өзіне байланысты екені шүбәсыз. Бірақ сен де пендесің ғой, жақсы көретін адамың туралы ойламай, оны қызғанбай, әлеуметтік желідегі парақшасын 100 рет тексермей тұра аласың ба? Ғашықтық қана емес, кез келген адамдың адамға тәуелділігі кездесетін қарым-қатынастардан бас тарта тұрған дұрыс. Әрине, мақсатың ҰБТ-ны жақсы тапсыру болса.

7. Оқу-білімнен ақша аяу. Мейлі ол оқулық болсын, мейлі ол курс болсын, қаржыңды аяғаның — өзіңнің мүмкіндіктеріңді шектегенің. Иә, саған кітапхананың ескі оқулықтарын оқуға болады, бірақ ҰБТ-да сұрақ жаңа кітаптардан келеді. Иә, ҰБТ-ға өзің дайындалып та жоғары балдар жинауға болады, бірақ шебердің оқушысы болып, аз уақытта жақсы нәтиже көруге де болады.

8. Әр түрлі әлеуметтік желілерде өте көп уақыт жоғалту. Әсіресе, Youtube, Facebook, Instagram немесе Whatsapp-тан бас тарта алмаған ҰБТ тапсырушы оқушылар уақытты шексіз пайдасыз ақпарат қабылдап, миды улауға жұмсайды. «Күш-жігер болса, адам өзін-өзі басқарып, осы әлеуметтік желілерге кіру-кірмеуін өздері басқара алады», «Бәрі адамның өзіне байланысты емес пе?» дейтін болсаң, айтарым Марк Цукербергтің сөзі: «Біз әлеуметтік желілерді сен одан бас ала алмай қалатындай жасаймыз». Күш-жігерің қанша жерден мықты адам болсаң да, әлеуметтік желілердің қызығына батып, уақыт туралы ұмытып кетуің ғажап емес. Бір және біржола бас тартқан жақсы одан да.

9. Өте көп ҰБТ, оқу туралы парақшаларға тіркелу. Мен көптеген оқушыларыдың бірінші байқау тестінен төмен балл жинап қалған соң не істейтінін білемін: Вконтактедегі «Іздеу» деген жерге «ҰБТ» деп жазып, сонда табылған алғашқы 100 группаға жазылып шығады. Негізі, бір кезде өзім де осылай істегенмін. Сосын «ҰБТ Академиясынан» басқаларынан шығып кеттім. Неге? Себебі, бір-бірінен материалды көшіріп жариялап, шпор сату үшін ғана ашылған группалардың пайдасы аз. Олар тек менің уақытымды ұрлайды. Егер маған нұсқалар керек болса, мен аптасына, айына бір рет барлық Вконтактедегі ҰБТ парақшаларын ақтарып, керегімді жинап алатынмын. Сосын оларға қайта кірмеймін.

10. Тым көп беседаларда отыру. «Беседаға қосамын, + деп кетіңдер», «Бірге тест талдайық, дружба тастаңдар, беседа ашамын» деген жазбаларды әр түрлі бірлестіктерден көрген боларсыңдар. Ендеше саған қуанышты жағдай айтайын: сол беседалардан ҰБТ-да саған көк тиын пайда жоқ. Сен ешқандай ҰБТ тақырыбындағы бірлестікке тіркеліп, беседада отырмағаныңмен ештеңеден ұтылмайсың, керісінше уақыт ұтасың. Егер қазір WhatsApp пен Вконтактеде артық әңгімелер көп айтылатын басқа да беседаларда бар болсаң, шығып кететін уақыт келді. Олардың тақырыптары мынадай болуы мүмкін: «Туысқандар», «11 «А»-ның қыздары», «Лагерь 2015», т.с.с.

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  15. ҰБТ-ға дайындықты ерте бастаудың артықшылықтары


ПІКІР ҚАЛДЫРУ