Көркем әдебиет стилі туралы 7 факт

0
4974
Иллюстрация: Freepik.com

Көркем әдебиет стилі – әдеби шығармалар арқылы бізге өте таныс стиль. Біз өзімізді еліктіріп әкеткен қызық кітаптардың жан дүниемізге қалай әсер еткенін еске түсірейікші. Кейіпкермен бірге қуанып немесе мұңайып, жылап та қалған кезіміз болды емес пе?

Жазушы шығарманы әсерлі, көркем көріністер, бейнелер арқылы жандандыра отырып, оқырман жанына әсер етеді. Әр жазушы бірін-бірі қайталамайды. Әрқайсысының өзіндік сөз саптауы, бөлек стилі болады. Көркем әдебиет тілі эмоционалды-экспрессивті болып келеді.

1. Мақсаты: шынайы өмір шындығын суреттеу, зат, құбылыстарды бейнелеу арқылы оқырман сезіміне әсер ету, ой тудыру.

2. Қолданылу аясы: әдеби туындыларда қолданылады.

3. Стильдік сипаты: образды мәндегі қолданыс, эмоционалды-экспрессивті

4. Тілдік амал-тәсілдері: Сөздердің әртүрлі ауыспалы мағынада қолданылуы, көркемдегіш, бейнелеуіш, суреттеме (теңеу, метафора, метонимия, антитеза, т.б.) құралдары еркін қолданылады. Шығарманы шынайы беру мақсатында диалект, кәсіби, ауыспалы мағынадағы бейнелі сөздер мен сөйлеу тілін де қолданады. Көп жанрлы (проза, драма, поэзия, т.б.). Әр жазушының өзіндік стилі болады. Ол әр суреткердің тілдік амал-тәсілдеріне қарай танылады.

5. Ерекшелігі: көрем әдебиет стилі образды ой тудыру, әсерлі суреттемелер, зат пен құбылысты шебер бейнелейтін сөздерді қолдану. Көркем шығарма қоғамдық-тарихи оқиғалар мен мәселелерді қозғауға, бағалауға үлес қосады. Көркем шығарма тілі ақын-жазушы шеберлігімен, стильдік ерекшелігімен астасып жатады. Түрлі образдар, табиғат көрінісі, әр кезеңдегі іс-әрекетті сипаттау үшін автор қажетті сөздерді талғап, ойды беру мақсатына қарай сұрыптап қана қоймай, сөздерді қолдану барысында жаңа мағына, қосымша рең, тың бояу үстейтіні шындық.

6. Көркем әдебиет стилінде (ауызекі сөйлеу стилі де) фразеологизмдер, мақал-мәтелдер кеңінен қолданылып, ойды жандандырып, тіліміздегі қолданыстардың ұлтымызға тән сипатын айқындай түседі. Тұрақты сөз тіркестері (қанатты сөз, мақал-мәтелдер, идиомалар) аз сөзбен көп мағына беретін ықшамдылығымен, жинақылығымен тілдің стильдік сапасын арттыра түседі. Мақал-мәтелдерде астарлы, айшықты, кестелі, бейнелі, қорытылған ой-тұжырым көріністері басым. Көп сөз – көмір, аз сөз алтын. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі т.б.

7. Өзіндік ізденісімен сөз қолдану тәсілдері жазушының стиліне жан бітіреді. Жеке жазушылардың шығармасының тілін зерттеп, олардың сөздерді сұрыптап қолдану тәсілдерін, тыңнан қосқан қолданыс үлгілерін айқындап, жан-жақты талдау жасай білген жөн.

Жоғарыдағы әр факттың фильтрінен өткізу арқылы мәтіннің көркем әдебиет стиліне жататындығын немесе жатпайтындығын оңай анықтауға болады. Төмендегі оқу сауаттылығынан тестерде жиі кездесетін 3 мәтіннің бойынан көркем әдебиет стиліне тән белгілерді іздеп көріңдер:

**********

Ертеде патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да жақсы көріп, қолынан келгенше оларды ештеңеденқақпай, қалағандарын жасап, айтқандарын екі етпеуге тырысады екен. Дегенменде, екі қыз өсе келе мінездері өзгере бастапты. Бір күні білімді бір адам патшаға қонаққа келіпті. Патшаның қайғылы түрін көріп, себебін сұрапты. Патша: «Е-е-е… сұрама, күлмейтін бір қызым бар, дертін ешкім білмейді»-дейді. «Патшам, рұқсат етсең, сарайыңызға қонақ болайын.

Мүмкін қызыңыздың қайғысының себебін табармын», — дейді жолаушы.Патша қуана рұқсат етіпті. Сол күннен бастап саяхатшы екі қызды патша рұқсатымен жасырын аңди бастапты. Қараса екеуі түнде жатар алдында жастықтарының астынан бір дәптер шығарып, бір нәрселер жазып, таңертен жазғандарын оқып, орындарынан тұрады екен. Саяхатшы бір күні қыздар ұйықтағаннан кейін дәптерлерін алып оқыса, кіші қыз өзіне жасалған жақсылықтарды, ал үлкен қыз тек болмашы әділетсіздіктерді жазыпты.
Ертеңінде саяхатшы кіші қыздан рұқсат алып, оның дәптерін үлкен қыздың жастығының астына қояды.

Таң атысымен патшаның үлкен қызы жастық астынан дәптерді алып оқыпты. Сарайдағылар екеуіне де бірдей қарағандықтан ол дәптерде жазылғандарды жатырқамапты. өзіне жасалған жақсылықтар есіне түсісімен жүзі жадырап, қуанғаннан ән сала бастапты. Патша үлкен қызының қуанғанын көріп, өз құлағы мен көзіне өзі сенбепті. Бірден саяхатшыны шақырып, бұны қалай жүзеге асырғанын сұрапты. Саяхатшы: «Патшам, өмір айна сияқты.

Оның жақсы жақтарын ойласақ, бізге әдемі көрінер. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің жаман жақтарын ойлағаны үшін бақытсыз болған», — деп жауап береді. Патша үлкен қызын шақырып, оған енді дәптеріне тек жақсылықтарды ғана жазуға кеңес беріпті.
Сол күннен бастап, патшаның екі қызы да бақытты өмір сүріпті.

**************

Төрт түлік малды тіршілік-тынысына тірек еткен көшпелілер кәдімгі сүттен небір тамаша тағамның түрін жасай білген. Солардың бірқатарын атап өтуге болады: қымыз, шубат, айран, қатық, қаймақ, балқаймақ, кілегей, ақ қаймақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сусыз сүт, сыпырма сүт, кұрғақ сүт, койыртпақ, іркіт, сарысу, тасқорық, шалап, сүт кеспе, сүт салма, уыз, сірне, құрт, торақ құрт, сықпа, сузбе т.б. Міне, бұлар жылқы мен түйенің, қой мен ешкінің, сиырдың сүтінен жасалған тағамдар. Осылардың ішінде таза көшпелі өмір салтының сұранымы дүниеге әкелген тағамнын бірі — құрғақ сүт….

От қуалаған малдың тісіне ерген елдің көші-қон кезінде төрт түліктің аяғын көштен бұрын қимылдататын әдеті. Ақар-шақар елдің «әуп» деп тұрып кете коюы оңай емес, артынын-тартынын жүріп сауын малынан екі-үш күн кейіндеп калатын жайы жиі болады. Өмірдің осы бір сұраным-мұқтажы құрғақ сүт дайындауды дүниеге келтірген сияқты.

2. Сәрсенбінің сәтіне көшеміз деген хабар тиісімен-ақ, әр шаңырақтың ас- суына ие отанасы қолы епсекті біреудің тілін таба жүріп, жаңадан сойылған қойдың терісін түгінен арылттырып алады. Теріні түгінен айырудың мұндайда екі тәсілі қолданылады. Бірі — и салу тәсілі. Тек иі өтіп кетпейтіндей, идің быршығн дәмі мен өткір иісі теріге сіңбейтіндей болуы керек. Екіншісі — теріні жібітіп отырып, өткір ұстарамен түгін қырып тастайды. Сонан соң түксіз теріні суға салып, шуашы мен шайырынан айырғанша әбден сапсып жуады. Ақжемделіп май-сөлінен арылған тері шүберектей болып тазарған кезде, керегеге жая салады.

3. Келесі күні қой-ешкіні қосақтап жібереді де, мол етіп сүт сауады. Ол сүтті мүмкіндігінше үлкен қазанға толтыра құйып, әлгі теріні соған салада да, астына маздатып от жағады. Біраздан соң тері салған сүт шымырлал қайнай бастайды. Қайнаған сайын қойыла бастайды, Қайнаған сайын суттің бар маңызын тақыр тері бойына сіңіре береді. Бір мезгілдер болғанда, сүт қойыртпақтанады. Тері болса ағара бөртіп, әбден ісінеді. Содан қоюланған сүт сарқыла таусылып, енді сарғайып күйеді-ау дегенде от үзіледі де, тері қазаннан алынады. Тері түнімен жел қағып тобарсып, ертеңіне күнімен тұрса кеуіп-ақ қалады. Келесі күні тағы да қой-ешкі қосақталып, дәу қара қазан сүтке толады. Тағы да астына жайнатып от жағып, әлгі сүт сінді теріні тағы да салады. Осы жағдай үшінші рет қайталанады. Сол кезде сүт сіңген терінің қалыңдығы бармақ елі болып, өн-бойына уыз сүттің маңызы тұтылады. Үшінші peт жайылған тері тобарсып кебе бастаған кезде қойыршықтап орайды да, маңызы ұшып кетпес үшін қарынға немесе бүйенге сала салады.

4. Келесі күндері тең буылып, үй жығылып, таң құланиектенгенде моншақтай тізілген көш те қозғалады. Бие сауым өтеді… Ет асым өтеді… Күн иыққа көтерілген кезде түйе қомында тербеліп келе жатқан балалардың маңдайын күн шалып, таңдайы кеберсіп, қыңқылдай бастайды. Мұндайда езуінен мәйегі кетпеген ерке балаға қымыз береді, ішпейді… Айран береді, ішпейді… Қойыртпақ береді, іпшейді… Су береді, ішпейді. Оған керегі — тіл үйірген уыз сүт.

Сонда балажан ана қарынның ауызын шешіп, сүт сіңген теріден алақандай ғана кесіп алады да, тостағанға құйған суға тастап жібереді. Сол-ақ екен уыз иісі бұрқ етіп тәбет шақырып, тостағандағы су жаңа сауған сүттей болып шыға келеді. Тек қана сүт ішіп үйренген ұл дем аямастан тостағанды басына бір-ақ көтереді. Сол кезде тостағанның түбінен бір жапырақ «бірдеңені» көреді де «бұл не?» дегендей анасына қарайды. Анасы болса, «жей ғой, боташым!» дейді. Сары атанды бесік еткен ерке ұл бал татыған уыз құйқаны жайлауға жеткенше ермек етеді.

***********

Баяғыда өз империясын гүлдендірген, жарқын жеңістерімен тарихта өшпес із қалдырған, өте батыр, өте ақылды және өте керемет жетілген саясаткер патша болыпты. Ол бала кезінде тым ерке болса керек. Сабақ кезіндегі еркелігімен ұстазын шаршатып жіберетін. Ұрысқан жағдайда: «Мен патшаның баласымын, маған ештеңе істей алмайсың»,- деп қорқытатын. Ұстаз патшаға шағымдану әдепсіздік болар деп біраз уақыт сабыр сақтап жүреді. Алайда еркелігі тым шектен шыға бастағанда, амалсыз әкесінің алдына кіруді ұйғарады.

Патшаға келіп жағдайды айтқанында, ол ұтаздык құлағына бұл жағдайдың шешімін сыбырлайды. Ұстаз патша сөзіне таң қалады. Мұндай әрекетке бара алмайтындығын айтса да, патша осы жоспарды орындау керектігіне сендіреді.

Ертеңіне кішкентай ханзада тағы бұрынғыша еркелейді. Ұстазы доғаруын айтқанында тағы да әкесімен қорқыта бастады. Сол сәтте ішке патша кіріп келеді. Ұстаз ашуланып патшаға ұрсып береді, бұлай жайбарақат кіруге болмайтындығын, есікті қағып рұқсат сұрап кіру керектігін айтып қуып шығады. Патша басы салбыраған күйде кешірім сұрап шығып кетеді.

Бұл жағдайды бақылап отырған ханзаданың тілі тұтылып не айтарын білмей абдырап қалады. Сеніп отырған әкесі көз алдында ұрыс естіген еді. Көздері адақ-жұлақ етіп отырғанында, есік қағылып патша кешірім өтініп, рұқсат сұрап ішке кіреді.
Жоспар керемет түрде жүзеге асқан еді. Осы күннен бастап ханзада еркелігін доғарып, ұстазының айтқанын екі етпейтін болыпты.

Дереккөз: 

1. Қазақ тілі: Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. 2-басылымы, өңделген./Б.Хасанов, А.А.Қасымбек. Астана: «Арман-ПВ», 2013. — 240 бет.

2. ҰБТ академиясы

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  9. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  10. Көркем троптар, олардың түрлері
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  12. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  13. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  14. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ