Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (46-50 мәтін)

0
7725
Иллюстрация: Freepik.com

46- мәтін

Ердің астына өрмелі қайыс арқан орап, кертөбелге мініп, қасына екі ұлын ертіп, Үміт келгенде екі баласы көрген аң орнынан әлі қозғалмапты. Үміт бірден таныды. Жеткен таутеке таста қалшиып дара тұр. Жаралы-ау, жануар. Ол екі ұлына тау жақтан барып, текені ылдиға қарай үркітуді тапсырды. Өзі аттан түсіп, қайыс арқанды қолына алып шалма құрды. Аттың айылын дұрыстап тартты. Егер таутеке сәтін салса, ойға қашуы керек. Тайларын таудың етегіне қалдырған Сапар мен Жапар сыбырлап сөйлеп, баспалап басып, таутекенің артынан барып үркітті. Теке одырайып бір қарады да, пысқырып тұра қашты.

Үміт кер төбелге қамшы басты. Жаралы болса да, теке жүйрік екен. Құлағының түбінен тер шыға кертөбел көсілді. Үміт текені қуып жетті. Қуып жетті де, арқанды иіріп лақтырып кеп қалды. Арқан текенің мүйізімен бір аяғын орап түсті. Үміт тақымға баса қойды. Кертөбел сенделіп кетті. Теке омақасып құлады. Тайларына мінген Сапар мен Жапар да шауып жетті. Екі езулері екі құлағында, аналарын құшақтап мәз. Үміт текенің жарасын бірден көрді. Үшеуі таутекенің мойнына арқанды күрмеп байлап, ауылға алып келді.

1.Жаралы таутекені ұстауының себебі

A) Таутекенің етін азық қылу мақсатымен

B) Жаралы аңның құздан құлап өлуіне жол бермегендіктен

C) Ауылға апарып жарасын емдемек ниетпен

D) Таутекенің еті мен мүйізін алу үшін

E) Алғашқы аңшылық олжалары болғаны үшін

2.Жаралы таутекені тақымға басқанда Кертөбел аттың сенделіп кетуінің себебі

A) Жартас болғандықтан

B) Кездейсоқ болғандықтан

C) Таутекенің алапат күшінен

D) Кертөбелдің үркіп кетуінен

E) Арқанның дұрыс оралмағанынан

3. Мәтін мазмұнын жеткізудегі тәсілдер
A) Әңгімелеу, сипаттау

B) Зерттеу, суреттеу

C) Баяндау, ақпарат

D) Хабарлау, зерттеу

E) Пайымдау, зерттеу

4. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып
A) Аңшы балалар

B) Жаралы таутеке

C) Сапар мен Жапар

D) Үміттің көмегі

E) Таудағы оқиға

47- мәтін

            Бiр патшаның  баласы қышыма  ауруына ұшырайды. Ауру сал­дарынан бала түнде ұйқыдан, күндiз күлкiден қалады. Патшаның баласын қаратпаған емшi, тәуiп қалмайды. Күндердiң күнiнде бiр емшi баланың балды көп жегеннен ауыратынын анықтайды.

– Балды жеудi қойса, ауруынан құлан-таза айығып кетедi, – дейдi емшi. Әкесi баласына  «саған бал жеуге болмайды» десе, оның тыңдамауы мүмкiн екенiн ойлайды. «Баршаға патша болғаныммен, балама әке ғанамын. Ол еркелiкпен менiң тiлiмдi алмай қоюы әбден мүмкiн» деп, басқа жолын iздейдi. Сөйтсе, баланың жақсы көретiн ұстазы бар екен. Ол бүкiл елге аты белгiлi ғұлама болса керек. Ғұламаны патша шақырып алып:

– Сенiң шәкiртiңнiң науқасы балдан екен. Балама бал жеудi қой деп айтып көршi. Сенiң сөзiңдi жерге тастамас. Өйткенi, сенi сыйлайды, – дейдi. Ғұлама құп көредi. Сөйтiп, патша сарайынан шығып кетедi. Содан бiрнеше күн өтедi, ғұлама балаға бармайды. Бiрнеше апта, ай өтедi, бармайды. Қырық күн өтедi, бармайды. Тек қырық бiрiншi күнi ғана ғұлама балаға барып, бал жеуiн қойғызады. Шәкiртi науқасынан аз уақытта айығып, жаны тыныш табады. Мұны көрген патша ғұламаны шақырып алып:

– Ей, ұстаз! Сен менiң бұйрығымды неге бiрден орындамадың? – деп сұрайды.  Сонда ғұлама:

– О, патшам! Алғашқы күнi балаға барып: «Бал жеудi қой!» – деп айтуға мен лайық болмадым. Өйткенi, мен өзiм де балды көп жеушi едiм. Бал жейтiн басыммен балаға «бал жеудi қой!» десем, оған әсер етпеген болар едi. Өзiм iстейтiн iстi балаға iстеме дегенмен, бәрiбiр оң нәтиже бермес едi. Сондықтан алдымен мен өзiм бал жеудi қойдым. Балдың нәрi бойымнан кеткенше, қырық күн күттiм. Содан соң балаға «бал жеудi қой?» деп ем, ол айтқанымды екi етпедi. Өйткенi, мен оған ақыл айтуға толық лайық едiм, – дептi.

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Ғұламаның даналығы

B) Патшаның баласы

C) Науқас бала

D) Тәуіптің болжамы

E) Балдың сыры

2. Мәтін мазмұнына алшақ ой

A) Патша өзі бал көп жейді екен.

B) Балдың нәрі бойымнан кеткенше күттім.

C) Қырық бірінші күні балаға барады.

D) Баланың жақсы көретін ұстазы бар еді.

E) Баланың науқасы анықталады.

3. Патшаның ғұламаға барып өтініш айтуының себебі
A) Патшаның өзінің сөзі өтпегеннен

B) Баласы ұстазын қатты сыйлайтындықтан

C) Баласы әкесінің тілін алмағандықтан

D) Патшаның өзі де бал жейтіндіктен

E) Қатал ұстаздың тілін бала алатындықтан

4. Мәтін мазмұнын қорытындылайтын ой
A) Малға достың мұңы жоқ малдан басқа.

B) Мықты болсаң, өзіңнің нәпсәңді жең.

C) Өзі өзгеше боламын демектің түбі — мақтан.

D) Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

E) Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма.

48- мәтін

             Отырар – ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректерге қарағанда осыдан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар болған. ҮІ – ҮІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Кейін ІХ – ХІІ ғғ сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Отырар Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. Отырар қаласының гүлденіп, орта ғасырдағы ірі қала орталығына айналуына оның орналасқан орны үлкен әсер етті. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды.

Ү – ХҮ ғғ Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Отырарға жан – жақтан көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген. 1218 жылы Шыңғысхан басқарған Монғолдың қалың қолы Қазақстанның Жетісу өңіріне аттанды. Бірнеше қала, мыңдаған халық, мал — мүлік Монғолдардың олжасына айналды.

Оңтүстік Қазақстан қалалары ішіндегі Отырар сол кездегі ең мықты қалалардың бірі саналды. Оның билеушісі Қайырхан есімді әскербасы еді. Отырар қаласын басып алуға Монғолдар 1219 жылы 200 мыңға жуық әскерін аттандырады. Отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қорғап, беріспеді. Қатты қарсылыққа ұшыраймыз деп ойламаған Шыңғысхан ашуланып, қаланың бекініс орнын жермен — жексен етіңдер деген бұйрық береді. Бес ай бойы жауға берілмей шайқасады. Қалада азық-түліктің қоры да таусылады. Аштыққа шыдамай, «соғыс жеңіліспен аяқталады» деген  оймен Қаража атты сатқын өзі басқаратын Отырар әскерінің 10 мың адамнан тұратын бір бөлігін бастап  моңғолдар жағына өтіп кетеді. Ол қаланың дарбазасын жауға ашып береді. Соның опасыздығынан қаланы 1220 жылы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді.

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

А) Қайырханның ажалы

B) Отырардың күйреуі

C) Ұлы Жібек жолы

D) Қанішер монғолдар

E) Шыңғысханның жорығы

2. Мәтіннің бірінші бөлігінің екінші бөліміне қатысы қандай?
A) Оқиғаны толықтырады

B) Оқиғаны қорытындылайды

C) Оқиғаны растайды

D) Оқиғаны пайымдайды

E) Оқиғаны болжайды

3.Отырардың ең күшті қала болуының себебі   
A) Әскербасы мықты болуында

B) Сауда орталығы болуында

C) Ең үлкен қала болуында

D) Үлкен базарлар болуында

E) Әскері көп болуында

4.Шыңғысханның бес ай бойы Отырарды ала алмауы нені дәлелдейді?  
A) Қайырханның қолының көп екендігін

B) Шыңғысханның әскерінің әлсіздігін

C) Отырар халқының қайсарлығын

D) Шыңғысхан тактикасының нашарлығын

E) Қайырхан әскерлерінің батырлығын

49- мәтін

Ең соңғы шуағын қызықтасын дегендей күн бүгін өрескел ашық болды. Жарықтық жаз қайта шығатындай тау салқынын лезде түре қуып тастады да, елжіреген жылылық жайлап, маужыратадыай…Айнаның өңі сынық қалпында, әйелдің тиесілі қарекетін зауықсыз болса да, күйбеңкүйбең істеп, қабағы ашылмаған қалпы бір кіріп, бір шығып жүр. Бағана, таңертең күреңқабақ ішілген шай үстінде Ерік «бүгін күннің ашығын пайдаланып бал шайқаймыз» деп ескерткен. Бұл биылғы қырманның соңғы жиынтеріні еді. Әншейінде сөзге араласпай отыра алмайтын Нүрке кемпір де ұлына өкпеледі ме, кім білсін, ләммим жақ ашқан жоқ. Осы таңның жалғыз сөзін Еріктің өзі айтты да, типыл болды.

Ара ұяларына түтін салып, балы мен балауызы ылжыраған ағаш рамаларды суырып әкеліп Тағанға береді, ол болса бал шайқайтын аппаратқа салып, құлағын бұрап, шүмектен сорғалаған таза балды қотарып алып тұр. Келісім бойынша ол ақырғы рет қолғабыс тигізіп, ертең ерте аттанбақ.

Күннің бүгін тым жанға жайлы болып тұрғанын білген Нүрке кемпір бұлар бал шайқау науқанына кіріспес бұрын бір өтініш айтқан. Онда да ұнжырғасы түскен ұлына емес, келіні мен Тағанға қаратып айтқан.

Қарақтарым, бүгін күн ашық екен, келер күзді көрем бе, көрмеймін бе, оны бір алланың өзі білер, мені тысқа шығарып отырғызыңдар, намаз арасында шуақтайын,деді үні дірілдеп. Әрқашанда ажарлы да айбынды отыратын қарттың жас баладай жаутаңдап айтқан сөзі Тағанды толқытып жіберді. Осынау қара шаңырақтың бақыт құсына оқ тигендей, суықтау ой ұялап, секем алғандай болды. Кемпірдің екі аяқ, екі қолтығынан көтеріп далаға шығарып отырғызғанда күннің шамқай жарығы қарықтырып көзі қарауытып, басы айналды. Жанжағына жалтақтап қарап, өңім бе, түсім бе дегендей сәл тосырқады да: «Е, құдіретті күшті құдайым, мен осы дүниеден аттанып кетсем де осылайша масайрап тұра бересіңау» деп күрсінді. Бұл жасарын жасаған, асырын асаған қарияның жарық дүниенің жақсылығын өзгелерден өзінен кейін қалатындардан қызғанғаны емес, бұл дүниенің ешкімге де мәңгіліксіздіген, бейопалығын мойындағаны еді… Күннің шуағы сұрлау тартқан жүзін жуды да, Нүрке кемпірдің ажары ашыла түскендей, шүңірек тартқан көк көзі де табиғаттың нұрын сіміріп, шоқ түскен тамыздықтай ұшқындана бастаған. 314сөз

1.Мәтіннің мазмұнын жеткізуде қолданылған тәсілдер

A) Пайымдау, зерттеу

B) Сипаттау, ақпарат

C) Салыстыру, зерттеу

D) Хабарлау, баяндау

E) Суреттеу, әңгімелеу

2. Айнаның әйелге тиесілі қарекетті зауықсыз орындап жүруінің себебі

A) Ұйқысы қанбағандықтан

B) Реніші болғандықтан

C) Қатты шаршағандықтан

D) Ауырып жүргендіктен

E) Көңілі толмағандықтан

3.Мәтіндегі: «Осынау қара шаңырақтың бақыт құсына оқ тигендей, суықтау ой ұялап, секем алғандай болды»- деген сөйлемнің мәнісі

A) Келін- баласынан сескенген Нұрке кемпірге жаны ашығандықтан

B) Нұрке кемпірдің ренішті жүзін байқағандықтан

C) Нұрке кемпірдің дәмі таусылар күннің алыс емес екендігін сезгендіктен

D) Нұрке кемпірдің ауруы жанына қатты батқандықтан

E) Нұрке кемпірдің сөзінің қатты әсер еткендігінен

4.Мәтіндегі:«Е, құдіретті күшті құдайым, мен осы дүниеден аттанып кетсем де осылайша масайрап тұра бересің–ау»- деген сөйлемнен көрінетін  кейіпкердің көңіл күйі

A) Мазасыздық

B) Шарасыздық

C) Күйінгендік

D) Сүйінгендік

E) Ризашылық

5.Мәтіннің соңғы бөліміндегі ойға лайықты мақал-мәтел

A) Күлсең, кәріге күл.

B) Кәрілік – дауасыз дерт.

C) Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет.

D) Ораза — намаз тоқтықта.

E) Ананың көңілі балады.

6.Мәтіндегі Еріктің кәсібі

A) Арашы

B) Орманшы

C) Омарташы

D) Балшы

E) Малшы

50- мәтін

Түһ, түн неткен қараңғы еді! Жұлдыздар да шілде ортасындағыдай шүпірлей қапты. Анау –темірқазық, анау – жетіқарақшы.Сол – ақбоз, көкбоз… Анау… Апырау, ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей бозаң шоғыр үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ, соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самғаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыратпай бірге туып, бірге бататынынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді!

Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар! Бәлкім, олар мынау ұйтқымасы  көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып, дауыл мен боранды Үркердей алдын ала біліп алдын ала ыңғайға аунап отыра алса ғана,аман қала алатын шығар…

Жолға шыққанда Үркердің маңдайынан туғанын жақсылыққа жорымаушы ма еді! «Үміт артсаң,Үркерге қара!»деуші еді ғой. Желтоқсанда да Үркердің ат құлағынан асып көтерілмегені алдағы қыстың жайлылығы шығар. Алдыңда жақсылықтан асқан бақыт бар дейсің бе!

Үркердің қарсы алдыңнан туғаны маңдайынан ашылайын дегені ме екен?! Не де болса үміт бар ғой. Қаршадай Ералы көз көрмеген алыс жолға сол үмітпен аттанды ғой. Бұрын қайда аттап басса да,үрей анталап тұрмаушы ма еді. Жоңғар қайтер екен, қалмақ қайтер екен, башқұрт қайтер екен деп қаралай қылпылдап бітуші ек ғой. Енді, не де болса, бір үміт бар емес пе.

Ендеше, мынау Үркер де жақсылығымен туған шығар. Тек бұның,тек мынау талайды көріп, талай тауға басын соққан көнтері жұртының алдынан ылғи осылай үміт шырағы туып тұрғандай! (285 cөз)

1.Мәтіннің бірінші азатжолы қандай үлгіде жазылған?

A) Баяндау

B) Пайымдау

C) Әңгімелеу

D) Сипаттау

E) Суреттеу

2.«Не де болса үміт бар ғой. Қаршадай Ералы көз көрмеген алыс жолға сол үмітпен аттанды ғой» деп кейіпкердің қандай қасиетін көрсетіп тұр?

A) Мақсатшылдығын

B) Тәуекелшілдігін

C) Жігерлілігін

D) Сабырлылығын

E) Ұстамдылығын

3.«Халық не себептен «Үміт артсаң, Үркерге қара!»деген?

A) Түн жарық болатындықтан

B) Түн жылы болатындықтан

C) Жақсылыққа жорығандықтан

D) Дәстүрді құрметтеген

E) Бағыт сілтеуші болғандықтан

4.Автордың «…Тек бұның,тек мынау талайды көріп, талай тауға басын соққан көнтері жұртының алдынан ылғи осылай үміт шырағы туып тұрғандай!» деп аяқтауының мақсаты қандай?

A) Халқына жанашыр болу

B) Халқының жолын ашу

C) Халқына қамқор болу

D) Халқына сенім арту

E) Халқының қамын ойлау

5.Мәтін мазмұнына сәйкес «Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар!» деу арқылы автор қандай нәрсеге назар аудартады?

A) Сенімділік

B) Болжампаз

C) Сабырлылық

D) Турашылдық

E) Шынайылық

6.Мәтіннің тақырыбы қандай?

A) Дала аспаны

B) Жұлдыз сыры

C) Жақсылық нышаны

D) Ырымшыл халық

Е) Үміт шырағы

Ұқсас материалдар: 

  1. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  11. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  12. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  13. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  14. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  15. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  16. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (16-20 мәтін)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ