Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (56-60 мәтін)

0
4475
Иллюстрация: Freepik.com

56- мәтін

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай.
1822 ж Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады.
Қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер салуы, суы мен жайылымы мол жерлерді орыс-казак шаруаларына бөліп беруі және алым-салықтың өсуі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Әйтсе де патша саясатын қолдап Кенесарыға қарсы шыққан рулар да аз болмады.
Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 ж көктемде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Кейін соғыс ауқымын Торғай арқылы кіші жүз жеріне қарай кеңейтті.
Кенесары хан қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Көпшіліктің қолдауымен 1841 ж Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырды. Мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізді.
1843 ж Патша үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды. Кенесары Қасымұлы 1847 ж Томақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды.  256сөз

  1. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Кенесарының жорықтары

B) Кенесарының қолы

C) Кенесары хан

D) Кенесарының ерлігі

E) Патша үкіметінің жорығы

2. Қазақ қауымының наразылығының күшеюінің себебі

A) Биліктің күшеюінен

B) Бекіністер салдыртуынан

C) Салықтың өсуінен

D) Жұмысқа салынуынан

E) Соғыстың болуынан

3. Кенесары әскерінің шегінуінің себебі

A) Жау әскеріне тізе бүккендіктен

B) Кенесары қолының әлсіз болғандығынан

C) Қолдау аз болғандықтан

D) Тұтқынға түсіп қалғандықтан

E) Жаудың әскері басым болғандықтан

4. Мәтіннің бесінші бөлігінде айтылған ой

A) Кенесарының қалыпқа келтірген өзгерістері

B) Кенесарының Ресейге қарсы жорығы

C) Кенесарының зекетті енгізгендігін

D) Кенесарының арғы тегінің кім болғандығын

E) Кенесарының хан сайланғандығын

5.Мәтіндегі манаптар деген кімдер еді?    

A) Қырғыздар

B) Қазақтар

C) Өзбектер

D) Ноғайлар         

E) Татарлар

6.Мәтін мазмұнын қорытындылайтын нақыл сөз

A) Ер барда ел қор болмас.

B) Ер қаруы- бес қару.

C) Батыр майданда шынығады.

D) Есі бар жігіт елін табар.         

E) Ер атағын ел сақтар.

57- мәтін

Бұрынғы уақытта дәулеті асқан, судай тасқан, көңілі жай, төрт түлікке сай бір бай болыпты. Ол байдың Төрткөз, Мойнақ деген екі төбеті бар екен. Бір күні түс мезгілінде екі төбет өз қызығы өзіне, өз тұрмысы өзіне болып, тамағы тоқ, күн шуақта, үйдің есігінің алдында, бір-біріне қарама-қарсы жатып, өзара әңгімеге кірісіпті. Бұлар жақсылық пен жамандық жөнінде сөйлесіп, өз әлдерінше олардың қандай болатындықтарын тексеріп, оны бітірместен жомарттық жөнінде сөйлесіп, оны бітірместен сараңдық жөнінде сөз қозғап, бірінің басын, бірінің аяғын шатып, ақырында ырылдасып, ақыры әңгіме арнасы араздық пен татулыққа түседі.

Сол уақытта тілмарсыған Мойнақ: — Достым, Төрткөз, осы мен ойлап тұрсам, дүниеде татулықтан жақсы нәрсе бар ма? Осы екеуіміздің төбелеспей жүретін күніміз болар ма? Біз жоқ нәрсеге ырылдасып, жоқ нәрсеге таласамыз, бірімізге-біріміз жылы шырайымызды көрсетпейміз, бір ойнап-күліп жүрмейміз. Күнде талас, күнде төбелес, осыменен күніміз өтіп барады. Кейде таласқанымыздан екеуіміз де тамақтан айырылып, оны Құтпан тартып әкетеді, бізден басқа Жолдыаяқ, Құтпан, Бөрібасар – бәрі де ынтымақшыл, бірінің аузынан бірі жырып жейді. Біз екеуіміз де солар сияқты ынтымақты болып, әр нәрсеге таласпай, бөліп ішіп, шын досжарлыққа көңілімізді берсек қайтеді? Біріміздің қабағымызға біріміз қарап, күннің қалай өткенін білмей қалатын болсақ қайтеді? Осы сөзімізге не айтасың? – дейді.

Сол уақытта Төрткөз аяқты көсіліп, құйрықты бұлғаңдатып, қабақты ашып, Мойнақтың сөзін құптады: — Достым, Мойнақ, мұның әбден құптарлық сөз. Бұны мен де ойлаушы едім. Осы екеуімізге не жетпейді, тамағымыз тоқ, қайғы дегенді білмейміз, солай бола тұра түкке тұрмайтын бір нәрсеге таласып, жұлысып-ақ жатқанымыз. Расында, осы қылығымызды тасталық, – деп сөзін аяқтайды. Мұның сөзіне Мойнақ та маңызданып, көз тігіп, құйрықты қысып: «Ал, ендеше, дос болайық» деген сөз көмейіне бір келіп, бір қайтып тұрғанда: — Дос болғанның белгісі, міне, – деп, Төрткөз Мойнақтың мойнынан құшақтай алады.

Екеуі бірін-бірі құшақтап, аймалап, беттеріне беттерін тигізіп:

— «Екеуіміздің достығымызды ешкім айыра алмас, тау күйіп, тас жанса да, аштан өлсек те тамақ жағына таласпаспыз, – деп серттеседі. Достық құшақтарын айырыса алмай тұрғанда, ас үйден лақтырған бір майлы омыртқа екеуінің қасына келіп, топ ете қалады. Майлы сүйекті көргенде, көздері жайнап, естері шығып, екеуі де құшақтарын жазып, алға ұмтылысады. Тырнақтарымен сүйекті басысып, бірінен-бірі қызғанып, ырылдаса-ырылдаса барып, жұлқыласып, таласа бастайды. Бірін-бірі тістеп, тартқан зардабынан жүндері дода-дода болып, аспанға ұшады. Дауыстарын есітіп, Жолдыаяқ, Құтпан, Бөрібасарлар келіп, таласқан омыртқаларын Бөрібасар алып қашып кетеді. Шуылдаған қой үркіп, қойдың шетінде жатқан қойшылар келіп, иттерді сойылдап жүріп, зорға айырады.

1. Мәтіннің мазмұнын жеткізуде қолданылған тәсілдер

A) Пайымдау, зерттеу

B) Сипаттау, ақпарат

C) Салыстыру, зерттеу

D) Хабарлау, баяндау

E) Суреттеу, әңгімелеу

2 . Қорадағы қойлардың үркуінің себебі

A) Мойнақ пен Төрткөздің ырылынан

B) Құтпан мен Бөрібасарлардың ырылынан

C) Ырылдасқан ауыл иттерінің дауысынан

D) Жолдыаяқ пен Мойнақтың ырылынан

E) Қойшылардың айқайынан

3.Мойнақ пен Төрткөзді сүйсіндіргені

A) Құтпан мен Мойнақтың татулығы

B) Алдарындағы майлы сүйек

C) Иелерінің мейірімі

D) Достық сезімі

E) Бір-біріне берген серті

4.Екі иттің серттерінде тұрмауының себебі

A) Күдіктен

B) Қаттылықтан

C) Қызғаныштан

D) Қорқыныштан

E) Иттіктен

5.Мәтін мазмұнын қорытындылайтын мақал-мәтел

A) Бірлік бар жерде тірлік бар.

B) Досы көпті жау алмайды.

C) Алтау ала болса, ауыздағы кетеді

D) Ит иттігін жасайды.

E) Жаман достан таяғым артық.

6.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Төрткөз бен Мойнақ

B) Сүйекке талас

C) Иттердің достығы

D) Екі иттің ақылы

E) Байдың иттері

58-мәтін

І. Еліміздің әр қаласында театр бар. Бір Ал­маты­ның өзінде 10 мемлекеттік және он шақ­ты жеке­меншік театр бар екен. Ал осы мәдениет ошақ­тарына оқушыларымыз барып жүр ме? Қазір театрға көрерменді көбіне әкімшілік жол­­мен жинайтыны жасырын емес. Ал егер бала­­ларға арналған қойылымдарға көрерменді ар­­н­айы жинап әкелмесе ше? Қанша адам келер екен?

Театрдағы көрермен мәселесі төңірегінде Астана қалалық «Жастар» театрының әдеби қызметкері Назерке Жұмабайды әңгімеге тартқан едік.
− Қазір театрға балалар өз еріктерімен келеді дей алмаймын. Әрдайым ұйымдастырумен жинаймыз. Әсіресе, қуыршақ театрларына қазақ балаларының қызыққанын көрмеппін.

ІІ. Баланың таным-түйсігін кеңейтуде қуыр­шақ театрларының алар орны үлкен. Бізде де, өзге елдерде де балабақша жасынан бастап, бүлдіршіндерге қуыршақтармен көрініс қою бағдарламаға енгізіледі. Аты солай аталып тұрған соң, бұл театрларда тек қуыршақтармен жұмыс жасайды деп ойлайтындар бар. Олай емес. Бұл өнер ошақтары балалардың сана­сына отбасына деген сүйіспеншілікті, еліне, жеріне патриоттық сезімді қалыптастыратын қойылымдарды да сахналайды. Бірақ осы қуыршақтар әлеміне қазақ балаларының көптеп ағылып жатқанын байқай алмадық. Мысалы, Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының 200 адамдық орны бар. Қойылымдары екі тілде де қойылады. Орысша қойылымдарында залдың кем дегенде жартысы толып отырады. Ең қызығы, алдыңғы қымбат билеттер бірінші сатылып кетеді. Ал қазақша қойылымдарға әрі кетсе 30 адам келеді. Оның өзінде де ата-аналар ең арзан билеттерді алуға тырысады. «Арзан билетті алып, алдыңғы бос орындарға отыра саламыз» деген түсінік қалыптасқан.

ІІІ. Бүгінде қазақтар шетелге жиі саяхат­тайды. Біріккен Араб Әмірліктерінен Алматыға қарай ұшаққа отырарда қасымдағы жеткіншек қазақ баланы сөзге тарттым. «Ал, арабтардың әмірліктерінен не көріп қайттың?» деп сұра­дым. Сол кезде 12-13 жас шамасындағы бала­ның жауабына көңілім толмай қалған еді. Бар айт­қаны – ана шетіндегі жағажай, мына шетіндегі жағажай, биік-биік ғимараттар, дүкендер… Өзім танысқан бірнеше мұражайды атап едім, «бармадық» деп басын шайқады. «Сонда бұл халық туралы не біліп қайттың?» деп сұрадым. Тағы да мардымды жауап бере алмады. Сонда бір елге барып тұрып, мәдениеті мен тарихымен танысуға қызықпағандары қалай? Тіпті, тілін түсінбейтін болсаң да, шетелдің театрына бас сұғып қайтсаң, көп жайды аңғарып қайтуға болады.

Мәселен, Сеулде фольклорлық «Nanta» атты театр бар. Билетінің бағасы біздің театрлардан он есе қымбат тұрады. Алматыдағы балалар спектакльдерінің билет құны – 400-600 теңге, Астананың Жастар театрында балалар билеті – 300 теңге. Ал «Nanta» билеті шамамен 5000 теңге көлемінде. Соның өзінде, екі барғанымда да үлкен залда бос орын болмады. Атауы «ретсіз дыбыстар» деген мағынаны беретін бұл театрға корейлер үш жасар баласын да ертіп келеді. Ал бізде актер болуды армандайтын кей бала театр көрмей өседі…

IV. Шыны сол, қазақтар бала тәрбиесіне мәдени ошақтарға бару мәселесін қоса бермейді. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, ұл-қыздарын анда-санда болса да, театрға ертіп баруды ойластырмайды. Қажет көрмейтіндері де бар.
Қарлығаш Досанова
(«Ұлан»,10.02.2015)

1. Екінші абзацтың үшінші абзацқа қатысы қандай?

A) Дәлелдейді

B) Зерттейді

C) Нақтылайды

D) Суреттейді

E) Сипаттайды

2. Мәтіннің негізгі ойы қай сөйлеммен сәйкес келеді?

A) Елімізде театр санын арттыру керек

B) Қуыршақ театрының қойылымдары сапасыз.

C) Бала тәрбиесіне мәдени ошақтарға бару мәселесін қою керек.

D) Шетелде демалудың өзі – бір бақыт

E) Театр билетінің құнын өсіру керек

3. «Ал бізде актер болуды армандайтын кей бала театр көрмей өседі…» Автордың айтпақ ойы қандай?

A) Баланы жасынан мәдениетке үйрету керек

B) Өнер ошағына үлкейген кезде бару керек

C) Кішкентай балаға театр қызық емес

D) Кез келген арманға қол жеткізуге болады

E) Актер болу үшін театрға бару міндет емес

4. Автордың мақаласына түрткі болған жағдай

A) Театрдың ішкі тіршілігімен танысу

B) Ата-аналардың қамқорлығын көрсету

C) Өнер ордасына балалардың сирек баруы

D) Театр қызметкерін таныту

E) Өнер ошақтарының санының аздығы туралы

5. «Арзан билетті алып, алдыңғы бос орындарға отыра саламыз» деген түсініктің орын алуына не себеп? Ата-аналардың…

A) Бағасы бір деп ойлауынан

B) Мәдени орынды сыйламауынан

C) Немқұрайлылық танытуынан

D) Қаражатының жоқтығынан

E) Өресінің таяздығынан

6.Үшінші абзацта автордың қандай көңіл-күйі берілген

A) Дегбірсізденеді

B) Таңғалушылық

C) Алаңдаушылық

D) Күмәнданады

E) Немқұрайлылық

59- мәтін

1.Балаға ат қоюдың қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтіндер көп. Сол себепті де, әдемі естілетініне қызығып, көбінесе мағынасыз аттарды қоя салады.

2.Бір қызығы, сәбидің қай мезгілде, қай айда дүниеге келгендігі де оның мінезінің қалыптасуына ықпал ететін көрінеді. Дерек­терге сүйенсек, қыста ынталы, талапты балалар дүниеге келеді. Кілең жуан дыбыстардан тұратын қатқыл есімнің қойылуы олардың осы қасиетін одан әрі ұштап, дамыта түседі. Желтоқсанда туған балалар тік мінезді, өте өктем, ал қаңтар мен ақпанда туған балалар байсалдырақ болады. «Бірақ қыста туған сәбилер есейгенде өздерінің қырсықтығының кесірінен ешкіммен сыйыса алмай қиналады. Олар әрдайым елдің алдында болғысы келеді. Егер сіз оның табиғат берген қатал мінезін жұмсартқыңыз келсе, жұмсақ есім таңдаңыз», дейді экстрасенс Заман Сыпатаев.

3. Сыпатаевтың айтуынша, көктемде туған балалар тез ренжігіш, сезімтал, әсершіл. Олардың көбі тумысынан дарынды, бірақ өз­деріне сенімді емес. Осы жасқаншақ, жігер­сіз жұмсақ мінезі олардың көшбасшы болуына кедергі. Сондықтан, қайраттандыру үшін оларға қатқыл есім таңдаған жөн.

4. Жазда туған балаларға, негізінен белсен­ділік пен тәкаппарлық, батылдық тән.

5. Күзде туған балалар өте әмбебап, алғыр және сабырлы. Не істесе де, көп ойланып-тол­ғанады. Бірақ мінездері жеңілтектеу. Оларға ат таңдау соншалықты қиын емес, себебі күзгі балалардың табиғатына ештеңе әсер етпейді.

6. Заман мырза жалпы балаға ат қоюда есімдер құпиясын ескеру керектігін айтады. Біріншіден, есім қалай дыбысталады, соған мән берген жөн. Әрі қарай, мағынасына көңіл бөлу керек. Мәселен, қыз балаға сұлулық, пара­саттылық, ақылдылық қасиеттерін қамтитын есімдер лайық. Ал балаңыз ұл болса және сіз оның болашақта қажырлы да қайратты, дәулетті және ер мінезді азамат болып өскенін қаласаңыз, есімін де соған орайластырып қойғаныңыз абзал. Ең бастысы, өз балаңыздың қандай болғанын қалайсыз? Есімін де соған қарай таңдаңыз. Ат қою – өте жауапты іс. Сонымен қатар, әрбір ата-ана өз баласының бақытты, табысты болуына және үйлесімді өмір сүруіне ықпал ете алады. (267 сөз)
http://zhasalash.kz/otbasy/17073.html

  1. Мәтіндегі мәліметке сәйкес балаға ат қояр кезде нені ескеру керек?
    A) Сөздің жаңалығын

B) Әріптердің санын

C) Сөздердің тіркесуін

D) Есімнің дыбысталуын

E) Есімнің әдемілігін

2. Қай кезеңде туған балалардың мінезін қатқыл есім өзгерте алады?

A) қыста

B) көктемде

C) жазда

D) барлық мезгілде

E) күзде

3. Үшінші бөлімге сәйкес қандай есімдер қоюға болады?

A) Жамал, Ақылгүл

B) Дана, Сабыржан

C) Қымбат, Әсем

D) Жібек, Меруерт
E) Қайсар, Батырхан

4. Қандай пікір мәтіндегі негізгі ойға сәйкес келеді?

A) Есімді ай атауына байланысты қойған жөн

B) Балаға әдемі естілетін есім таңдаған жөн

C) Есімнің мағынасына назар аударған жөн

D) Есімді құрметті адамдарға қойдырған жөн

E) Есімді заманына сәйкестендіріп қойған жөн

5. Қандай мезгілде туған балалардың мінездері бір-біріне қарама-қайшы?
A) Қыс-жаз

B) Жаз-күз

C) Қыс-көктем

D) Көктем-күз

E) Күз-қыс

6. Мәтіндегі ойға сәйкес жаңа туған балаға ненің әсері көп?

A) Ата-ана таңдауы мен ауа-райының

B) Есімі мен күн мезгілінің

C) Жыл мезгілі мен есімінің қатқылдығы

D) Ай атауы мен есімінің қатқылдығы

E) Ауа райы мен жыл мезгілінің

60- мәтін

Қазақтың дербес мемлекеттілігі жойылғаннан кейін жүз жылға созылған Зар заман дәуірінің ақындары (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, т.б.) халықтың басына түскен отаршылдық нәубетін сары уайымға салыну, торығу сарынымен жырлады. Дулат Бабатайұлы өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, мырзалық пен сараңдық, білім мен надандық мәселелерін талдап, шығармаларына негізгі арқау етті. Дулаттың әлеуметтік философиясы – жер, суды, елдің бірлігін сақтап қалу идеясы, басқа жұртқа күш көрсетпеу философиясы. Зар заман ақындарының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы басты сарын – жер мәселесі, ата қоныс, бас бостандығынан айырылған тұтас елдің мұң-зары. Шортанбай заманақыр таяғанда табиғат та азады десе, Мұрат керісінше, заманның азуын адамнан көреді.

Қазақ философиясы тарихында әйгілі ғалым Ш.Уәлихановтың орны ерекше. Ол «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтқан. Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейді. Ол қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние: күн, ай, жұлдыздар және жер – алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Оның еңбектерінен себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі Ы.Алтынсарин бала дүниетанымының философиялық мәселелерімен алғаш шұғылданып, осы бағытта тамаша үлгі жасады. Хикмет сөз, яғни даналық айту дәстүрі Абай Құнанбаев заманына дейін үзілмеген. Абай адам болмысын тануда тың дүниетанымдық ойлар айтты.

Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан, демек, махаббат адамға дейін болған, Алланың тек өзіне ғана тән құдіреті деп білген Абай Адам мен Алланың арасындағы қатынасты сүю деп атайды. Өзін махаббатпен жаратқан Алласын адамның сүюі парыз. Абай сүюдің үш түрін айтады, олар: Алланы сүю, оның жаратқан кереметі – адамды сүю және хақ жолы деп әділеттілікті сүю. Осы үш сүюді Абай имани гүл дейді. Хакім Абай «толық адам» немесе кәмелетті адам тұжырымдамасын жасады. Олар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат. Адамды толық ететін – ақыл, жүрек, қайрат. Абай сияқты Шәкәрім Құдайбердіұлы да қазақ елін қалай мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрім Абайдың имани гүл ілімін «Үш анық» кітабында ұят туралы ілімге айналдырды.

Осы еңбекте Шәкәрім сол кездегі еуропа ағымдарынан деректер келтіре отырып, этикалық максимализмге негізделген ар-ұятты дәріптеу ілімін жасады. Ойшылдың тарихи-философиялық еңбектерінің («Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресі», «Үш анық») дүниетанымы мен негізгі әлеуметтік сарыны ағартушылық, адамгершілік идеяларымен сабақтасып жатыр. XIX–XX ғасырларда Қазақ философиясындағы ой-толғаныстар мен көтерілген негізгі мәселелер дәстүрлі қазақ ойшылдығына сүйенгенімен, олардың ойлау кеңістігі кеңейіп, қазақ философиясын еуропа дәстүрмен ұштастырып отырды. Бұл бағыт Абайдан басталып, XX ғасырдың басындағы басқа да қазақ ойшылдарының шығармаларында жалғасын тауып, кең өріс алды.

  1. Дулаттың әлеуметтік философиясы

A) сопылық идеяны уағыздау

B) ғашықтық жайында баяндау

C) басқа жұртқа күш көрсетпеу

D) ата қонысты кеңейту

E) жесір дауын шешу

2. Шортанбай мен Мұрат көзқарастарындағы қарама-қайшылықты көрсетіңіз

A) мырзалық пен сараңдық

B) заман мен адам

C) елдік пен бірлік

D) білім мен надандық

E) жер мен су

3. Абай іліміндегі толық адам мағынасын ашыңыз

A) ақыл, жүрек, қайрат

B) ақыл, сезім, бас

C) күш, сезім, үміт

D) қиял, болмыс, жүрек

E) жігер, жүрек, арман

4. М . Мөңкеұлының шығармасындағы басты мәселені белгілеңіз

A) оқу-білім мәселесі

B) ғашықтық мәселесі

C) ата қоныс мәселесі

D) сопылық мәселесі

E) табиғат мәселесі

5. Ш.Уәлихановтың пікірі

A) заманақыр таянғанда табиғат та азады

B) адамзатты алла махаббатпен жаратқан

C) адам Алласын сүю парыз.

D) сыртқы дүние адам санасынан тыс өмір сүреді

E) заманның азуы адамға байланысты

6. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Зар заман ақындары

B) Философиялық құндылықтар

C) Ұлылар пікірі

D) Абай философиясы

E) Даналар сөзі

Ұқсас материалдар: 

  1. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  11. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  12. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  13. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  14. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  15. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  16. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (16-20 мәтін)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ