Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (51-55 мәтін)

0
3136
Иллюстрация: Freepik.com

51- мәтін
Аспан денелері қалай зерттеледі?

Аспан денелері «Пионер-11», «Вояджер», «Кассини», «Гюйгенс», «Хаббл» сияқты ғарыш аппараттары арқылы зерттеледі. Солар арқылы алынған, Жерге жіберген ақпараттар негізінде кез келген аспан денесі туралы сараптамалар жасалады.

1997 жылы қазан айында НАСА, ЕКА және АСИ бірлескен жобасы бойынша «Кассини — Гюйгенс» аппараты Канаверал түбегінен ғарышқа ұшырылды. Бұл жоба Сатурн жүйесін, соның ішінде оның серігі Титанды зерттеуге бағытталған. Титан — Жерден ең қашықта орналасқан аспан денесі. 2004 жылдан бастап «Кассини» Сатурн планетасының жасанды серігіне айналды. Содан бері ғарыш аппараты Титанды айналып ұшып, 1200 шақырым ғана қашықтықтан суретке түсіріп, зерттеп жүр. Титанның бетіндегі газ құрамын, топырағын зерттеу үшін ғарыштық зонд та түсірілді. Қазір бұл планеталар туралы барлық мағлұматтар алынған. «Гюйгенс» аппараты Титанның атмосферасының құрамын анықтады, желдің жылдам­дығын таспаға жазып алды, температурасын, массасын, орбита айналымын білді.

2006 — 2008 жылдары «Кассини» Титанды айналып 21 рет ұшып, 950 шақырымға дейін жақындады. Титанда метан көлдері бар екендігі анықталды. Оған қазірге дейін ғарыш аппараттары ұшып барып, зерттеулер жүргізуде. 2017 жылға дейін тағы 56 рет ұшырылады деп жоспарлануда. Мұның бәрі бекерге жасалып жатқан жоқ, бұл ұшулар түбінде үлкен пайда әкелуі тиіс. «Гюйгенс» зонды «Кассиниден» 2004 жылы ажырап, 2005 жылдың 14 қаңтарында Титанның бетіне қонды. Бұл — Ай бетіне қонған ғарыш аппаратынан кейінгі жаңа техноголиямен жасалған аппарат болып саналады. Осындай зондтар алдағы уақытта басқа планеталарға да жіберілетін болады.

НАСА мен ЕКА бірлескен бағдарламасымен 2020 жылдары Сатурн, Титан және Энцеладаны зерттеу үшін Titan Saturn System Mission аппараты жіберіледі деп жоспарлануда. Бұл жоба бойынша титанды зерттеу үшін екі зонд және орбиталық станса жасалуда. Бір зонд бұлттардың арасымен атмосферада ұшып жүреді, екіншісі көмірсутегі теңізін зерттейді. Сонымен қатар, «Гюйгенс» ғарыш аппараты оның бетіне парашютпен түсірілмек. НАСА мен ЕКА бұдан басқа тағы бір бағдарлама жасады. 2020 жылдары Юпитер жүйесін зерттеуге кіріспек.

Қазіргі кезде аспан әлемін шарлап жүрген адамзаттың «ғарыштық көзі» — «Хаббл» аппараты. Осы құралдың көмегімен бүкіл галактика, тіпті басқа галактикалық жүйелер де зерттеліп жатыр. Бұған дейін жұлдыз санаушылар Хукердің телескопын пайдаланып келді.Эдвин Хаббл 1925 жылы Америкалық астрономиялық қоғамдастық жиынында өзінің жаңалығын ұсынды. Бұл жаңалық аспан әлеміне деген көзқарасты түпкілікті өзгертті.

Қазіргі кезде «Спейс шаттл» бағдарламасы бойынша «Атлантис» ғарыш кемесі аспан денелерін суретке түсіріп, жан-жақты зерттеулер жүргізу үшін ғарышты кезіп жүрген «Хабблға» қатынас жасап тұрады. Телескопқа қызмет көрсету миссиясы алғашқы рет 1993 жылы желтоқсанда атқарылды. Екіншісі 1997 жылы ақпанда жасалды. Осы уақытқа дейін «Хабблға» бес рет ұшып, оның жинаған мәліметтері Жерге жеткізілді. «Хаббл» үшін жаңа құрал-жабдықтарды қосқанда «Атлантис» ғарыш кемесінің ұшырылу құны 887 млн долларды құрайды. НАСА ғалымдарының болжамдарынша, шыққан шығындардың барлығы бірнеше есеге ақталуы тиіс.

1.Мәтіннің берілу тәсілі

A) Ақпарат беру

B) Пайымдау

C) Сипаттау

D) Суреттеу

E) Зерттеу

2. Аспан денелері қалай зерттеледі?

A) Телескоптар арқылы

B) Ғарыш аппараттары арқылы

C) Компьютер арқылы

D) Роботтар арқылы

E) Ғарыш кемелері арқылы

3.Канаверал түбегінен ғарышқа ұшырылған аппарат:

A) «Пионер-11»

B) «Вояджер»

C)«Кассини — Гюйгенс»

D) «НАСА»

E) «Хаббл»

4. Жерден ең қашықта орналасқан аспан денесі

A) Сатурн

B) Энцелада

C) Юпитер

D) Титан

E) Ай

5.«Атлантис» ғарыш кемесінің ерекшелігі:

A) Атмосферада ұшып жүреді

B) Жаңа техноголиямен жасалған аппарат

C) Көмірсутегі теңізін зерттейді

D) Юпитер жүйесін зерттейді

E) «Хабблға» қатынас жасап тұрады

6. «Гюйгенс» аппаратының ерекшелігі:

A)Титанның бетіне қонды

B) Титанды айналып 21 рет ұшты

C) Адамзаттың «ғарыштық көзі»

D) Галактикалық жүйелерді зерттейді

E) Аспан денелерін суретке түсіреді

52- мәтін

Қожа Ахмет Иасауи хазреттері – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі-Исфитжабта даңққа бөленген  әулие, Хазреті Әлидің ұрпағы Шейх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан сәйид емес. Анасы-Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз 1166 ж Түркістан(Иассы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған.

Ахмет Иассауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 жыл қызмет етіп, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Яссыға қайтып шәкірт жетілдірді. Жүз мыңға жуық шәкірттері болды. Иассауидің ілім ұясынан жетілген Иассауия дәруіштері Хорасан, Азербайжан, Хижаз және Анадолу өлкелеріне дейін тарады.

Барған жерлерінде жақсы мінездерімен және шырайлы уағыз-насихаттарымен адамдардың дүние және ахырет бақытына қауышуларына себепкер болды. Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған…

Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мистикалық мазмұны, ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады. Қайырымдылық пен мейірімділікті өміріне арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген Иассауидің кереметтері аңыз әңгіме болып әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді. Ахмет Иассауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейхиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде Пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді.

Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.  253сөз

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып  

A) Иассауидің ілімі

B) Арыстан Баб

C) Қожа Ахмет Иасауи

D) Иассауидің еңбектері

E) Ұлы ұстаз

2.А.Иассауидің диплом алуының себебі

A) Алған білімін нақтылау үшін

B) Адамдарға дұрыс жолды көрсету үшін  

C) Дипломмен ғана дәріс беру керектіктен

D) Диплом алу сол кездің сәні болғандықтан

E) Дипломмен атағын шығарғысы келгендіктен

3.Иассауидің әлі ел аузында жүруінің мәнісі  

A) Ислам дінінің негізгі өкілі болғандықтан

B) Пайғамбар жасынан артық өмір сүрмегендіктен

C) Көп білім алғандықтан, ізденгендіктен

D) Көп шәкірт жетілдіргендіктен  

E) Бүкіл түркі жұртын татулыққа үндегендіктен

4. Арыстан Бабқа он алты жыл қызмет етуінің себебі

A) Ислам дінінің негізін салу үшін

B) Қызмет етіп, мол ілім үйрену үшін

C) Ислам дінін тарату үшін

D) Рухани ілім алу үшін

E) Пайғамбардың елшісі болғаны үшін

5.Иассауи дәруіштері тараған өлкелер 

A) Азербайжан, Хижаз

B) Хорасан, Түркістан

C) Хижаз, Түркістан

D) Иассы, Анадолу         

E) Азербайжан, Исфитжаб

6.Иассауиді адамдардың терең қабылдауының себебі

A) Жақсы мінезі болғандықтан

B) Дұрыс жолды таңдағандықтан

C) Арыстан Бабтың шәкірті болғандықтан

D) Юсуф Хамаданнен білім алғандықтан

E) Туындылары мәнді болғандықтан

53- мәтін

Данияны 2016 жылы кезекті рет әлемнің ең бақытты елі деп атады. Даниялық Малин Рюдаль «Даттар сияқты бақытты» атты кітабында даттардың сәттілгіне негіз болатын қағидалар жайлы айтады. Сонымен қатар әр баланың тұлғалық қасиеттерін дамытып, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін мектеп жүйесі жайлы да сөз қозғайды.

            Дат білім беру жүйесінде басты назар – тестерді өту машығына емес, білуге құмарлығын және өздігінен дамуға қабілетін арттыруға салынады.

Мектептерде әр оқушыны жеке қасиеттері мен қабілеттері үшін бағалайтынын көрсетіп, әр қайсына сенімділік ұялатуға тырысады. Демек, оқу үлгеріміне қарамастан, әркім қоғамда елеулі орын ала алатынына және сүйікті ісімен айналыса жүріп пайда әкеле алатынына сенімді болады.

Дат жүйесі материалдық тұрғыда да, интеллектуалдық тұрғыда да элита тәрбиелеп шығаруға бағытталмаған.

Мектеп бағдарламасы да оқушылардың оны қиналмай меңгеріп алатындығын көзделген. Нәтижесінде даттардың арасында білім беру жүйесінен «шығып қалатындар» жоқ. Жүйе үздіктерге емес, баршаға бейімделген: элиталардың саны аз және даттар қалған 95-99%-ға қамқор болып келеді.

Осы жүйенің жұмыс істеуіне даттардың менталитетінің әсері бар: олар басшы болуға немесе ең үздік болуға ұмтылмайды. 1993 жылдан 2006 жылға дейін дат оқу орындарында «топтық рухты тәрбиелеуге» бағытталған топтық емтихан болған. Малин Рюдаль айтпақшы мұндай «таза даттық» бағалау формасында әр студент жауабы үшін өз бағасын алып отырған, бірақ қорытынды баға жалпы топқа байланысты болған. 2006 жылы үкімет бұл емтиханды алып тастады, себебі бұл оқушылардың жеке қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік бермеді, алайда бұл шешім қоғамның наразылығын тудырды. Нәтижесінде 2012 жылы топтық емтихандарды қайтарды. Бұл емтиханды өткізу-өткізбеуді әр мектеп өзі шешетін болды.

            Дат орта білім беру жүйесі, бірінші кезекте, тәуелсіз тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған. Және бұл бос сөз емес: Данияның білім заңында бастауыш мектеп білімі негізгі ілім мен әдеттерді үйретіп қана қоймай, оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуы керек екені жазылған. Мектепке дейінгі білім ордаларының (балабақша мен дайындық сыныптары) алдында бірнеше мақсат тұрады: баланың сөздік қорын кеңейту, мектеп ережелерімен таныстыру, төзімді болуға үйрету және қоғамда толыққанды өмір сүруге дайындау.

            Мектептерде оқушыларды өз бетінше ақпарат тапқаны үшін – эксперименттер жасап, дереккөздерді сараптағаны үшін мадақтайды.

Түсіну үшін мұғалімді құр тыңдау емес, білім алу процесіне белсенді қатысу әлдеқайда пайдалы деп есептеледі.

1.Мәтін мазмұнына лайықты тақырып 

A) Малин Рюдаль кітабы

B) Бақытты даттықтар

C) Скандинавиялық мектептердің кереметі

D) Данияның бастауыш білім беруі

E) Даттардың менталитеттері

2. Мектепте оқушылардың бойына сенім ұялатудың себебі

A) Әр баланың жақсы оқуына өзінің сенімін білдіртеді.

B) Әр баланың сүйікті ісімен айналысуына жол ашады.

C) Әр баланың оқу үлгеріміне басты назар аударады.

D) Әр баланы қабілетіне қарай топтастырады.

E) Әр баланың интеллектуалына сенім білдіреді.

3. 2012 жылы топтық емтихандарды қайтарудың себебі

A) Топтық емтихандар тым жеңіл болып кетті.

B) Қоғамның наразылығын тудырды.

C) Тәуелсіз тұлға тәрбиелеуге бағытталмады.

D) Топта емес, әр оқушы жеке өз мүмкіндігін көрсетіп отырды.

E) Әр оқушының қасиетін көрсете алмады.

4.Даттардың арасында білім беру жүйесінен «шығып қалатындар» жоқ болуының себебі  

A) Мектеп бағдарламасын еркін меңгергендіктен

B) Білім жүйесі баршаға бейімделгендіктен

C) Мектеп тек қана элиталарды даярлағандықтан

D) Балалардың интеллектісі зор болғандықтан

E) Бағалау формасы «топтық» болғандықтан

5.Даттардың менталитетінің ерекшелігі 

A) Жоғары лауазымдық қызметке ұмтылмайды.

B) Топта бірлесіп білім алады.

C) Жеке кәсіп ашып алады.

D) Ешкімге тәуелсіз болады.

E) Сүйікті ісімен айналысуды ұнатады.

6.Мектептерде оқушыларды өз бетінше ақпарат тапқаны үшін – эксперименттер жасап, дереккөздерді сараптағаны үшін мадақтауының мәнісі

A) Бала білгенін тәжірибеде қолдана алғаны үшін

B) Бала білімді терең меңгергені үшін

C) Бала белсенділік танытқаны үшін

D) Бала тым қабілетті екенін көрсеткені үшін

E) Бала мұғалімнің айтқанын айнытпай орындағаны үшін

54 — мәтін

— Егер, далада жүріп қазақтың айғыры кісінесе, менің қорадағы биелерім құлын тастайды. Айғыры кісінегеннің басы айдауда, малы талауда болады,—депті.

Жұрт мұны есітіп, уайымға түсіп, күйзеліпті. Он екі жасар Қасен халыққа:
— Бұл үшін уайым жемеңдер. Қырық жел мая тауып беріңдер. Еженханға барып, бұл жарлығын қойдырайын, сөйтіп кеңшілік алып келейін,— депті.
Ел болып жиылып баланың айтқанын дайындап беріпті. Бала қырық мергенді ертіп, жел мая мініп, шүршіттің ханына жөнеліпті. Шаһардың шетіне кіргеннен-ақ «әу» деп үрген итті ата беріпті. Иттің иелері:
— Бұның қалай, жазықсыз итімізді неге атып қырып келесіңдер? — десе, «Біз Елібайдан келе жатқан елші, не арыздарың болса, хандарыңа барып айтыңдар. Жауабын ханың арқылы беремін»,— деп жүре беріпті. Ханы:
— Олар келсін, себебін сұрап біліп көрерміз,— деп, Қасенді кісі жіберіп, шақырыпты. Олар келіп ханға жолыққан соң, хан:
— Елші болғандарың қалай? Келе салып елімізді дүрліктіріп ойран салғандарың қалай? — дейді. Сонда Қасен бала:
— Тақсыр! Оның мәнісі бар. Кішкене күнімде әкем маған қой бақтырды. Далада жүргенімде қасқырлар келіп қамады. Сонда мен көмекке ойдың да итін шақырдым, қырдың да итін шақырдым, шәһәрдің де итін шақырдым. Бір ит келіп ара түспеді. Сонда ант ішіп едім: ойдың да итін атармын, қырдың да итін атармын, шаһардың де итін атармын,— деп. Сол сертіме жетейін деп ит біткенді қиратып атып келе жатқан жәйім бар! — депті.
Сонда хан:
— Тентек шіркін! Қазақтың мидай даласында жүріп сенің айқай салған дауысыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін? — дейді. Сонда Қасен айтыпты:
— Айғыр дауысын қорадағы бие естіген жерден, кісі дауысын ит естімеуші ме еді?
— Қап, бала! Мені табандатып ұрдың-ау! Мен ұтылдым, қалағаныңды ал! — депті хан.
— Хан, олай болса, елімнің билігін өзіме берсең болады! — депті.
— Бар, бердім, қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым! — депті Ежен. Содан былай Қасен «хан» атанып кетіпті  274сөз

1.Мәтіннің мазмұнына лайықты тақырып  

A) Ақылды Асан

B) Елібай елі

C) Қасеннің Қасенхан атануы

D) Қазақтың мидай даласы

E) Еженханның жарлығы

2.Мәтіндегі: « Тентек шіркін! Қазақтың мидай даласында жүріп сенің айқай салған дауысыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін?»деген сөйлемнің астары нені аңғартады?

A) Шаһардың ұзақтығын

B) Қазақ жерінің кеңдігін  

C) Екі елдің арақатынасын

D) Еженхан жерінің кеңдігін

E) Иттердің көптігін

3.« Ел болып жиылып баланың айтқанын дайындап беріпті»- деген сөйлемнен нені аңғарамыз?

A) Қасеннің айтқанынан шыға алмайтынын

B) Қасеннің өз еліне деген сүйіспеншілігін

C) Қасеннің сөзінің өктемдігін

D) Ел ағасы Қасенге деген сенімді

E) Елдің Қасенге үміт артқанын    

4.Мәтін мазмұнын түйіндейтін мақал-мәтел 

A) Жер таусыз болмас, Ел хансыз болмас.

B) Ері ақылдының ауылы азбайды.

C) Ағасы бардың жағасы бар.

D) Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста.

E) Танымас, танымасын сыйламас.

5.Мәтіндегі: « Бар, бердім, қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым!»деген Еженханның сөзінің мәнісі

A) Еженханның жатжұрттық екенін білдіреді

B) Еженханның өз жұртына жанашырлығын білдіреді

C) Еженханнық қазаққа жанашыр екендігін білдіреді

D) Еженханның қазаққа деген сыйластығын білдіреді         

E) Еженханның Қасеннен қорыққанын білдіреді

6.Мәтін мазмұнын жеткізуде қолданылған тәсілдер

A) Әңгімелеу

B) Пайымдау

C) Хабарлау

D) Ақпарат         

E) Зерттеу

55- мәтін

1.Португалия астанасы Лиссабон, түрлі-түсті үйлерімен, базальт төселген көшелерімен, ғимараттары әр түрлі реңді керамика тақтайшалармен көмкерілген. Көшелерінен ара-тұра көненің көзіне айналған ескі трамвайларды байқап қалуыңыз ғажап емес. Түскі 12.00 мен 15.00 арасында бұл жерде өлі тыныштық орнайды. Бұл уақыт арасында ашық тұрған дүкендерді, музейлерді, асханаларды таппайсыз. Тек күннің ыстығы қайтқан шақта ғана үйіңізден шығып, көрікті жерлерге көз тастауыңызға болады. Тіпті мейрамханаларының өзі тек кешкі 10-ға дейін сізге қызмет көрсетеді. Қала кереметтерін, туристерге арналған шағын трамвайға отырып, тамашалауға барлық жағдай жасалған.

2.Кешкі Лиссабон мүлде өзгеше күйге енеді. Қызылды-жасылды от шашулар қала көркін одан әрі әрлендіріп, қыздыра түседі. Егер жағалауға бара қалсаңыз, Сагрише мыс Сан-Висентиге атбасын бұрыңыз. Тарихтан белгілі, ол жерде бұрындары көптеген географиялық жаңа жерлердің ашылуына себепкер — теңіз жүзушілер мектебі болған.

3.Кобо-де-Рока жеріне бара қалсаңыз, көрікті жерлерімен танысып қана қоймай, елдің ең батыс нүктесінде болғаныңыз үшін арнайы «мәртебелі куәлікке» ие боласыз. Содан кейін, «жердің шетін көрдім» деп мақтануыңызға әбден болады. Ар-намысын жоғары бағалайтын ұстамды ел. Олар ешкімнің алдында абыройының төгілуіне жол бермейді. Сыртқы бет-әлпетінің, киімінің әдемі болып тұрғаннын жандары сүйеді. «Кісіні киіміне қарап қарсы ал» деген мақалдары сондықтан да айтылған болуы керек.

4.Олардың амандасу әдебіне келетін болсақ, аса танымайтын адамдарымен қол алысып амандасады. Ер адамдары бір-бірін құшақтап амандасса, ал әйел адамдары ең алдымен оң, одан кейін сол бетінен сүйіп амандасады.

5.Олар қонақ күткенді ерекше ұнатады. Португалдықтар қонаққа баратын үйіне міндетті түрде сыйлық ала барады. Қонақтар үйге кіргенде аяқ киімдерін шешпей кіреді. Қонақта отырып олар отбасы мәселесі, жеке бас құпиясын сөз еткенді онша ұнатпайды. Дастархан басында олар саясат жайлы, сауда-саттық, Еуропа одағы, ал кейде, ауа-райы жайлы сөз қозғағанды жөн көреді. Алғаш рет дастархандас болып отырған адамының өте көңілді, ашылып сөйлесіп отырғандығын, шеттен шыққандық деп бағалайды. Бір-бірін баяғыдан танитын адамдар кездесуге кешігіп келіп жатса, оған мән бермейді. Ал таныс емес адамды кездесуге шақырып, ол адам кешіксе, бұл қылығын сыйламағандық деп есептейді. 296 сөз

  1. Түскі 12.00 мен 15.00 арасында тыныштық орнауының себебі

A) Трамвай жүрмегендіктен

B) Асханалар жабық болғандықтан

C) Аптап ыстық болғандықтан

D) Туристер болғандықтан

E) Мейрамханалар кешке істегендіктен

2.Португалдықтардың  дастархан басында  саясат жайлы, сауда-саттық, Еуропа одағы жайлы сөз қозғауының мәнісі  

A) Саудамен айналысатындықтан

B) Отбасы туралы айтуға болмайтындықтан  

C) Саясаттан білімді болғандықтан

D) Еуро Одағына мүше болғандықтан

E) Алғаш рет дастархандас болғандықтан

3. Сан-Висентиде көптеген туристер қызығатын жерлердің пайда болуының себебі

A) Географиялық жері ыңғайлы болған соң

B) Елдің ең батыс нүктесі болғандықтан

C) «Мәртебелі куәлікке» ие болатындықтан

D) Жердің шеті болғандықтан

E) Жүзушілер мектебі болғандықтан

4. Мәтіннің мазмұнына алшақ сөйлем

A) Бұрыннан танитын адамдар кездесуге кешікпеу керек.   

B) Таныс емес адамдар кездесуге кешікпеу керек.

C) Киім әдемі болып тұрғанды ұнатады.

D) Географиялық жаңа жерлер көп.

E) Ескі трамвайлар жүреді.

5. Мәтіннің төртінші бөлімін түйіндейтін нақыл сөз

A) Сәлем түзелмей, адам түзелмейді.

B) Жаманға табаныңды көрсетпе.

C) Беріп, берен болғанша, Бермей, сараң бол.

D) Ел мен елді жер қосады…   

E) Ер туған жеріне, ит тойған жеріне.

6.Португалдықтардың қазақ халқына ұқсас қасиеті

A) Қонақжайлылығы

B) Сәлемдесуі

C) Дастархан жаюы

D) Сыйлық апаруы   

E) Киім киісі

Ұқсас материалдар: 

  1. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  11. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  12. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  13. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  14. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  15. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  16. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (16-20 мәтін)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ