Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (66-70 мәтін)

0
2141
Иллюстрация: Freepik.com

66- мәтін

1.Әлемдегі ең бір кедей елдердің бірі – Бангладеш. Өте тығыз орналасқан Бенгалдықтардың 80% ауылдық жерлерде тұрады. Үйлерін бамбуктен, ағаштан немесе кірпіштен биік жерлерге салып, шатырын сабан, пальма жапырақтармен, бай, дәулетті дегендері қаңылтырмен жабады. Өзендер арнасынан асып, жайыла тасыған кезде жұрт бір-біріне көбінесе қайықпен қатынайды.Үйлердің айналасында аяқ басар бос жер болмайды. Әрбір сүйем жер дәнді дақыл егуге, шай және қант құрағын, сондай-ақ жеміс ағаштарын өсіруге пайдаланылады.

Салт-дәстүрді берік ұстанатын бенгалдықтар үйлерін міндетті түрде ұлттық нақышта безендіреді. Бұл елдің кедей тұрғындарының өзі үйлерін сән-салтанатпен өрнектейді. Бенгалдықтарды нағыз кітап құмар халық десек артық айтпаған болар едік. Оған себеп көшелерден жиі кезіктіруге болатын «кітапхана – автобусты» айтуға болады. Қызықты кітаптарға лық толы бұл автобустың жолаушылары барар жерлеріне дейін кітап оқып, жан дүниелерін мол мұрамен байыта отырып жетеді. Музыка – Бангладеш жұрты үшін өмірілерінің ажырамас бөлшегі. Бенгалдықтардың дәстүрлі әндері Баул депа талады. Баул – осыдан жүздеген жылдар бұрын Батыс Бенгалияны мекен еткен кезбе жыршылардың әні. Бұл сөздің мағынасы «Киелісотқар» дегенді білдіреді. Баул әнін орындаушылардың қандай жағдай болмасын жанынан тастамайтын мүліктері – киімі және музыкалық аспаптары. Одан өзгені жандарына серік етуден үзілді-кесілді бас тартады.

Бенгалдықтар Баул орындаушыларын қызғыштай қорып, олардың қауіпсіздігін қаматамасыз етіп отырады. Баулдан өзге дәстүрлі әндерінің қатарына Гомбхира, Бхатиали, Бхавайя жатады. Бұл фольклорлық әндерді көбіне бір ішекті эктара аспабының сүйемелдеуімен орындайды. Бангладеш асханасы Орта-Азия елдерінің асханаларының тағамдарынан еш айырмашылығы жоқ. Олардың өте көп пайдаланатын тағамдары – күріш пен кари. Олар сүттен неше түрлі тіл үйретін тәттілер жасап жегенді жандары сүйеді. Ұлттық тағамдарына расгулла, чамчам, каложам жатады.

Бенгалдықтар ырым мен тыйымға қатты сенетін халық. Бұл көріністі әсіресе ауылдық жерлерден анық көруге болады. Олар алдарынан бос тостағанды, құс өлексесін, тақсандарды, үзіліп қалған жіптерді көре қалса бітті жаман ырымға балап, сағы суға кетеді. Бангладеш ұлты дүниеге ұл бала келсе болды, «үйімізге береке келді», — деп қуанады. Ал қыз балалардың туылғанын аса қатты ұната бермейді. Олар қыз баланы өзге шаңырақтың киесі деп санайды. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін толықтай күйеуінің меншігіне өтеді.

Ал ұл бала олар үшін ұрпағының жалғасы, қартайғанда асырайтын өз үйінің иесі. Бұл елдің жастары үлкендерді қатты сыйлайды. Ата-аналары балаларын бұл қасиетке кішкене күнінен бастап үйретеді. Тіпті олар үлкендерге тіл тигізбек түгілі, қарсы шығып сөйлемейді. Жасы кішілері үлкендердің аяғына басын еңкейтіп, қолы мен аяғына тағзым етіп амандасады. Олар әке-шешелерінің таңдаған қыздарына үйленеді. Егер ата-анасының таңдаған қызы көңілінен шықпаса, неке заңды болып есептелмейді. Тойды міндетті түрде күйеу жігіттің ата-анасы жасайды. Той кезінде жас жұбайлар неше түрлі сән-салтанатқа толы гүлдермен көмкерілген орында отырады. Олардың ешбір тойлары дін қызметкерлерінсіз өтпейді. Той өткізілгеннен кейін олар көп емес, біраз уақытқа ата-аналарынан бөлек үйге шығып кетеді. 406 сөз

1.Бенгалдықтардың тығыз орналасуының себебі

A) Жеміс көп салғандықтан

B) Халық көп болғандықтан

C) Жер аз болғандықтан

D) Сулы жер көп болғандықтан

E) Шөл болғандықтан

2. Бенгалдықтар Баул орындаушыларын қызғыштай қорғауының себебі

A) Баул орындаушылар көп болғандықтан

B) Дәстүрлі әндерді орындағандықтан

C) Ырым мен тыйымға қатты сенетіндіктен

D) Кезбе жыршылар болғандықтан

E) Ұлттық аспаптарда мықты ойнағандықтан

3.Мәтіннің төртінші бөлімінің мазмұнына лайықты мақал-мәтел

A) Қызың жағадағы құндызың.

B) Әкесіне тартып ұл тумас.

C) Балалы үй базар.

D) Кісі болар баланы кісесінен таниды.

E) Ұл туғанда күн туар.

4. Бенгалдықтарда тойдың дін қызметкерлерінсіз өтпеуінің себебі

A) Діни неке ғана заңды деп саналғандықтан

B) Діни қызметкерлерін ерекше құрметтегеннен

C) Ата – бабаның ерекше салты болғандықтан

D) Діни бата бірінші орында тұрғандықтан

E) Тойға дін қызметкерінің қатысуы мәртебе саналғандықтан

5.Бенгал жастарының ерекшелігі  

A) Үлкендерді қатты құрметтейді.

B) Ата-аналарынан бөлек тұрады.

C) Қызды әке-шешесі таңдайды.

D) Қыз баланы береке санайды.

E) Болашақтарын өздері шешеді.

6.Үйлерін ұлттық нақышта мықты безендірудің себебі   

A) Өз ұлтының салтын берік ұстанғандықтан

B) Ұлттық қолөнерді мықты білгендіктен

C) Әсемдікті ерекше жақсы көргендіктен

D) Ел ішінде шеберлер көп болғандықтан

E) Басқа ұлттарға үлгі көрсету үшін

7.Мәтін мазмұнын жеткізудегі қолданылған тәсілдер 

A) Ақпарат, әңгімелеу

B) Зерттеу, пайымдау

C) Суреттеу, пайымдау

D) Сипаттау, зерттеу

E) Салыстыру, пайымдау

8. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Бангладештің ерекше халқы

B) Өнерлі бенгалдықтар

C) Баул орындаушылары

D) Бенгалдықтардың салт-дәстүрі

E) Ырымға сенетін халық

67- мәтін

Жер бетіндегі барлық жан-жануар атаулы қасиетті мекен санайтын Шаңырақ биігі басында, Кіндік белгі қасында «Ұлы жиын» деген өтіп тұрады екен. Ол жиынға дүниедегі бар тіршілік иесі асығып жетіп, қуана бас қосатын болған. Өйткені, ол байтақ жер бетіндегі кең өрістей, шалқар теңіздей, арналы дариядай өмірдің ең маңызды мәселелерін келісіп, ақылдасып шешетін бейбіт, мәмілелі ұлы жиын еді.

Бірде сондай жиынға шақыру кезінде мынадай хабар айтылады: «Әр тіршілік иесі өзінің сүйікті асын алып келсін. Кімнің дәмі тәтті екен, қандай тағамның қасиеті артық екен – соны біліп, соны ғаламға паш етейік!» Бұл хабар төрткүл дүниеге түгел тарайды.

Ал межелі күн жеткенде, бәрі-бәрі құрметтейтін Шаңырақ биігі басына, Кіндік белгі қасына әлемнің төрт тарабынан асыққандар ағылып келе бастайды. О-о, бұл тірі ағында кімдер, нелер жоқ дейсің?! Аң патшасы арыстан, құс патшасы бүркіт, су алыбы кит, дала еркесі киік, маңғаз піл, жайбасар керік, құс сұлуы аққу, жезтаңдай бұлбұл, жасқаншақ жарқанат, тіпті ызыңдаған сонаға дейін бар мұнда. Жүгірген аң, ұшқан құс, жүзген балықтан қалмайын деп, дөңгеленген қаңбақ, жел айдаған үпелек, жан-жануарға ілескен дән-дәнек те осында жетіп жатты. Осынау жанды ағынды «тіршілік дариясы» деп айтуға болатын еді.

Бұл жиында тек Адам ғана көзге түспеді.

«Ау, Адам-дос қайда екен?!» – десті жиылған көп қауым.

«Ол жер жыртып, арна қазып, үй тұрғызып, еңбектеніп жатқанын көрдік. Сірә, сол жұмыс деген бейнеттен қолы босап келе алмаған болар?», – десті Адамды көрген тағы бір топ куәгер.

«Біздің азығымыз жолымызда жатады, аяқ астынан табылады. Ал Адамның ырыздығы тер төкпей өнбейтін қиын дәм деседі. Сірә, оның татымы да сондай ащы шығар?..» – деп шуласты тағы біразы.

Жиналғандардың бұлай айтатын себебі бар еді. Шаңырақ төбе басында, Кіндік белгі қасында жайылған, өрістей кең дастарханға өздерінің ең сүйікті, аса қадірлі дәмдерін алып келді олар.

Шалғынды даланың майса көдесін елік, шөлейт қырдың жұпар иісті жусанын ақбөкен, бөрте тау бөктерінің шырынды маралтамырын бұғы алып келсе, сусиыр тропик батпағының шекердей борығын, піл жунгли нуының пүліштей талшын бұтағын ала келген. Кең жазықтағы шетсіз-шексіз даладай дастарқан бетінде жылы елдерден әкелінген інжір, зәйтүн, ананас, банан, солтүстіктің тундрасында піскен қырау түкті жидектер, шырыны шыққан мүк-қына, орман мен даланың қияқты-масақты дестелері, жеміс-жидек, жаңғақ-дәнек, тамыр-түйнектер бау-бау, жал-жал боп үйіліп жатыр.Осындай жиын, осындай кең дастарқан еді бұл!

Жиналғандар әлгіндей деп шуылдасып жатқанда, кенет бәрінің тұмсықтарына әлдеқайдан бір хош иіс жетті. Бәрі тым-тырыс боп, иіс келген жаққа қарасты. Топқа Адам жақындап келе жатыр екен. Жаңағы керемет хош иіс сол Адаммен бірге келе жатқаны белгілі болды.

Адам өзін жұмыс деген бейнет кідіртіп қалғанын айтып, жиылғандардан кешірім сұрады. Біреулері оған күлді, енді біреулері түсіністікпен қарады. Ұлы дастарқан басындағылардың бірінің дәмі біріне ұнай қоймағанын несіне жасырамыз? Бұл өз-өзінен түсінікті нәрсе ғой. Мешін жұпары бұрқыраған жасыл пішенге мұрынын шүйірді; арыстан шырыны тамған жеміс-жидекке тосырқай қарады; киік майлы жілік, қоң еттен алысырақ барып тұрды. Сөйтіп, дастарқан басы топ-топқа бөлініп кетті. Сол сәтте Адам ошақтағы оттан жаңа ғана алып, жылы күйінде кеудесіне қысып әкелген ып-ыстық күлшесін шығарды. Жиылған қауым тағы да сілтідей тынды. Керемет хош иістің қайдан екенін енді бәрі көрді.

Адам әуелі ыстық күлшеден бір үзіп, өзі ауыз тиді. Сосын, бір үзіп, киікке ұсынды. Бір үзіп, керікке ұсынды. Бір үзімін мешінге ұсынды. Арыстанға ұсынды. Қолтырауынға берді. Судан көз салған балыққа үзіп тастады. Тіпті ызыңдап жеткен маса да бір сәт байыз тауып, ыстық күлшенің сөлін сорып көрді. Берекелі күлше жиылғандардың бәріне жетті. Бәрі тамсанып, таңдай қақты. Бәрі де менің құрметті де сүйікті тағамым осы болғандай екен деп арман етті. «Не деген керемет дәм?!» – десті бәрі.Күлшеден тамсана дәм татпаған бірде-бір тіршілік иесі қалған жоқ.Адамның дәмі бәріне ұнады.

7. – Бұл дәмнің аты – Нан! – деді Адам. – Нанның сондай тәтті болғаны – оған менің еңбегім сіңді, маңдай терім тамды…

Адам еңбекпен келген нан туралы айтқанда, жиналғандар оны қызыға тыңдады. Адамның еңбегі сіңген, маңдай тері тамған, жүрегінің ыстығы мен алақанының жылуы дарыған дәм сондай тәтті болыпты. Еңбектен туған игіліктің бәрі сондай қасиетке ие болмақ екен. Сондықтан да Адамның еңбекпен тапқан тағамы – жер бетіндегі ең керемет, киелі дәм.
Сол күні Ұлы жиын «Жер бетіндегі ең тәтті, ең қасиетті тағам – Нан» деп тапты. Сонан бері әлемдегі бар хайуанат өз жерлерінде, өз дәмдерін татып өмір сүріп жатыр. Бірақ дүниедегі ең керемет дәм – Нанның қасиетін бәрі мойындаған, бәрінің есінде, бәрі де оны қадір тұтады.

1.Жиынның «Ұлы жиын» деп аталуының мәнісі

A) Қасиетті мекенде болғандықтан

B) Барлық мәселелер шешілетіндіктен

C) Барлық тіршілік иесіне арналғандықтан

D)Үлкен мерекелі жиын болғандықтан   

E) Бәрі бір-бірін құрметтейтіндіктен

2.Адам әкелген нанның «берекелі күлше» атануының себебі   

A) Нанның жиылғандардың барлығына жеткендігінен

B) Нанның өте дәмді болғандығынан

C) Күлшеден барлығы тамсана дәм татқандықтан

D) Нан адамның зор еңбегімен келгендіктен

E) Ең дәмді нанның ошақта піскендігінен

3.Барлық тірлік иелерінің нанның қасиетін мойындағаны туралы айтылған бөлім 

A) Бірінші

B) Төртінші

C) Бесінші

D) Жетінші  

E) Үшінші

4.Мәтін мазмұнына алшақ сөйлем 

A) Нанды бұрыннан барлығы қадір тұтатын еді.

B) Балыққы үзіп нан берді.

C) Адам ошақтағы оттан нан әкелді.

D) Аса қадірлі дәмдер алып келді.

E) Аң патшасы арыстан да келді.

5.Мәтін мазмұнын жеткізудегі тәсілдер  

A) Әңгімелеу, сипаттау

B) Салыстыру, зерттеу

C) Суреттеу, ақпарат

D) Хабарлау, пайымдау

E) Баяндау, зерттеу

6. Мәтін мазмұнына лайықты тақырып

A) Ең тәтті дәм

B) Ұлы жиын

C) Адам еңбегі

D) Ұлы дастарқан

E) Тіршілік иелері

7.Жиылған жұрттың тағы да сілтідей тынуының себебі

A)Керемет иістің кімнен шыққанын ұққандықтан  

B) Күлшені жегісі келгендіктен

C) Адамды аса қадір тұтқандықтан

D) Дастарханды сыйлағандықтан

E) Кезекпен дәмдерін көрсетіп жатқандықтан

8. Мәтін мазмұнын қорытындылайтын мақал-мәтел

A) Еңбекпен табылған дәм тәтті.

B) Еңбек етсең, емерсің.

C) Еңбек түбі – береке.

D) Кәсіп, кәсіп түбі– нәсіп.

E) Еңбегі аздың өнбегі аз.

68- мәтін

1.Үндістан – өзінің мыңжылдық тарихында өне бойына қызықты оқиғалар мен таңдай қақтырар дүниелерді жинай білген ғаламат ел. Себебі, Ежелгі Үндістан адамзат дамуын елестетуге болмайтын бүгінгі заманауи ғылымдардың көпшілігінің негізін қалады. Үндістан Республикасы Оңтүстік Азияда орналасқан, жер көлемі бойынша жетінші орынды, халық саны бойынша екінші орынды иемденіп отыр. Үндістандағы атақты Тәж-Махал, Амритсардағы алтын сарай, Махабодхи, Аджантаның үңгір ішіндегі ғибадатханалары, Эллора ғибадатханасы, Делидегі және Агре жеріндегі қызыл форт туристердің сүйікті орындарына айналған.

2.Үндістан халқы 17 негізгі тілде сөйлеседі және мұнан бөлек байырғы тұрғындар мен заманауи тұрғындарға таныс 844 диалект бар. Соңғы 10 000 жылда Үндістан ешбір елдің аумағына басып кірмеген. Осындан 5000 жыл бұрын жер шарындағы адамдардың басым көпшілігі көшпелілікпен айналысып, орманда өмір сүргенде Үндістан тұрғындары Харапптық өркениетті ойлап табады. «Үндістан» атауы Инд аталатын өзенге байланысты берілген. Бұл өзен ең алғашқы қоныстанушыларды бауырына басқан көрінеді. Кейде өзен «Шинду» деп те атала береді. Үндістан шахматтың, алгебраның, геометрияның, көптеген математиканың, гауһар тастардың, сандардың, йоганың отаны саналады. Үндістанда басқа елдерге қарағанда почта жәшіктері әлдеқайда көп екен.

3. Үндістандаға ең үлкен жұмыс беруші – Үндістан теміржолдары. Ол жерде шамамен 1 млн.-нан астам адам жұмыс істейді. Әлемдегі ең алғашқы университет б.з.д. 700 жылдары Үндістанда салынған. Онда 10,5 мыңнан астам студенттер келіп, алпыстан көп пәндерді оқыған екен. Ал Наланда аталатын IV ғасырда соғылған тағы бір университет білім беру саласында үлкен жетістіктерге жетті. Адамзат тарихындағы тұңғыш медицина мектебі – Аюр-веда осыдан 2500 жыл бұрын Үндістанда ашылды. Әлемдегі ең үлкен Бейли көпірі (Гималай) Үндістан аймағында 1982 жылы соғылды. Заң бойынша, Үндістанға үнді валютасын (рупии) әкелуге және әкетуге болмайды.  Үндістандағы қала көшелерінде сиырлар еркін жүре алады. Олар сиырды сәттілік нышаны ретінде қабылдап, қасиет тұтады.

4.Үндістанға барар алдында сіз бен біздің келісім ретінде жасайтын «бас изеу» ишарамыз оларда керісінше жасалатындығын біліп алған жөн. Біздің «бас шайқауымыз» оларды келісімді білдіреді. Үндістер сөйлескенді бастарын өте көп қимылдатады. Мұны екі тұрғынның бір-біріне қарап отырып айтқан әңгімесінен байқауға болады. Оларда еркек пен еркек арасындағы достық өте жақсы қалыптасқан. Олар көшеде бір-бірімен құшақтасып, қол ұстасып жүре береді. Бастапқыда көзге оғаш көрінгенімен, кейінірек, мұндай достықтың ешқандай жамандықпен байланысы жоқ екенін мойындайсыз.

5.Үндістан асханасы өте дәмді әрі сондай ащы келеді. Даяшыдан бұрышсыз тағам сұрағанның өзінде, ащы тағамды қанағат тұтуға тура келеді. Олардағы ең танымал тағам – Meals (әртүрлі дәмдеуіштер қосылған күріш банан жапырағына салынып беріледі). Үндістанда ананас, папайя, банан және мандариндер өте танымал. Алманың бағасы өте жоғары. Үндістанда таңғы ас, түскі ас және кешкі ас уақытпен бөлінген. Таңғы асқа берілетін тағамдарды кешкі асқа әкелдіре алмайсыз. Түске ас 12-15 аралығында, сонан кейін сағат 19:00-ге дейін барлық дәмханалар жабылады.

1.Мәтіннің  мазмұнын жеткізуде қолданылған тәсілдер

A) Әңгімелеу, ақпарат

B) Зерттеу, пайымдау

C) Пайымдау, сипаттау

D) Сипаттау, зерттеу

E) Ақпарат , пайымдау

2. Мәтін мазмұнына алшақ сөйлемдерді көрсетіңіз

1.Пошта жәшіктері әлдеқайда аз орналасқан.

2.Үнді ақшасы көп елдерге шығады.

3.Жер көлемі бойынша жетінші орында.

4.Үндістан асханасы ащы болады.

Үндістан халқы 17 тілде сө йлейді.

A) Бірінші мен екінші

B) Екінші мен бесінші

C) Үшінші мен төртінші

D) Бірінші мен төртінші

E) Үшінші мен бесінші

3. Заң бойынша, Үндістанға үнді валютасын (рупии) әкелуге және әкетуге болмайды, себебі?   

A) Ақша елде қалу үшін

B) Өзге елдерде жүрмегені үшін

C) Үндістан ақшасының өзге елде құнсыз болғаны үшін

D) Ақша айналымға жай түсетіні үшін

E) Өзге елдермен сауда- саттық нашар болғаны үшін

4. Үндістандағы негізгі көлік түрі?

A) Пойыз

B) Су көлігі

C) Ұшақ

D) Жеңіл машина

E) Жүк машинасы

5. Үндістанда 844 диалект қалай қалыптасқан деп ойлайсыз?

A) Тұрғындар тілінің тез шұбарлануынан

B) Көптілділік жақсы дамығаннан

C) Басқа тұрғындардың көптеп келуінен

D) Тұрғындар тілінің нақты болмауынан

E) Жергілікті халықтардың көптеп қоныс аударуынан

6. Инд өзенінің ерекшелігі неде?

A) Суы мол болғандықтан

B) Алып егістерді суаратындықтан

С)  Үндістан халқын бауырына басқан

D) Үндістан атауы берілгендіктен        

E) Алғаш қоныстанушыларды бауырына басқан

7. Үндістанның үлкен жетістігін атаңыз

A) Білім саласында

B) Темір жол торабы

C) Ерекше асханасы

D) Бірнеше тілдің дамығаны

E) Атақты ғимараттардың көптігі

8. Мәтіннің мазмұнына лайық ойды көрсетіңіз

A) Әр елдің салты басқа   

B) Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

C) Жеті жұрттың тілін біл…

D) Білім инемен құдық қазғандай.         

E) Бірлік бар жерде тірлік бар

«Тірі жетім» атануға не себеп?

69- мәтін

1. Бейресми дерек көздеріне сүйенсек бүгінгі күнге дейін кең байтақ Қазақстанда 94 мыңнан астам бала мемлекет қамқорлығына алынып, жетімдер үйінде тәрбиеленуде екен. Тұтас халықтың өзін саусақпен санап аламыз деп жүргенде бұл есептің қаншалықты аз-көптігін ұғынған боларсыздар?..

Республика көлеміне бармай-ақ шағын ғана Тараз қаласының бір ғана балалар үйінен мәлімет берудің өзі жеткілікті секілді. Осы мақсатпен қаладағы «Ұлан» ұлттық балалар үйіне бас сұққан болатынбыз. Қилы-қилы тағдыр жолымен ата-анасынан айырылып, амалсыздан жетімдер үйінің  табалдырығын аттаған жәудір көздер туралы осы мекеме директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Диля Лесбекқызы баяндап берді: «Біздің балалар үйінде бүгінге дейін 107 бала тәрбиеленуде. Оның 7-і өзге ұлт өкілдері де қалғаны қазақ балалары. Осы бүлдіршіндердің 13-і таза тастандылар. Тастандылар дейтінім,олардың ата-аналары ішімдікке салынып, тиесілі құқығынан немесе бас бостандығынан айырылғандар. Қайсы біреулері    заңсыз некеден немесе зинақорлық жағдайында өмірге келіп, «тірі жетім» атанғандар.

Қамқорсыз қалған балаларға қолдан келген барлық жағдай жасаудамыз»-дейді. Әрине, әке-шешесіз балаға қамқорлық танытудың, жақсылық жасаудың түрі көп-ақ: киім әперіп, жылы орын беру, қарнын тойдыру, ойыншық сыйлау, ақыр аяғы басынан сипап, жылы сөз айтумен аяқтағанда. Бірақ бала үшін жақсылықтың жақсысы – отбасы сыйлау. Яғни, асырап алу. «Бұл тұрғыда да  көңілге кірбің ұялататын жайлар баршылық. Кейде бір жөргекке зар болатын жандар кездесіп балаларымыздың бағы жанып кетіп жатса, кейде көзге түрткі, сөзге сылтау болып балалар үйіне қайта әкеп тастап жататын ата-аналар да бар.

Енді аты-жөнін атамай-ақ қояйын, бізде бір ер баламыз осындай күйге ұшыраған еді. Он үш жастағы ес тоқтатқан кезінде. Сондағы қайта әкелген себеп – отбасының өзге мүшелеріне ұнамай қалғаны. Осы тығырықтан шығудың жолын іздеген асырап алушылар тіпті психолог көмегіне жүгінбестен қайта тапсыруды жөн деп тапқан. Ал балалар үйіне қайта келген оның жай күйін еш ойламады да. Бала көпке дейін тұйықталып, өзін психологиялық тұрғыда нашар сезініп жүрді»-деп күрсінген Диля Лесбекқызының үнінде аталған ата-анаға деген өкпе де, өкініш те сезілгендей. Осындай жағдайларды ескере отырып қазіргі таңда заңға түзетулер енгізілген екен. Яғни, заң бойынша асырап алған ата-ана біріншіден, үйіне құжат бойынша тіркейді.

 Екіншіден, қайтарған жағдайда, осы үйдің бір бөлігі балаға тиесілі болып табылады және психологиялық залал келтіргені үшін 15-18 мың теңге көлемінде нәпақа төлеуге міндетті. Сол себепті бала тағдырына бей-жай қарамай, оны өз ұрпағым деп тану үшін іштей берік шешіммен келген жөн- деп есептейді Диля Лесбекқызы.

 2. P.S. Әңгіме мәресінде бастапқы деректің біріне қайта назар салсақ. «Қамқорсыз қалған 107 баланың 100-і қазақ…Олардың ата-аналары ішімдікке салынып, тиесілі құқығынан немесе бас бостандығынан айырылғандар». Осы дерек-ақ, тағдыр жазуымен жетім атанған емес, әке-шешесінің тірісінде «тастанды» атанғандардың өмірі туралы ойлантады. Олардың обалы сол 107 ата-ананың мойнына жазылмақ. Онсыз да күнә мен кінәден аяқ алып жүре алмайтын қоғамда ұрпақтың обалына қалып жатқан жоқпыз ба?  Бұл түйінмен «жас отбасылардың құлағына алтын сырға» демекпіз…

  1. Мәтіннің жазылу стилін анықта

А. Ғылыми стиль

В. Ресми іс- қағаздар стилі

С. Публицистикалық стиль

Д. Көркем әдебиет стилі

Е. Ауызекі сөйлеу стилі

2. Екінші абзацтың бірінші  абзацқа қатысы

А. Суреттейді

В. пайымдайды

С. анықтайды

Д. қорытындылайды

Е. тұжырымдайды

3. Бала үшін жақсылықтың жақсысы не болып табылады ?

А. Киім әперу

В. Ойыншық сыйлау

С. Нәпақа төлеу

Д. Отбасы сыйлау

Е. Қарнын тойдыру

4. Мақалада сөз болған көңілге кірбің ұялататын жайлар

А. Қаражаттың тапшылығы

 В. Балалардың қайтарылуы

С. Балалардың қашып кетуі

Д.Жөндеу жұмысының жүрмеуі

Е. Балалардың тентектігі

5. Бірқатар жағдайларды ескере отырып қазіргі таңда заңға қандай түзетулер енгізілген ?

А. Құжаттарды дұрыс рәсімдеу, нәпақа төлеу

В.  Психологтың көмегіне сүйену, үйге тіркеу

С.  Асырап алуға тыйым салу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу

Д. Жаңа баспана салып беру, дәрігерге қарату

Е. Үйге құжат бойынша тіркеу, нәпақа төлеу

6 .  «Тірі жетім» атануға не себеп?

А. Қоғамның  бейжайлылығы

В. Ата- аналарының қайтыс болуы

С.Ата- аналарының  құқықтарынан айырылуы

Д. Баспанасыз қалуы

Е. Үйлерінен қашып кетуі

7. Мәтіннің  негізігі ойына сәйкес келетін мақал- мәтел

А.Тыңдамаған сөз -жетім.

В. Бала-ананың бауыр еті.

С. Жетім көрсең, жебей жүр.

Д. Бесік баласы бес түлейді.

Е. Әкеден- ақыл, анадан -мейір.

8. Мәтіннің мазмұнына сәйкес келмейтін қатар

А.Қазақстанда 94 мыңнан астам бала мемлекет қамқорлығына алыныпты.

В. Кейде бір жөргекке зар болатын жандар кездеседі.

С. Сөзге сылтау болып балалар үйіне қайта әкеп тастап жататын ата-аналар да бар.

D.Психологиялық залал келтіргені үшін 40-50 мың теңге көлемінде нәпақа төлеуге міндетті

Е. Тағдыр жазуымен жетім атанған емес, әке-шешесінің тірісінде «тастанды» атанғандардың өмірі туралы ойлантады.

70- мәтін

     1.Бағдат қаласын аштық жайлағанды. Аштық әсіресе, жүк тасушы арбакештерге қатты тиді.

2.Жаңа піскен нанның иісі көшеден-ақ мұрынды жарып бара жатқан соң бір арбакеш сол үйдің есігін қағып:
Бір үзім нан беріңдерші, қанша күн болды нәр татпадым, – деді.
Пештің жанындағы әйел жаңа піскен нанды қызына ұстатып:
– Мына нанды апарып бер,- деді.
Қызы нанды әдемілеп орап, аш арбакешке берді.Арбакештің қуанышында шек жоқ. Үйіне бет алғаны сол еді, қарсы жақтан келген бір өктем дауыс тоқтатты.
-Тез айт, нанды қай үйден алдың?
Арбакеш артқа бұрылып, нан алған үйді нұсқады.Адам ашулы кейіппен:
-Жаңылмаппын, осындай бір уақытта басқа кімнің үйінен алсын нанды? – деп, үйге қарай бет алды.

3. Есікті ашар-ашпас:
-Арбакешке нанды кім берді? – деп байбалам салды.
Әйелі қорыққанынан қызын көрсетті. «Қызы ғой, жаны ашып, ештеңе істей қоймас» деп ойлады. Бірақ, іштарлық пен шүкірсіздік әкесінің ішкі дүниесін жаулап алғанды. Қолындағы таяқпен қызының нан берген алақанынан салып қалғанда, қолы қайырылған күйде қала берді. Әкесі:
– Мен барлық аш адамдарға нан таратсам, бұл үйде нан қайдан қалсын?- деді.  Бірақ әрбір нығмет шүкір қалары хақ.

Әке жасаған әрекеттің нәтижесі де айдан анық болды. Көп ұзамай жұмыстары жүрмей, базардың орталығындағы кірісі мол дүкенін сатуға мәжбүр болды. Уақыт өте, үйіне нан әкелетін жағдайдан да қалды. Бір күні қызына:
– Енді маған үміт артпаңдар. Себебі, бүгін нан ала алатындай ақша да таба алмадым. Базарға барып, қайыр сұрап, нан алатын ақша әкел,- деді.

5.Қызы базар жаққа барып, ұялып қысылса да, өздерінің ескі дүкенінің қасына келіп тұрды. Мүмкін, таныстарды көрермін солардан сұрармын деп ойлады. Дүкеннің ішіндегі кісі қызды көріп қасына жақындап:
– Сен бейкүнә жанға ұқсайсың, бұл жерде не күтіп тұрсың? – деп сұрады. Әрине, мән-жайды түсінгенді.
– Нан алатын ақшамыз қалмады, таныс біреу кезіксе ақша сұрағым келген,- деп тіл қатты.
Қолын қалтасына салып, барлық ақшаны қызға ұсынып:
– Ал,- деді. Бұл ақшаға қалағаныңша нан ала аласың. Осылайша менде берілген нығметтің шүкірін өтеген боламын,- деді.
Сол мезет дүкеншіні қыздың бір қолын тығып тұрғаны бейжай қалдырмады.
– Қолыңда жара болса емдетейін, неге тығып тұрсың?-деп сұрады. Жаратқан маған нығметті молынан берді, шүкірін тек жақсылық жасау арқылы өтей аламын.
Қанша айтқысы келмесе де, дүкенші қоймағасын, өткен мән-жайды баяндады.
– Мен аш арбакеш біреуге нан берген едім. Жолда арбакешті көрген әкем нанды қайдан алғанын сұрайды, ол біздің үйді сілтейді. Ашуға булыққан әкем үйге келіп нан берген қолымды таяғымен салып қалғанда қолым қайырылып, осылай қисық боп қалды. Жұртқа көрсетуден ұяламын, сол себептен үйде отырып қалдым деп, – қыз сөзін аяқтады.
6.Бұл оқиғаны естіген дүкенші айқайлай бастады:
-Көрші қолаң! Дос-жаран! Мына жерге жиналыңыздар! Мен қиялымдағы аруды таптым, өмірлік жарым қарсымда тұр. Сіздер де куә болыңыздар,- деп оқиғасын айта бастады
– Нан сұраған мүшкіл жан мен едім. Қолыңның осындай халге душар болуына мен себепші болдым. Себепші бола тұра сені осы халде жалғыз тастай алмаймын. Сені көргенде жүрегім лүпілдеп, маған нан берген қызға қатты ұқсайды екен деген ой келгенді. Жаңылмаппын. Әкең ашкөзденіп, шүкірлік қылмағаны үшін  дүкенін қолдан алып маған нәсіп етті. Ал, енді сынақ уақыты маған келді. Әкең түскен шүкірсіздік орына түскім келмейді. Кел, некемізді қидырып, әкеңді күйзелістен бірге құтқарайық, – деп нан берген қолды жаралаған шүкірсіз әкеге қарай беттеді.

1.Әкенің үйіне нан әкелетін жағдайдан қалуының себебі

A) Қаланы жұмыссыздық жайлағаннан

B) Кезіндегі ашкөздігінің салдарынан

C) Қызының қолын соққаннан

D) Жұмыстан шығып қалғаннан

E) Қалада нан қалмағаннан
Мәтін мазмұнына алшақ ой   
A) Қызының жомарттығына әкесі риза болады. 

B) Арбакеш қиялындағы қызды табады.

C) Әйелі қатты қорқып кетеді.

D) Жаңа піскен нанның иісі шығады.

E) Қыздың қолы жараланып қалады.

Қыздың анасына тән ерекшелік
A) Жомарт

B) Ашкөз

C) Бірбеткей

D) Сараң

E) Менмен
Қыздың үйде отырып қалуының себебі  
A) Қисық қолынан ұялғандықтан 

B) Жұмыссыз болғандықтан

C) Әкесінен қорыққандықтан

D) Анасына қолғабыс еткеннен

E) Ұсқынсыз болғандықтан

Әкесінің кірісі мол дүкенді сатуының себебі
A) Дүкен қажет болмағандықтан

B)Жұмысы жүрмегендіктен 

C) Сататын азық болмағандықтан

D) Қаражаты жиналғандықтан

E) Жаппай аштық болғандықтан
Әке әрекетінің қателігін көрсететін бөлім
A) Бірінші

B) Бесінші

C) Төртінші

D) Алтыншы

E) Екінші

Мәтін мазмұнын жеткізудегі тәсілдер
A) Әңгімелеу

B) Сипаттау

C) Зерттеу

D) Ақпарат

E) Пайымдау
Мәтін мазмұнына лайықты мақал  
A) Қанағатсыз жан пілге оқталған жалын.

B) Тойсаң тобаңнан жаңылма.

C) Барымен базар.

D) Кілеміңе қарай көсіл.

E) Қанағаты барға бақыт бұйырған.

Ұқсас материалдар: 

  1. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (62-65 мәтін)
  9. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  12. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  13. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  14. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  15. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  16. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  17. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (16-20 мәтін)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ