Шығыс Еуропа көшпелілері: печенегтер, түріктер және қыпшақтар (Х–ХІІІ ғғ.)

0
1356
Иллюстрация: Freepik.com

Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі (қазақша “Қыпшақтану”).

Мақмұт Қашқари еңбегі бойынша, 9 ғ-дағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақ Түркі қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, 11 ғасырда бөлініп шыққан. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақ Орта Азия мен Шығыс

Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 13—14 ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы “түркі” ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — “Кодекс Куманикус” шығарылды.

Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді. Н.А. Аристов қазақ халқының құралу кезінде көлденең, ұзын, танабұға, қарабалық, т.б. Қыпшақ рулары болған деп көрсетсе, В.В. Радловтың айтуынша ол кезде Қыпшақ тайпасы құрамында торайғыр, түйшіке, қытайқыпшақ, бұлтың, қарабалық, көлденең, танабұға, ұзын, көкмұрын рулары болған. Қазақ шежірелерінде 92 баулы Қыпшақ деп аталады, бірақ ешқайсысында оның барлығы бірдей таратылмайды.

Шежіре бойынша Қыпшақтардың өсіп-өнуі төмендегіше сипатталады: Қыпшақтардан ақтамсопы, одан құлан-қытай, одан сүлімалып, одан кебекалып, одан мүйізді сарыабыз. Мүйізді сарыабыздан қытай-қыпшақ, қарақыпшақ, сарықыпшақ, құланқыпшақ тарайды. Қазақ құрамына енген Қыпшақ шежіресі бойынша, қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасына (ұзын, бұлтың, көлденең, қарабалық, торы) бөлінеді. Қыпшақ даласы.

Қарақыпшақтан басқа үшеуі туралы мәлімет жоқтың қасы. Әйтсе де Қыпшақтарды Орхон жазбаларында “сір” (мүмкін “сары”), 9 ғ-да қимақтар ығыстырған кезде шары (сары) деп атаған. Бірқатар ғалымдар (Аристов, Г.Е. Грум-Гржимайло, Л.Н. Гумилев, т.б.) Қыпшақтардың сырт пішіні әуелде еуропалықтарға ұқсас болды дегенді айтады. Қазақстанда жүргізілген антропологиялық зерттеулер орта ғасырларда Қыпшақ мекендеген жерлерде моңғолдық және еур. нәсілдер аралас қоныстанғандығын көрсетеді.

Сондай-ақ шежірелерде келтірілген қытай-қыпшақ атауы да ежелгі замандарда Қытаймен көршілес отырған Қыпшақтардың атауы болуы да мүмкін. Қарақыпшақтан тараған Қобыланды батыр 15 ғасырда көшпелі өзбек мемлекетін билеген Әбілхайыр ханның замандасы ретінде сипатталады. Қай өңірді жайласа да, Қыпшақ белгілі бір халықтың әр түрлі тобы есебінде ғана көрінген, бірақ бір тілде сөйлеп, бір тектес болған.

Қыпшақ қазақтан басқа да түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай, қарашай, Әзірбайжан, түркімен, балқар, т.б.) ұлт болып қалыптасу барысында елеулі рөл атқарды. Қазақ халқының құрамына енген Қыпшақ, негізінен, [Сыр бойын, Арқа өңірін, Солтүстік-Батыс Қазақстан (Ақмола, Қостанай, Торғай) аумағын мекендеді. Қыпшақтардың ұраны — Ойбас, таңбасы — екі тік сызық (ІІ, қос әліп).

Еуразиядағы қыпшақтардың шекарасы, XI ғ. соңы – XII ғ. басы. Қыпшақтар – XI ғасырдың басында бұрынғы қимақ, қыпшақ және қуман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік қыпшақ хандарының қолына көшті. Қыпшақтардың билік басына келген билеуші әулеттік шонжарлары оңтүстік және батыс бағыттарда белсенді қимыл жасай бастады, мұның өзі оларды Орта Азия мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа мемлекетімен тікелей белсенді қарым-қатынас орнатуға жеткізді.

XI ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтардың әскери-тайпалық шонжарлары Сырдарияның төменгі және ортаңғы аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабығуларын ығыстыруына экономикалық та, саяси себептер де болған еді. Саяси фактор ең алдымен XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азиятайпаларының батыс бағытында қозғалуына ұласқан сыртқы оқиғаларға байланысты болатын.

Сонымен бірге қыпшақтардың өзін-әзі билеуге және өз мемлекетін құруға ұмтылған әулеттік топтардың орталықтан аулақтау сарынының маңызы аз болған жоқ. XI ғасырдың бірінші жартысында күшейген қыпшақ тайпаларының көсемдері, тегінде, жайылымдық жерлердің тапшылығына ұшырап, сонымен қатар Еділ бойы, Үстірт және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы өтетін аса маңызды сауда жолдарын өз бақылауына алуға ұмтылған болса керек.

Азияны Еуропамен жалғастырып жатқан жолдың бұл телімі маңызды баю жолдарының бірі ретінде мейлінше қажетті болатын. Қыпшақтар билігінің Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарға таралуына байланысты этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне қарай XI ғасырдың 2-ширегінің басында «Оғыздар даласы» (Мафазат әл-гузз) деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау пайда болады. Маңғыстауды, сондай- ақ оған жапсарлас жатқан аймақтарды қаратып алған қыпшақтар Қорезмнің солтүстік шегіне жақындап келді. Сол арқылы қыпшақтардың саяси ықпалы едәуір кеңейді.

XI ғасырдың ортасында құмандардың негізгі бұқарасы мен билеуші тоқсоба және бұржоғлы руларының қол астындағы қыпшақ тайпаларының үлкен топтары оңтүстік орыс және Қара теніз өңірі далалары мен Византия шекараларына дейін қоныс аударған. Осы оқиғалардың нәтижесінде қыпшақ тайпаларының жері этноаумақтық екі бірлестікке: Еділ өзені бөліп жатқан Шығыс қыпшақ және Батыс қыпшақ бірлестіктеріне бөлінеді.

Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс қыпшақ ұлысы ханының билігінде болған. Қыпшақ хандығының саяси негіздері қыпшақ және қуман тайпаларының едәуір топтарьшың Шығыс Дешті Қыпшаққа орталықтан аулақтау ниеттерімен жасаған қоныс аударуынан кейін XI ғасырдың орта шенінде едәуір нығаяды. XI ғасырдың екінші жартысынан XII ғасырдың бірінші үштен біріне дейін қыпшақ хандарының саяси бірлігінде де біршама тұрақтылық байқалады, солардың ішінен деректемелерде ен елеулі екі билеуші – «құдіретті» билеуші және «ең үлкен құрметке ие патша» бөліп айтылады.

Бұл айтылғандар қыпшақтардың этно- әлеуметтік қауымында ерекше ықпалы бар билік иелері жоғарғы хандар болған деп санауға мүмкіндік береді. Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Елбөрілі әулеттік ру саналған, хандар солардан шыққан.

Тарихшы Джузд- жани (1260 жылдан кейін қайтыс болған) қыпшақ ханының әлеуметтік руы туралы мынадай құнды мәліметтер келтіреді: жас кезінде Қазақстан аумағынан Үндістанға монғолдардан қашып барған «(ұлы) ханның асқан ұлы ұлығы», Дели сұлтанатында ол «Елбөрі ханы және имектердің шахы» ретінде белгілі болады. «Ұлық ханның әкесі де, — деп жазады одан әрі Джузджани, – Елбөрі тайпасының арасында күшті кісі болған және хан атағымен аталған», ал оның атасы Елбөрі Абарханның ұрпағы саналады. Демек, Абархан қыпшақтардың әулеттік елбөрі (елбөрілі) руының генеалогиялық негізін қалаушыдан басқа ешкім де емес.

Осыған байланысты Мақмұт Қашқаридың қыпшақтар арасындагы Табархан есімді тұлға туралы мәліметі назар аудартады. Алайда ол Табархан жөнінде ешқандай қосымша мәлімет келтірмейді. Ал барлық жағынан алып қарағанда, Табархан мен Абархан – бір адам. Осыны негізге ала отырып, Табархан (немесе Абархан) XI–XIII ғасырдың басындағы Қыпшақ хандары әулетінің алғашқы атасы болған деуге болады. Орда деп аталған хан ордасында ханның мал-мүлкі мен хан әскерін басқарған ханның басқару аппараты орналасты.

Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандары ертедегі түріктердің дәстүрлерін ұстанып, екі қанатқа: ордасы Жайық өзенінде, Сарайшық қаласы орнында орналасуы ықтимал оң қанатқа және ордасы Сығанақ каласында (Сырдарияда) орналасқан сол қанатқа бөлінген. Неғұрлым күштісі он қанат болды.

Дұрысына келгенде, хандықтың орталығы Торғай далаларында болса керек. Әскери ұйым мен әскери-әкімшілік басқару жүйелеріне ерекше мән берілген, өйткені олар кешпелі тұрмыстың ерекшелігін көрсететін және көшпелі тіршілік әдісі үшін ең табиғи және қолайлы болатын. Үстемдік еткен ақсүйек топтарының қатаң иерархиялық жүйесі (хандар, тархандар, юғұрлар, басқақтар, бектер, байлар) айқын көрсетілді, сонымен қатар рулар мен тайпалар да өздерінің әлеуметтік маңызы жағынан бөлінетін.

Орталық Азияның көшпелі мемлекеттерінде рулар мен тайпалардың қатаң иерархиясы қоғамдык және мемлекеттік дамудың негізгі принципі болған. Қыпшақ хандығында мемлекеттік істер жүргізіліп, ақсүйектер көршілес және алыстағы елдердің билеушілерімен хат жазысып отыратын.

Жазба деректерде қытай, үнді, ұйғыр ғұламалары мен данышпандары қатарында, қыпшақтан шыққан оқымыстылар да аталады. Қыпшақтардың мұсылман дініне тартылуы олардың мәдени-әлеуметтік дамуының жоғары деңгейін көрсетеді.

Дереккөз: ҚазҰУ, тарих және археология факультетінің дәрісі

Ұқсас материалдар: 

  1. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  2. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  3. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  4. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  5. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  6. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  7. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  8. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  9. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  10. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  11. Қара теңіз және Азов жағалауларындағы ортағасырлық көшпелілердің археологиялық ескерткіштері
  12. Хазар қағанатының салтово-маяцк мәдениеті
  13. Кобадиан ерте ортағасырлық ескерткіштері
  14. Ерте ортағасырлық түркілердің жерлеу-ғұрыптық кешендері Орталық Азия археологиялық материалдары негізінде
  15. Енисей қырғыздары, ұйғыр және қимақ археологиялық мәдениеттері


ПІКІР ҚАЛДЫРУ