Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (86-90 мәтін)

0
17725
Иллюстрация: Freepik.com

86- мәтін

1.Кәрім кеткен соң да, Сүлеймен бурыл атқа көз алмай ұзақ қараумен болды. Тіпті қарамау мүмкін емес-ті. Тұлғасы қандай сұлу еді, шіркіннің. Өз бойындағы осы сұлулықты оған мынау атқұмар албырт жасөспірімнің қызыға да, құмарта қарап тұрғанын бурыл ат сезетін тәрізді. Қарасаң қара дегендей тұлғасын көлденеңдей тосып, қамыс құлақтарын тынымсыз қайшылап, пысқырынып, мойнын аққудай иіп, шекесінен қарап қояды. Алдыңғы аяқтарын кербездікпен сәндене сілкіп, жер тарпиды. Мініс көріп қағылмағандығы ап-айқын білініп-ақ тұр. Үстіне шыбын келіп қонса, дір ете қалады.

2.Шіркіннің не маңдай, не аяқ тұстарында бір шөкім теңбіл белгі болсайшы. Тұлабойы түп-түгел шымқай бурыл. Тек тұяқтары ғана әдейі сән үшін орнатылғандай қап-қара тіп-тік.

3.Осы тұрғанда бурыл аттың бойында адам қолынан пайда болған бір ғана белгі, өзгеріс бар. Ол құйрығының тілерсектен жоғарырақ етіліп қырқылғандығы. Заставада болған азды-көпті уақыттың ішінде әскери өмірден бурыл атқа жұққаны тек осы болса керек.

4.Сүлейменнің танығыш, сынамшыл көздері бурыл аттың бойынан иненің жасуындай да мін таба алмады. Оның ынтықтығы артқан үстіне артып, басына «шіркін-ай, өзін мінер ме еді!» – деген ой келді. Мынадай әсем атты пышаққа шалу бері болғанда обал да, ары болғанда қылмыс. Жаратып, мініп алған кезде бурылдың түр-тұлғасы бұдан да көріктеніп, бұдан да әсемденіп кететіндігі Сүлейменнің көз алдына елестеді.

1. Мәтіннің жазылу стилін анықтаңыз

A) Публицистика

B) Ауызекі сөйлеу

C) Ғылыми

D) Ресми іс қағаз

E) Көркем әдебиет

2.Мәтінге сай тақырыпты белгілеңіз

A) Сүлейменнің сыны

B) Бурыл ат

C) Заставадағы ат

D) Мінсіз жылқы

E) Мінілмеген жылқы

3.Бурыл үстіне шыбын қонса неге дір ете қалады?   

A) Асау болғандықтан

B) Кербез болғандықтан

C) Жүген- құрық тимегендіктен

D) Адамға ғана үйренгендіктен

E) Тым сезімтал болғандықтан

4.Мәтіннің бірінші бөлімін ашатын мақал- мәтелді белгілеңіз

A) Ер қанаты- ат.

B) Ер арыса аруақ, ат арыса тулақ.

C) Ат тұяғын тай басар.

D) Атының сыры иесіне мәлім.

E) Жақсыда мін жоқ, жүйрікте сын жоқ

                                                              87- мәтін
1.Қытай асханасы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұл асхананың үш мың жылдан астам тарихы бар. Ежелгі заманның өзінде патшалық тұрғындары тағамды дәмді әрі тез дайындауды білген. Қытайлардың негізгі тамақтану принциптерін әйгілі философ Конфуций құрып берген көрінеді. Ол жеткілікті тұздамаған, қайнатылмаған және ашытылмаған тағамды жеу әдепсіздіктің белгісі деп үйреткен. Конфуций қытайлардың дәстүрлі тағам дайындауын жеке бір өнер ретінде қабылдауға негіз қалаған. Онымен қоса ұлы ойшыл қолайсыз көрінетін, жағымсыз иісі бар, қиқы-жиқы туралған тамақтарға тиіспеу керек деп тұжырым­даған. Сол кездегі даостық ұғым бойынша, дұрыс даярланған тағам денсаулықтың кепілі деп танылған. Ал тағаммен қоса жақсылап қайнатылған шай мен үйлесімді тамақ қоспалары кез келген аурудың емі болып саналған.

2.Қытай асханасының ең ежелгі белгілері Нэнань провинциясының Аньян қаласындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Қоладан жасалған табалар, пышақ, қасыққа ұқсас шағын күрекшелер, ағаш асхана тақтайлары және тағы басқа тұрмыс заттары — осының айғағы. Бұл дүниелер б.з.д. 770-221 жылдар аралығындағы Чуньцю («Көктем және Күз») мен Чжаньгуо («Соғысушы патшалықтар») дәуіріне тиесілі. Осы кезеңдердің өзінде қытай қалаларының көшелері шағын мейрамханаларға толы болған деседі тарихшылар. Сол тұста тағам дайындау баршаға мәлім өнер түрі ретінде бағаланған. Ал осыдан шамамен мың жарым жыл бұрын қытайдың алғашқы аспаздық кітаптары жарыққа шыққан екен.

  1. Мәтіннің жазылу стилін анықтаңыз

A) Публицистика

B) Ауызекі сөйлеу

C) Ғылыми

D) Ресми іс қағаз

E) Көркем әдебиет

2. Мәтіннің мазмұнына жақын мақал- мәтелді көрсетіңіз

A) Нан- тамақтың атасы.

B) Ас иесімен тәтті.

C) Қайнаған қара суда да қасиет бар.

D) Шыбын да балға қонады.

E) Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады.

3. Қытайдың алғашқы аспаздық кітаптары қашан пайда болған?

A) Он ғасыр бұрын

B) Он бес ғасыр бұрын

C) Бес ғасыр бұрын

D) Он жарым ғасыр бұрын

E) Он төрт ғасыр бұрын

4.Мәтіннің бірінші бөлімінің екінші бөлімге қатысы қандай? 

A) Мәтіндегі ақпаратты растайды

B) Мәтіндегі ақпаратты сипаттайды

C) Мәтіндегі ақпаратты суреттейді

D) Мәтіндегі ақпаратты зерттейді

E) Мәтіндегі ақпаратты пайымдайды

88- мәтін

Қауын – ыстыққа төзімді, жарықсүйгіш, шөлге шыдамды, біржылдық өсімдік. Қауын 25 – 300С температурада жақсы өседі. Қауынның құрамында: қант, А, Р, С дәрумендері, аскорбин қышқылдары, темірдің минералды тұздары, калий, натрий және фруктоза, сахароза, глюкоза көміртектері бар. Дәрумендер мен қант құрамы бойынша қауын тіпті қарбыздан да асып кетеді. Жаздың ыстық күндері шөлді жақсы басады. Қазақстанда қауынның 22 аудандастырылған сорттары егiледi. Жемістері қайта өңделген күйде кеңінен қолданылады. Қауыннан бал, цукаттар, тосап, мармелад дайындайды. Оларды кептіреді және қақтайды. Қақталған қауындарды «қауынқақ» деп атайды, олар ұзақ уақыт бойы сақталады. Дәндерінен жоғары сапалы тағамдық май өндіреді. (90 сөз)

  1. Қауын дәндерінен не дайындайды?

A) цукаттар

B) мармелад

C) глюкоза

D)көміртектер 

E) тағамдық май

2.«Қауынқақ» неге ұзақ сақталады?

A) қақталып кептірілгендіктен

B) дәрумендер мол болғандықтан

C) дәндері болғандықтан

D) шөлге шыдамды болғандықтан

E) ыстыққа төзімді болғандықтан

89- мәтін

1.Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады.
-Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде, қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда,қоян шықты. Осыны жорып берші, — дейді Мөңке би. Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Бірақ, ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға: Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда да айтайын, -дейді.

2.Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз — мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны — 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені — бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны — кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; Түлкі шыққаны — алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны — ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар». Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: — Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді депті. (246 сөз)

  1. Түс жорушы қыздың үшінші рет шақыртқанда барып келуінің себебі неде деп ойлайсыз?

A) Әйел адамға түс жорытпа деген сөз бар

B) «Түс- түлкінің боғы» деп ойлағандықтан

C) Бидің алдына барғысы келмегендіктен

D) Ұзатылып кеткен қызға түс жорытпайтындықтан

E) Жасы кіші болғандықтан

2. Мәтіннің стилін анықтаңыз

A) көркем әдебиет стилі

B) ресми стиль

C) іс қағаздар стилі

D) ауызекі сөйлеу стилі

E) ғылыми стиль

3. Мұсылманның 40 парызына лайықтысын белгілеңіз

1.Ораза тұту

2.Наурызды мерекелеу

3.Зекет беру

4.Сабан той жасау

5.Балаға ат қою

A) бірінші мен үшінші

B) бірінші мен төртінші

C) екінші мен үшінші

D) үшінші мен төртінші

E) бірінші мен бесінші

4. Адам түс неге көреді деп ойлайсыз?

A) Күнделікті әрекеттен болған күйзеліс пен қуаныштың нәтижесінде пайда болатын құбылыс

B) Күнделікті іс- әрекеттің түнде ұйықтап жатқандағы көрінісінен туындайтын құбылыс

C) Күнделікті адамдармен қарым- қатынастың жақсы болуынан туындайтын құбылыс

D) Күнделікті сан мыңдаған ойлардың кері нәтижесінен туындайтын құбылыс

E) Күнделікті ұйқының қанбауынан туындайтын ерекше құбылыс

5. Мәтіндегі «қарақшы» сөзінің мағынасын ашатын тіркесті белгілеңіз

A) белгіленген меже

B) байланған қазық

C) күзеткен адам

D) бәйгенің басы

E) бәйгедегі бала

6. Екінші азат жолдың бірінші азат жолға қатысы қандай?

A)Түсті суреттейді

B) Түсті зерттейді

C) Түсті пайымдайды

D) Түсті болжайды

E) Түсті әңгімелейді

90- мәтін

Пілдер– ежелгі тұмсықтылар тобынан біздің заманымызға жеткен жалғыз жануар. Бұрын олардың түрі 40-қа жеткен болса, бүгінде үш қана түрі бар: Саванналық африка пілдері, африкалық орман пілдері және азиялық пілдер. Пілдің дене тұрқы – 6-8 метр, салмағы 9 тоннадай болады. Олар 70-80 жыл өмір сүреді. Негізгі ерекшелігі — үстіңгі ерніне жалғасқан ұзын ет тұмсығы (хобот). Олар мұны адамдардың қолындай пайдаланады. Сол арқылы заттың иісін біледі, сезеді және орап ұстайды. Піл тұмсығы бір мезгілде 7,5 литр суды ұстап тұра алады. Пілдердің көздері жақсы көрмейді, есесіне олар ешбір жаратылыс сезбейтін иісті сезіп қояды.

Оның тұмсығында 40 мыңнан астам рецептор бар. Пілдің кейбір тұстарындағы тері қалыңдығы – 4-5 сантиметр болады. Олар мұңаяды, уайымдайды, сағынады, ағайындарына көмектеседі, музыкамен айналысады, сурет салады. Өздерінің дене көлеміне қарамастан олар епті және тез қозғалғыш келеді және олардың тепе-теңдік сақтау қызметі жақсы дамыған. Басқа ірі сүтқоректілер секілді пілдер ыстыққа қарағанда суықты жақсы көтереді. Күннің ең ыстық уақытын көлеңкеде өткізіп, денесін салқындату мен жылу алмасуды жақсарту үшін үздіксіз құлақтарын қағады. Олар суға шомылып, өздерінің үстеріне су құйып, батпақ пен шанда аунағанды ұнатады. Бұл әрекеттер терілерінің құрғап кетуінен, күнге күюден және шыбын-шіркейдің шағуынан қорғайды.

Пілдер – отбасылық өмірді қадір тұтатын жануарлар. Олардың аналықтары әрқашан отбасымен бірге өмір сүреді, өлгенде немесе адамдар ұстап алғанда ғана бөлінуі мүмкін. Олар топ-тобымен жүреді, олардың қатарында 6 мен 12-нің аралығында піл болады. Ал аталық пілдер 12 жасқа таяғанда отбасынан бөлініп шығады. Дүниеге жаңадан келген пілдің баласы аяққа тік тұра алады. Салмағы 120 келіге жуық болады. Туғанда көзі соқыр болатындықтан, анасының тұмсығына арқа сүйейді. Жаңа туған пілдің өмір сүруге қабілеті болмағандықтан анасы мен отардың тәжірибелі мүшелері үйрете бастайды.

Анасы оған бірнеше күтуші таңдап, өзі сүтін көбейту үшін азық жинауға кетеді. Пілдер күніне 100 литр су ішіп, 300 келі қатты тағам жей алады. Пілдер тәулігіне 2-3 сағат қана ұйықтайды. Жалпы олардың өмірінің басым бөлігі тамақ іздеуге кетеді. Яғни, бір тәуліктің 20 сағатын осыған арнайды. Пілдер — Африка мен Азияның қалың ормандарында және ашық өлкелерінде мекендейді. Азия пілдерінің мекендейтін аймағы: Оңтүстік және Солтүстік-Шығыс Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Бутан, Бангладеш, Мьянма, Таиланд, Лаос, Камбоджа, Вьетнам, Оңтүстік-Батыс Қытай, Малайзия (құрлығында және Борнео аралында), Индонезия (Борнео, Суматра) және Бурней аймағы. (344 сөз)

  1. Пілдер неге батпақ пен шаңға аунайды?

A) ыстыққа күюден қорғайды

B) жылу алмасуды реттеу үшін

C) терілерінің құрғап кетуінен сақтайды

D) баласына тәжірибе үйрету үшін  

E) тез қозғалғыш болғандықтан

2. Пілдің баласы неге анасының тұмсығына сүйенеді?

A) анасына еркелегендіктен

B) өмір сүруге қабілетсіз болғандықтан

C) көзі соқыр болғандықтан

D) тәжірибені әлі үйренбегендіктен

E) тұмсығынан су ішу үшін

3. Пілдер күнің неше бөлігін ұйқыға жібереді?

A) сегізден бір бөлігін

B) он екіден үш бөлігін

C) жетіден бір бөлігін

D) оннан үш бөлігін

E) сегізден екі бөлігін

4. Мәтіннің мазмұнына сай сөйлемдерді белгілеңіз

1.Тепе- теңдік сақтау қызметі жақсы дамыған.

2.Аталық пілдер отбасынан ерте бөлінеді.

Ашық өлкелерді мекендейді.

A) екінші мен үшінші

B) бірінші мен екінші

C) үшеуі де бұрыс

D) бірінші мен үшінші

E) үшеуі де дұрыс

5. Пілдер неше тонна қатты тамақ жейді?

A) бес тонна

B) үш тонна

C) екі тонна

D) бір тонна

E) екі жарым тонна

6. Пілдер қандай топқа жатады?

A) тұмсықты- сүтқоректі

B) қабықты- сүтқоректі

C) омыртқасыз- сүтқоректі

D) бунақты- сүтқоректі   

E) бассүйексіз- сүтқоректі

Ұқсас материалдар: 

  1. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (62-65 мәтін)
  9. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  12. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  13. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  14. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  15. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  16. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  17. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (16-20 мәтін)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ