Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма: Майқы би

0
4225
Иллюстрация: Freepik.com

Майқы би (ХІІ – ХІІІғғ.) – халықтың ауызша тарихының айтуында, Шыңғысты хан көтеруге қатысқан атақты 12 бидің бірі. Әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам.

Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар.
Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбрайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз әңгімелерде кездеседі.

«Қазақ Совет энциклопедиясында» оның Шыңғыс ханның ел бастау ісіне көмектесіп, ақылшысы, өзі жорыққа аттанғанда орнына қалдыратын биі болғаны, Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің он қанатын басқарғаны айтылады. Осыған қарағанда, Майқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен қарайлас, болмаса ептеп үлкен болуы мүмкін.

Ал қазақ аңыздары оны одан бірер ғасыр кейін жасатып, қазақтардың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбек би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі.

Майқы би қазақ руларын үш жүзге бөліп, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Арғын бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атайды. Ноғайлы хандарының бірі – Қызыл Арыстанның баласы Ахметті Ұлытауда үш жүздің ханы етіп көтереді. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді.

Ұлыс туын ұстаған Үйсінге «жалау», ортада жүрген Арғынға «көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «найза» таңбасын берген. Аталмыш 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен.

Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді… Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған.

Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді.

1. Аңыз-әңгімелерде келтірілген деректер бойынша Майқы би
A) Шешен, әскер басы, тарихи тұлға
B) Әскер басы, дана би, хан
C) Би, шешен, үш жүздің ханы
D) Ақылгөй дана, ел билеуші
E) Батыр, дана, хан

2. Майқы бидің кейінгі ұрпақтарына қалдырған өсиеті
A) Бірлік бар жерде тірлік бар
B) Ердің атын еңбек шығарар
C) Әдепті бала – арлы бала
D) Өнер алды – қызыл тіл
E) Ақыл азбайды, білім тозбайды

3. «Майқының таңбасының» кейінгі атауы немен байланысты?
A) Ел атымен
B) Тау атымен
C) Жер атымен
D) Өзен атымен
E) Ру атымен

4. «Хан ақылды болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді» деген Майқы бидің сөзіндегі қарашасы сөзін алмастыратын қатар
A) Отбасы мен ұрпағы
B) Ел-жұрты мен халқы
C) Жалшысы мен малшысы
D) Жұбайы мен жары
E) Баласы мен данасы

5. Майқы бидің өсиетіне сай даналық сөз
A) Ел – елінде,
Гүл – жерінде.
B) Сөздің көркі – мақал,
Жүздің көркі – сақал.
C) Суды шым тоқтатар,
Сөзді шын тоқтатар.
D) Шешеннің сөзі мерген, Шебердің көзі мерген.
E) Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ,
Ұйым жоқ болса, күйің жоқ.

6. Шежіре деректер бойынша Майқы бидің түп атасы кім болған?
A) Ақарыстан
B) Арыстан
C) Шыңғыс хан
D) Төбе би
E) Төле би

7. 40 руға таңба таратқанда Алшынға «Найза» таңбасын беруі нені білдіреді?
A) Халықты бір найзаның астына жинайтын қасиеттерін
B) Дауларда бірінші болып сөз бастайтынын
C) Жаудың қайдан келетінін жорамалдап білетінін
D) Жауға бірінші болып шабатындығын
E) Найзамен аңшылық жасап халқына азық табатынын

8. Қазақтардың шығу тегіне қатысты аңыз әңгімелерде Майқы би кімнің замандасы?
A) Ыбырайымның
B) Шыңғыс ханның
C) Ұзынсақалдың
D) Төле бидің
E) Ақарыстың

Жауаптары: 
1. A
2. A
3. C
4. B
5. E
6. A
7. D
8. B

Басқа материалдар:

  1. Астана және адамзат. Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті
  2. Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма. «Отырар сазы» қазақ өнері аспанында
  3. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  4. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  5. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  6. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  7. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  8. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  9. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  10. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (11-15 мәтін)
  11. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (1-5 мәтін)
  12. Көркем троптар, олардың түрлері
  13. Оқу сауаттылығынан мәтіндік сұрақтар жауабымен (6-10 мәтін)
  14. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  15. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  16. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  17. Оқу сауаттылығынан мәтіндік тапсырма: Тиін


ПІКІР ҚАЛДЫРУ