М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз!

0
19918

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!

Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса да, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай жарасымды табиғи дамытты. Ол бірде қоғамның керенаулығын бетіне басқан қатал сыншы, енді бірде бала мінезді кіршіксіз таза, аңқылдаған аңғал жан. Сөйтіп жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.

Өр тұлға, өжет мінез, оптимист қазақ қана осылай тартынбай сөйлейді, өзекті жанға дес бермейді. Бұл аңыздардағы Жиренше шешеннің төсегінде жатып көсілгенде сирағы шығып жататын құрым жаппасын: “Ақ ордадай — ақ үйім, хан сарайдай қара үйім“ деп бай-бағланның ақ боз үйіне өз тұрағын теңгермейтінін еске түсіреді. Өлеңнің шешендік шиырлармен сабақтастығын сезінесің. Арыс ақынның майталман шешендермен хал-ахуал қарайластығына, жағдай жанастығына, ой орамдары ортақтастығына таң қаласың әрі сүйсінесің.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі — түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
… Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді…
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған, Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
… Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем???

немесе:

Қонақпен күнді батырып,

Қонақ боп атып таң нұры.

Тұратын еді шақырып,

Әжемнің аппақ жаулығы.

Қазақтың тағы да бір дара қасиеті, дана сипаты – зерттеушілер зерделеген, әлем халықтары мойындағаны — мол дастарқандық, қонақжайлылық. Қонақсыз жаны жай таппайтын, ішкен асы бойына сіңбейтін ел-жұртымыздың бар болмысы айшықтанып тұр. Әже — ыстық ықылас, кең пейілімен, шайы қайнаулы, шәйнегі оттан түспеуімен ырыс-береке ұйытқысы. Ақ жаулығы – үлкен–кішінің магнит өрісі, балды дәміне шақыртқы. Бүгінде сол көненің көзі де, өзі де кетіп, жаңа төлдің орын басқандығын жеткізеді. Ауылына аңсап-сағынып барғанда алдынан шығар анасы, қарсы алар қара шаңырағы жоқтығына мұңлы, бауыр басқан босағасынан бір ұрттам су ішуге шөліркеулі. Қара шаңырақ — бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса азамат азады. Осыны түйсінтеді. “Ат ерттеп жатқан жас жігіт, жарамады үйге кір деугесі” салт-дәстүрдің жұтағандығы, сәлемнің сатулығы, үлкенге — ізет, кішіге – құрметтің тапшылығы. Бұл уақыттың өзгерісі, заманның тарту-таралғысы. Алайда белгісіз жігітті жазғыруға жоқ. Дегенмен ақын ата-дәстүрін жоғалтуды ар санайды, тектілік ұстанымдарын тоздыруға қарсы. Бұл ретте ақынның жалғыз бөлмелі лашығы – Аяз бидің есік маңдайшасына іліп қойған малақайындай қадірлісі, көңіл төріндегі көнесі. Ақ жолдан адастырмас, желпіндіріп желіктірмес, өткенін ұмыттырмас елеп-екшер қалбыры, ақыл мизан өлшемі. “Ақ кимешек көрінсе” осы ойды екшейді. Ақ жаулық пен ақ кимешек аналардың ажар көркі, белгісі ғана емес, жаныңа шуақ құяр, бауырына басар жылылық көзі, қарттықтың, этикеткасы боп елестейді. Ғалым Қ. Алпысбаев: “Ақын жырларының ешқандай алабөтен насихатсыз жүректерге жол тартуы сондықтан. Ұлттық рух мәңгілік. Ақын рухының онымен ұштасуы шығармашылық бақыт” деуі  соның дәлелі.
Жалпы, Әже жайлы өлең жазып, прозаға қосу – тек осы ХХ ғасырда қолға алынды. Өйткені әженің қоғамдағы орны ерекше болғанмен, оған көңіл бөлушілер аз болған. Бірінен соң бірі жалғасқан тарихи өзгерістер әдебиет өкілдерін тарихи әлеуметтік жағдайдан өзгеге бет қаратпады. Халық басындағы ауыр жағдай, отарлау үдерісі, жер мәселесі, әйел теңсіздігі, жаңа заман жаңалығы секілді мәселелер осы кезге дейінгі әдебиетшілердің тақырыбына айналды. Мысалы:
Абайдың әжесі Зеренің азан шақырып қойған аты – Тоқбала екенін біле жүргеніміз жөн. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «кәрі әже» деп атаған. Қартайған шағында құлағы естімей қалған Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. « – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Абайдың әжесі – Зеренің ұлағатты әң­гімелерінің өзі неге тұрады десеңізші?!
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайт­қанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұ­ның әжесі бір түрлі шебер әңгі­меші екен. Қызық сөйлейді. Әң­гіме­сі­нің барлық жерін дәмді ғып, қы­зықтырып айтады. …Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қо­рығы», «Құла мерген» – бәрі де ай­тылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел іш­ін­де Зеренің жасынан бергі көр­­гені, естігені жайындағы әңгі­ме­лер. Ел мен елдің шабысы, та­ласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Най­ман­ның осы елге, осы ауылға шап­қанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыран­ды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожам­берді деген ақын жайын айтады. Соның көп өле­ңін шұбыртады. Бас­қа да «Қа­ра­шор шапқан» си­яқты шабысты, жортуылды айта­ды. Тағы бір күн­дер Мамыр, Ең­лік­тей қыз­дар­дың қайғыларын да айтып берді. Абай қажымай, жа­лық­пай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын.
Зере ел шабысын әңгіме еткен­де, сол істердің бәрін ел ба­сына әлек салған, ұлардай шу­лат­қан кесел күндей айтатын. Кіш­кентай күнінен ертек-әңгі­мені көп сүйе­тін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп ал­ған сияқты» деп келетін жолдар бар ғой. Бұл бала Абайдың дана Абайға ай­налуына әсер еткен мысалдың бірегейі десек те болады.. Осы мысалдың өзі-ақ, «Әже» тұлға­сы­ның қоғам­да­ғы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп тұр.
М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген».
Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған. Әрі жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә.Марғұланның «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген.
Айғанымның өмірі мен саяси қызметі өткен дәуіріміздің тарихында ерекше аталады. Орта жүз жерінде алдыңғы қатарлы орыс зиялыларымен қазақ халқы арасында достық қатынастың алғашқы негізін мықтап қалаушы тарихи тұлғаның игілікті ісін оның балалары жалғастырды. Шоқанды, яғни болашақ ұлы ғалымды тәрбиелеуде ең алдымен әжесі мен оның әкесі Шыңғыстың қамқорлығы ерекше.
Оның үстіне, Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар, билер, сөзуар шешендер, көсемсөз майталмандары, күміс көмей, жез таңдай әншілер, ғалымдар, алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше әсер етті.
Қазақ халқының маң­да­йы­на біткен асыл ұлдарының бірі Шо­қан Уәлихановтың аза­мат­тық бол­мысының өз тұстас­тарының ара­сынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына оның әжесі – Айғаным­ның берген тәрбиесі айрықша ықпалын тигізді. Айғаным әженің өне­гесін моншақтай етіп тізіп беретін небір мысалдар жетерлік.
Айғаным туралы толық мағлұ­матты Ш.Уәлихановтың таңдамалы жи­нағынан ала аламыз. Онда былай делінген: «Ш.Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Жергілікті халықтың арасында Айғаным өте беделді кісі болған. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Устав» қабылданғаннан кейін Сол­түстік Қазақстандағы маңызды оқи­ғалардың бірде-бірі Айғанымсыз өтпейді.
Айғаным тоғыз бала тапқан, со­ның жетеуі тірі қалған. Үлкені – Шыңғыс, Шыңғыстан туған Шоқан. Айғанымның мекен-жайы­ның жұрты қазіргі Көкшетау облысы, Володарский ауданы Сырымбет ауылына таяқ тастам жерде.
Көнеден жаңаға бет алған әжелер образы қазақ халқының салт-дәстүрімен, тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әженің рөлі айтарлықтай. Бесікке салу, бесік жырын айту, шілдехана секілді салт-дәстүрге әже тікелей қатысты. ХVІ-ХVІІІ ғасырда батыр бабаларымызбен бірге батыр әжелеріміз өзінің жерін қорғаған. Сол заманның өзінде-ақ қоғамдағы әжелер орны айқындалғанын байқатады.
Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тез­ге салуда, жеткіншіктерді жас­­тай­ы­нан адами келбет ауанынан алыс­татпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жау­лықты «әжелер мектебінің» алар орны қашан да бір төбе бол­ған ғой. Әжелер –  барлық тәрбиенің, бар­лық құндылықтың бастауын­да тұ­рады. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жан­дылары таққа отырып, ел бас­қар­маған, ерінен бұ­рын сөз бас­тамаған. Осылайша әжелер өнегесі – ұр­пақ­тан-ұр­паққа ұласып, ғасыр­дан-ғасырға жалғасатын тәрбие­нің тау­сылмас қайнар көзі болып саналады. Бұл – ұлттық бол­мы­сымызға тән қа­сиет әрі құндылық.
Бесіктен тамыр тартқан тәр­бие келе-келе әже мен немере ара­сындағы көзге көрінбейтін нәзік бір байланысқа, екеуі жазбай тү­сінетін ортақ психоло­гия­ның қа­лып­тасуына алып келген. Обал, са­уап, ынсап, парыз, аманат, бо­рыш, қанағат секілді ұғ­ымдар ма­ңы­зының айқындалып, бала сана­сына тереңнен сіңуіне де әже ық­палының айрықша бол­ғаны да айдан анық. Яғни әрбір отбасын­да­ғы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.
Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азамат­тары­ның, тарих парағына есімі өш­пес­тей етіп қашалған тұлға­лар­дың қа­лыптасуында да әже­лердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мұхтардың әжесі Дінәсіл­дің ұрпағына берген тәлім-тәр­биесі мен рухани мұрасы тау­сыл­мас қазына емес пе еді?
Әжелер өнегесі мен олардың тәлім-тәрбие ұрығын себуші, ұлт­тық салт-дәстүрді кейінгі ұр­паққа аманаттаушы ретіндегі еш­кім қай­талай қоймайтын, алмастыра ал­май­тын бейнесі XVI-XVIII ғасыр­ларда-ақ айқындалып қойған емес пе еді?! Дана әжелердің қоғамдағы орны – XX ғасырдағы қазақ про­засында анық көрініс табуына да елеулі әсер еткен. Бұл мысал­дар­дың барлығы – ақ жаулықты жан­дардың ұлағатын айна-қатесіз көр­сетеді. Де­мек, ұр­пағын жаза басудан сақ­тан­дырып, қайта өнеге­сі­мен өрісін кеңейткен әжелер бол­ған, келешекте бола да береді.
Десек те, дүние ғаламдасу ке­ңіс­тігіне қарай ойысып, жан-дү­ние­міз батыстан жеткен «сырт­қы күштер­мен» жадыланып бара жат­қан мына заманда біз осы бір рухани құн­ды­лықтан ажырап, яғни әжелер салған ізгі жолдан жа­ңыл­масақ екен дейміз.
Әжелер туралы жазылған өлеңдер көп. Әнге айналғандары қаншама?! Мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін де – әжелеріміз. Дана халқымыз үлкендерге құрмет көрсетіп, қарттарын төріне  отырғызып, олардың айтқан ақылына, өсиетіне құлақ асып, үлгі тұтқан. Қазақ отбасында әжелердің орны ерекше әрі қадірлі болған. Әлі де солай.  Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы болып, ағайын-туыстың ауызбірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі атанған. Өз балаларын бағып-қағып азамат етіп тәрбиелеген соң, немере-шөберенің тәрбиесімен айналысып, оларды қызғыштай қорып, бар мейірімін төгеді. Ел тарихында  бір рулы  елге  ана болып, ел бірлігін сақтап келген Домалақ ана, Абайдың әжесі Зере секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда сомдалған.
Әже – отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы, ағайын-туыстың бірлігін, абысынның татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жас келіндердің тәрбиешісі әрі ақылшысы. Сондықтан да қазақ қоғамында тұңғыш немерені әженің бауырына салады. Бұл тек біздің халыққа ғана тән қасиет. Сөйтіп, бала ата-әженің кенжесі саналады.
«Ел болам десең, бесігіңді тү­зе» дейді Мұхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуы­ның түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңды секілді. Бұл ұлағатты сөз кез келген адам­ды, ең алдымен, өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұ­ратына деген адал­дыққа, Отанға деген шынайы та­залыққа үйре­тері һәм имани нұр­ға жетелері хақ. Осыдан-ақ, әже­лер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден-бір жол десек, еш қателеспеспіз.

 

Бітіруші түлектер үшін сайт редакциясы Martebe.kz ақпараттық білім порталында жарияланған эсселер тізімін назарларыңызға ұсынады. Тақырыптарды басу арқылы, эссе жазылған бетке өте аласыз.

  1. Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттерді Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын — арзан, күлкі — қымбат»өлеңіндегі жігіттің мінез-құлқы, қасиеттерімен салыстырып талдаңыз.
  2. Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме? Екі заман кезеңіне салыстыра талдау жасаңыз!
  3. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Өз көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
  4. Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандығын дәлелдеңіз.
  5. Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы: «Бәріміз де пендеміз ғой… Бір-бірімізді сөге-жамандамай, жақсы көңілмен еске алатын болайық» — деген түйін сөзге әкелген қандай құндылық?
  6. Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі оқырманына ой тастайтын сөздер өлең идеясына сәйкес пе?
  7. М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы Дариға-жүрек кім?
  8. М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз!
  9. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі автор(Ә.Нұршайықов) сөздері арқылы батыр бейнесін сомдап жазыңыз!
  10. С.Мәуленовтің «Түбірлер», «Құлын» өлеңдеріндегі автор ойын талдап жазыңыз!
  11. Т.Ахтановтың романға «Шырағың сөнбесін» атауын беру себебін оқиға желісіндегі дәйектер арқылы дәлелдеп жазыңыз!
  12. С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы ғашықтар махаббатының діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?
  13. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы ғашықтардың жан түршігерлік өліміне әкелген билер шешіміне көзқарасыңыз
  14. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз!
  15. С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз!
  16. М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романындағы үстем тап өкілдерінің мақсатын қаншалықты сенімді суреттей алды?
  17. Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз!
  18. Біржан салдың «Теміртас» өлеңіндегі ақын өмірінің көріністерін талдап жазыңыз!
  19. Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз!
  20. Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдеріндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз!
  21. Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» өлеңіндегі астарлы ойды талдап жазыңыз!
  22. Сал-серілердің (әнші-ақындар) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазыңыз!
  23. Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсы жазылған «Ақ сиса» өлеңіндегі оптимистік ой-толғамдарға дәлелдер келтіре жазыңыз!
  24. Сал-серілердің тағдырына әсер еткен әлеуметтік мәселелерді талдап жазыңыз!
  25. Әнші-ақындардың өлеңдеріндегі серілік табиғатын талдап жазыңыз!
  26. Ш. Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қызына кереғар мінездерін талдап жазыңыз!
  27. Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай арқылы түзеткісі келеді?
  28. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз
  29. Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзіндегі» естілік пен білімділікке қандай адам жетіп, қалай жүзеге асыра алатынын өмірлік деректер арқылы дәлелдеп жазыңыз!
  30. Ыбырай Алтынсариннің «Дала қоңырауы» екендігін дәлелдеп жазыңыз
  31. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі бұлбұл мен қаршыға диалогі арқылы жеткізгісі келген автор ойын талдап жазыңыз!
  32. Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипатын әнші-ақындар шығармашылығындағы қыз бейнесімен салыстыру
  33. Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі заманның зарлығы мен тарлығының белгілерін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз!
  34. Қашаған Күржіманұлының «Оразалы», «Байларға» өлеңіндегі әлеуметтік мәселелерді талдаңыз!
  35. «Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы» Сүйінбай қолданған бейнелі сөздер мен әдемі әсірелеулердің көркемдік қуаты жайлы көзқарасыңызды дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз!
  36. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз!
  37. Махамбет өлеңдеріндегі («Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс»,«Еңселігім екі елі») ақын көңіл күйін танытатын жолдарды талдап жазыңыз!
  38. Сәбит Мұқановтың зар заман ақындары туралы зерттеуі
  39. Зар заман ақындарының (Дулат, Шортанбай, Мұрат) шығармаларындағы идеялық ерекшеліктер
  40. Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» толғауы
  41. Мұрат Мөңкеұлның «Қыз» өлеңі
  42. Қашаған Күржіманұлы: Оразалы байға
  43. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы
  44. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастаны
  45. Үкілі Ыбырайдың “Қалдырған” әні
  46. Махамбет Өтемісұлы өлеңдері
  47. С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаштың «Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді» сөзіне өз көзқарасыңызды танытып, талдап жазыңыз.
  48. Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасында ұлттық құндылықтардың қаншалықты көрініс тапқанын дәлелдеп жазыңыз.
  49. Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме?
  50. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасында Аристотель сөзі арқылы берілген негізгі ой
  51. Абай Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзіне талдау
  52. «…дәулетті өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын» деген Ы. Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» әңгімесіндегі Атымтай сөзі қорқуға тұрарлық па?
  53. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі бұлбұл мен қаршыға диалогі арқылы жеткізгісі келген автор ойын талдап жазыңыз.
  54. Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипаты мен сал-серілер өлеңдеріндегі қыз бейнесін салыстыра талдап жазыңыз.
  55. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
  56. Махамбет өлеңдеріндегі («Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс»,«Еңселігім екі елі») ақын көңіл күйін танытатын жолдарды талдап жазыңыз.
  57. Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетінін салыстырып жазыңыз.
  58. Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттерді Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын — арзан, күлкі — қымбат»өлеңіндегі жігіттің мінез-құлқы, қасиеттерімен салыстырып талдаңыз.
  59. Ілияс Есенберлин шығармашылығы
  60. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Өз көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
  61. Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандығын дәлелдеңіз.
  62. Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңі
  63. С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесіндегі табиғат күшіне адамдар қарсы тұра алды…
  64. М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты көзқарастарға өз пікіріңізді білдіріп, талдап жазыңыз.
  65. Мұқағали Мақатаев. «Дариға-жүрек» поэмасы
  66. М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы Дариға-жүрек кім?
  67. М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз.
  68. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай, Құлагерім!..» жоқтауындағы ақын өміріндегі Құлагердің орнын білдіретін өлең жолдарын талдап жазыңыз.
  69. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек бейнесін ашудағы автор тәсілін талдап жазыңыз.
  70. М.Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» дастанындағы бәйгеге қобыз қосу көрінісін баяндап жазыңыз.
  71. М.Жұмабаевтың «Толқын» өлеңін адам өмірімен байланыста қарауға бола ма? Көзқарасыңызды дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.
  72. Сал-серілердің (әнші-ақындар) көтерген мәселесін, қозғаған тақырыбын талдап жазыңыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ